"БОСАТЫЛАДЫ": ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҢ БЕС ЖІГІТІНЕ ҚАТЫСТЫ ПРОКУРАТУРА ӨКІЛІ СҮЙІНШІ ХАБАР ТАРАТТЫ

Уақыты: 24.12.2019
Оқылды: 5221
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қытайлықтарды соққыға жыққан бес жігітке қатысты сот отырысы бүгін тағы да кейінге қалдырылды. Қытайлық жәбірленушілер сот залынан тағы да көрінбеді. Бұл туралы Ақсу ауданындағы сот отырысына арнайы барған "Жетісу" газетінің тілшісі Мәулен Әнербай хабарлады.

Жәбірленушілердің тарапынан тек автобус иесі мен полиция қызметкері келді. Адвокаттардың бірі Жанар Балғабаева Алматы облысында "шетелдіктермен төбелесті" делінген Қызылағаштың бес тұрғыны прокурормен процессуалдық келісім жасасқаны туралы айтты. Сот отырысынан соң шамамен 500-ге жуық адам: "Бостандық!" - деп ұрандап, бес жігітті алып бара жатқан көліктің жолын бөгеді. Олардың талабы - сот процесін созбай, бес жігітті бостандыққа шығару. Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай мен Ақсу аудандық прокурорының орынбасары Әділет Асқарұлы полицейлердің көлігінің үстіне шығып, халықты сабырға шақырды.

- Бауырларым, сәл сабыр етіңіздер! Ақыл керек. Біз халықпыз, осынша адам жиналып тұрғанына біз ризамыз. Ел бар, қазақ деген халық бар елдің намысын қорғайтын. Бес батыр болса, бес батырдың артында бес мың, бес жүз мың, бес миллион халық бар. Биліктің көзін жеткіздік біз. Қазір сәл сабыр етіңіздер. Заң бар, тәртіп бар. Тәртіпке бағынуымыз керек. Мен сіздердің аттарыңыздан талап қойдым. Сот процессін созбасын. Судья ертеңге қалдырып отыр, соған келіспей отырмыз. Солай ғой? Сондықтан, біздің талабымыз, сот процессін қайта бастасын. Қазір біз қайтадан өтініш жасаймыз. Жігіттерді еркіндікке кепіл арқылы, не болмаса қолхат арқылы, не болмаса үйқамақ арқылы бостандыққа шығаруын талап етеміз. Жәбірленушілерді келтірсін. Сот процесін қысқартсын, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Одан кейін аудандық прокурордың орынбасары Әділет Асқарұлы:

- Жерлестер, барлықтарыңыз білесіздер. Жаңа естідіңіздер, сот процесін ертеңге қалдыруға келісілді. Уақыт керек. Ертең үштегі сот процесіннен соң жігіттер сот залынан босатылады. Сондықтан, Рысбек аға айтқандай, заңға бағынайық, қоғамдық тәртіпті бұзбайық. Шыдамдылық танытайық, келістік пе? Бізді де түсініңіздер. Ертең сағат үште процестік келісім бекітілгеннен кейін жігіттер сот залынан босатылады, - деді.

Осыдан кейін халық жолды босатты. Жиналғандар Мемлекеттік Гимн шырқап, тағы да "бостандық" деп ұрандатты. Сот отырысына еліміздің жан-жағыннан адамдар келді. Тіпті, жиналғандардың ішінде Өзбекстаннан ат арылтып келгендер де бар.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - автор

Ақсу ауданы

Алматы облысы