ҚАРАҚШЫЛАР ҚАЙТА ШЫҚҚАН БА? ЖОЛ БОЙЫНДА ЖҮК КӨЛІГІ ТОНАЛДЫ

Уақыты: 29.10.2019
Оқылды: 831
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында күре жолдардағы жүргізушілер мен жолаушыларды зар қақсатып, қарулы қарақшылықпен айналысқан жолбасарлар жорығы қайта басталғандай.

Алматы облыстық полиция департаментіндегілердің хабарлауынша, қазанның 24-нші жұлдызы күні Кербұлақ аудандық полиция бөліміне келген жүк көлігінің жүргізушісі жол үстінде тонауға түскені жайлы шағымданады. Оның айтуынша, Алматы – Өскемен автотрассасының 126-шы шақырымында белгісіз үш адам машинасын тоқтатып, қолдарындағы темір сойылдарымен қорқытып, әмиянын, жол қоржыны мен телефонын және 100 мың теңгеден астам ақшасын тартып алыпты.

Қарақшылық дерек бойынша дереу қылмыстық іс қозғаған Кербұлақ ауданының тәртіп сақшылары жедел-іздестіру барысында жолбасарлардың ізін суытпай жолын кесіп, қолға түсірді. Қылмыстық үштік қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың бірі Қарасай ауданының, қалған екеуі Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Сонымен бірге, екеуі бұрындары да қарақшылықтары үшін сотталғаны анықталыпты. Сезіктілердің бірі жәбірленуішінің жақсы танысы болған және оның жолға шыққанын серіктеріне жеткізіп, өзінің көлігімен оқиға орын алған жерге жеткізген.

Болат АБАҒАН

Сурет ғаламтордан алынды