ТАЛДЫҚОРҒАН: ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРДІ БАСЫНАН АТҚАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 05.02.2020
Оқылды: 1075
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда 36 жастағы әскери қызметкерді басынан атқан күдікті қолға түсті. Ең қиыны, ұсталған күдіктінің өзі де әскери қызметкер болып шықты.

Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы Асқар Нұрсапаның айтуынша, күдікті қайтыс болған азаматпен бір әскери бөлімде қызмет еткен. Сондай-ақ, Қаратал өзеніне лақтырып жіберген 16-шы калибрлі аңшы шолақ мылтығы табылып, іске айғақ зат ретінде тіркелді.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, екі ай бұрын Талдықорғандағы Қаратал шағынауданында әскери қызметкердің денесі табылған еді. Оқиға орына келген жедел тергеу тобы азаматтың басына атылған оқтан қаза болғанын растады.

Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша, яғни, «кісі өлтіру» дерегімен қылмыстық іс қозғады. Бұл іс облыстық полиция департаменті басшысының қадағалауында.

"ҚАЗАҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды