АКЦИЯ: БАЛАЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАЙТЫН АВТОБУС ТАЛАПҚА САЙ МА?

Уақыты: 21.01.2020
Оқылды: 1066
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ел бойынша «Қауіпсіз мектеп автобусы» республикалық акциясы басталды. Акцияның  мақсаты – балаларды білім беру ұйымдарына тасымалдауды ұйымдастыру барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп автобустарымен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Акция 15 ақпанға дейін жүзеге асырылады. Қатысушылар қатарын мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, мүдделі мемлекеттік органдар, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар, ата-аналар қауымдастығы, мекемелер, еңбек ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және  жергілікті полиция қызметтерінің өкілдері  құрайды.

Акцияның ұраны  –  «Қауіпсіз мектеп автобусы үшін». Акция аясында жергілікті атқарушы органдар  автокөліктің техникалық талаптарға сәйкестігін, балаларды білім беру мекемелеріне тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автокөліктердің техникалық байқаудан өтуін, жүргізушілердің құрамын (тиісті санаттарының болуына, жүргізушінің өтілі, жолда тәртіп сақтау әдеттері) тексеру, қозғалыс схемасының болуы назарға алынады. Сондай-ақ, мектепке бұрылатын жолдардың қауіпсіздігіне (аумақты жарықтандыру, «Балалар» белгісінің болуы, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер, «жатқан полицей» жасанды жол кедергісі) мән беріледі. Балаларды тасымалдайтын көлік құралдарында (автобустарда) арнайы жарық (жарық түсіргіш шамшырақшалар) және дыбыс сигналдарының болуы, мектепке кіретін жолдар, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдердің маңында бейнебақылау камераларының болуы қадағаланады.

Акция барысында қозғалыс қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын болдырмау туралы және жол қозғалысының қауіпсіздігі тақырыбында мектеп автобустарының жүргізушілеріне түсіндірме жүргізу, балаларды көлік құралдарына отырғызу және түсіру кезінде мектеп автобустары жүргізушілерінің міндетті түрде апаттық дабыл қағуы назарда ұсталады.

Баршаңызды осы акцияға белсене қатысуға шақырамыз.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактілері болған жағдайда, оның ішінде, мектептерге және үйге қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «Сенім» телефонына 8(7172)742528 хабарласуларыңызды сұраймыз.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ