МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ: АДАЛДЫҚ ҚАҒИДАСЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 29.05.2019
Оқылды: 1823
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында «Қазіргі заман көрінісінде парасаттылық пен адалдық қағидаттарын қалыптастыру» атты диалогтық қездесу өтті. Шараны ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Қазбек Шакишев жүргізді.

Алғашқы сөз кезегі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевқа берілді. Мемлекеттік қызметтің  бүгінгі таңдағы салмағы, талабы, міндеті, қоғамды алға жылжытудағы маңыздылығы туралы сөйлеген Серікбай Өрікбайұлы кейбір түсініспеушіліктер туралы да ойын ашық білдірді.

Айта кетерлігі, осыған дейінгі шараларда көбіне аға буынның пікірін көп тыңдаушы едік, бұл жолы жастардың ойына жол берілді. Аталмыш шара сонысымен де көптің көңілінен шықты деуге болады. Айталық, шара аясында жеке кәсіпкер, «Griol» школад үйінің, «Монмартре» антикварлық кофеханасының негізін қалаушы Ольга Дробина, кәсіпкер, «Такси Талдықорған 400-400», «La Flamma» мейрамханасының негізін қалаушы Шыңғыс Кенжеғұлов, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру орталығының директоры Дамир Дигай, «Лун-янь Жетісу» ЖШС инженер-жобалаушысы Мақсат Садиев тақырып төңірегінде ой бөлісіп, ұтымды пікірін ортаға салды.

Шараның өтуіне облысымызда жастарды өмірге бейімдеп, олардың жылт еткен дарынын ашып, жетілдіру үшін бірнеше жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан «Мүшелтой» жасөспірімдер клубы да атсалысты. Клуб жетекшісі, облыс бойынша арнайы мониторинг тобының төрайымы Дәния Қыдырбаева биылғы жылы аталған клубтың ҚР Президенті қорының қолдауымен жастарға бағытталған жаңа бастамаларды қолға алып, жақсы жетістіктерге жетіп жатқанын айтып берді.

Әр тараптың пікірін мұқият тыңдаған Серікбай Өрікбайұлы айтылған ұсыныстарды назарда ұстайтынын жеткізді. Сондай-ақ, аталмыш шара өңірімізде бірінші рет «Quest» оқыту әдісі бойынша өткізілгендіктен шараның соңында қатысушылармен «Парасаттылық», «Идеяларды жасау», «Басқарудағы заманауи трендтер» тақырыбында тренингтер өткізілді. Соңында барлық қатысушыға сертификат табысталды.

Қажет АНДАС

Сурет ғаламтордан алынды