ЕСЕК ҰРЛАҒАН АДАМ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 24.07.2019
Оқылды: 1521
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Аталған дерек Алматы облысы Ұйғыр ауданында тіркелді. Маусым айының ортасында бір түнде Үлкен Диқан ауылынан белгісіз біреу жайылымда жүрген 10 есекті үптеп кеткен. Тұрғындардың дер кезінде полицияға жүгініп, қылмысқа қатысы бар тұлғаны анықталды.      

Жедел іздестіру шаралары негізінде Ұйғыр ауданының полицейлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен Шонжы ауылының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу барысында ұрланған есектердің арзан бағада Талғар ауданында сатылғаны белгілі болды. Ұрланған малды сатып алушы да анықталды және қолды болған жануарлар өз иесіне қайтарылды.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше қылмыстық іс Ұйғыр ауданы полициясының  өндірісінде. Қазіргі уақытта ұсталған күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталып жатыр.

Тәртіп сақшылары ұрланған мүлікті сатып алумен айналысты деген күдікке ілінген Талғар ауданының тұрғынын да жауапкершілікке тарту мәселесін көтеретінін жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"