ЖАСАҚ САРБАЗДАРЫ ЖАН-ЖАҚТЫ

Уақыты: 18.08.2019
Оқылды: 1782
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жамбыл ауданындағы «Жамбыл», «Қарғалы», «Қастек» шегара заставалары бұдан бес-алты жыл бұрын салынды. Оған дейін шегарашылар таулы аймақтағы ел шебін әскери палаткаларда тұрып күзеткен еді. 

Жамбыл ауылының өр жағында орналасқан «Жамбыл» заставасында әскерилерге барлық жағдай жасалған. Қалашықта офицерлер үйі, казарма, монша, спортзал сияқты қажетті нысандар заманауи үлгіде салынған. Ондағы әр офицер мен жауынгердің міндеті нақтыланған. Әр сарбаз өзіне бөлінген уақытта атқа қонып,  Ұлы Дала елінің тыныштығын кірпік қақпастан күзетуде. «Жамбыл» заставасы бастығының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Сәкен Сартаев мұны әрбір жамбылдық шегарашы әскери міндетпен қатар перзенттік парызы деп сезінетінін айтады. 
Заставада әдеби-мәдени, спорттық шаралар жиі өткізіліп тұрады. Онда кітапхана жұмыс істейді. Сарбаздар кезекшіліктен бос уақытында кітапқа ден қояды. Кітапханада 400-ге жуық әдеби кітап бар. 
Қырғызстанмен арадағы шегараның тыныштығын сақтауға біркісідей жұмылғандардың кезекшілігі жыл он екі ай үзілмейді. Оларды етігімен су кешіп, қар төсеніп, мұз жастанған ерлердің нақ өзі дерсіз. Майтөбе тауының жал-құзымен өтетін шегара сызығын бойлай аттылы бақылау жасау қыстың бет қаритын аязы мен жаздың ми қайнатар аптабында бір сәтке толастамайды. Бірнеше күн кезекпен, ауысыммен шегара шебін күзететін мұндағылар әскери борышын мінсіз атқаруды зор мәртебе санайды. 
Солардың қатарындағы Сәкен Сартаев 1991 жылы Шымкент қаласында туған. Әскер қатарында қызмет ету бала күнгі арманы екен. Себебі, нағашы атасы әскери болған. Мектеп бітірген соң 2009 жылы Алматы қаласындағы Шегара қызметі академиясына оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтап, лейтенант шенін алған ол Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы «Шапағат» заставасына қызметке жіберіледі. Онда бөлімше бастығының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары болады. Содан кейін 2013-2014 жылдары «Шонжы», 2014-2016 жылдары «Қарғалы» заставасында, 2016 жылы Алматы қаласындағы «Қарасай» шегара жасағында қызмет етті. Былтырғы жылдың қазан айынан Майтөбенің етегіндегі «Жамбыл» шегара заставасында қызметте.  
Офицердің жары болудың қызығы мен қиындығы туралы Сәкеннің зайыбы Ақтолқын Қалмен әңгімелейді. 
– Әскеридің жары атану қиын болғанымен бір жағынан үлкен мақтаныш. Өйткені олар тек өзінің ғана қамын емес, бүкіл елдің тыныштығын ойлайды. Мен Сәкенге тұрмысқа шықпас бұрын оның әскери адам екенін білдім. Білсем де тұрмысқа шықтым. Себебі, ол өз елінің нағыз патриоты. Біз 2014 жылы бас қостық. Отау құрғаннан кейін Шонжыдағы шегара жасағына қызметке ауысты. Ондағы застава ең жақын деген ауылдан 30 шақырымдай жерде болатын. Таудың ішінде орналасқан заставаға бару қиынның қиыны еді. Оған тек жол талғамайтын әскери көліктер ғана шығатын. Айына бір-ақ рет азық-түлік алуға ауылға түсетінбіз. Ұялы телефон байланысы мүлдем жоқ еді.
Одан кейін де біраз жерде болдық. Солардың ішіндегі өзіме ұнағаны – осы аудандағы «Қарғалы» мен «Жамбыл» шегара жасақтары. Неге десеңіз, бұлар ауылға жақын. Мұнда балалар ойнайтын арнайы алаңқайлар орнатылған. Ұялы байланыс жақсы ұстайды, үйдегілермен күнде сөйлесуге мүмкіндік бар. Ауыл адамдары да кішіпейіл. Кішкентайларымызды осы ауылдың балабақшасына береміз. Біз де жұбайымыз сияқты жылына бір рет кезекті еңбек демалысын алғанда ғана туысқандарымызға қонаққа барамыз. Офицердің әйелі болу қызық қой, ылғи көшіп жүреміз. Қай күні қай жерге жіберетінін күнібұрын білмейміз. Ел көріп, жер көріп, қазақтың кең даласымен терең танысамыз. Сонысымен де қызық. Балалар да соған үйреніп алған. Шүкір, балаларымыз өсіп келеді. Кәусар қызымыз 4 жасқа келді, ұлымыз Байкен енді қырқынан шығады, – дейді ол ағынан жарылып.
Ел тыныштығын күзеткен осындай өнегелі отбасының ауызбірлігіне риза болдық. «Жамбыл» шегара заставасында қызметте жүрген әр сарбаздың  туған жерге деген сүйіспеншілігіне куә болып қайттық. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы