"КІШКЕНТАЙ-АҚ ЕЛМІЗ": ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҢ БЕС ЖІГІТІ АЛАШ ЖҰРТЫНА РАХМЕТ АЙТТЫ

Уақыты: 25.12.2019
Оқылды: 2210
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қытай азаматтарын соққыға жыққаны үшін бұзақылық бабы бойынша айып тағылған Қызылағаш ауылының бес жігітіне үшінші сот отырысында ғана үкім оқылды. Бүгін, яғни, 25 желтоқсан күні, сағат 15-00-ге белгіленген сот отырысының уақыты беймәлім себептермен артқа ауыстырылып, түске таяу бес жігіт шартты жазамен босатылды.

Жан-жақтан жиналған қолдаушылар төрт сағат бұрын шыққан үкімнен хабарсыз қалып, Ақсу аудандық соты ғимаратының алдында ұзаққа дейін тарқамай тұрып алды. Тіпті, кейбір азаматтар ешкімге ескертілмей, жабық жағдайда өтіп кеткен сот отырысына қатысты әлеуметтік желі арқылы реніштерін білдіріп жатты.

Ең бастысы, Ақсу аудандық прокуратура өкілі Әділет Асқарұлының ел алдындағы сүйінші хабары рас болып шықты: бес жігіт те бүгін отбасыларымен қауышты. Ел аузында Қызылағаштың бес батыры деген атпен қалған Берік Рысалдиновке, Сарқыт Салхановқа, Нұрбол Мұхаметалинге, Бейбіт Мұхаметалинге және Еркін Салхановқа 2 жыл, 6 айдан (алғашқы екеуіне), 2 жылдан (соңғы үшеуіне) бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды. Сондай-ақ, бес азаматқа да қоғамдық жұмыс істеу, сот шығындарын өтеу, айыппұл төлеу міндеттелді.

Бостандыққа шыққан жігіттерді халық қуана қарсы алды. Алыс-жақыннан келген ағайынға істі болған азаматтардың бірі: "Қазақ еліне рахмет! Мұсылмандар жасасын! Кішкентай-ақ елміз. Басымыз аман, деніміз сау болсын. Бізді қолдаған кісілердің үйінде тек жақсылық, той болсын. Әрқашан бірлікте болайық. Сіздердің арқаларыңызда бала-шағамыздың ортасына оралдық. Қазақ еліне басымды иемін! Шық деді, шықтық. Босап шыққанымызға қуанып тұрмыз", - деп ақтарыла сөз сөйледі. Соңынан алқалаған әлеумет бес жігітпен бірге Қызылағаштағы су тасқыны құрбандарына орнатылған ескерткіш басында Мемлекеттік Ту көтеріп, естелікке суретке түсті.

Ескерте кетейік, аталған қылмыстық іс бойынша прокурор мен сотталушылар араларында жасалған кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім бекітілген еді. Әрі кеше 24 желтоқсан қылмыстық істі қарау барысында, прокурордың тарапынан айыптаушылармен процестік келісімге келуі үшін соттан уақыт сұрап, сот прокурордың арызын қанағаттандырып, отырыс кейінге, яғни, 25 желтоқсанға қалдырылған болатын.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Ақсу ауданы

Алматы облысы