ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ: АУЫЛДАСТАРЫН ТОНАҒАН ЕР АДАМ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 20.02.2020
Оқылды: 1258
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Полиция қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылында бірнеше мәрте ұрлық жасады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Бұл жайында Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қысқа мерзім ішінде Қорам ауылы тұрғындарынан жеке мүліктерінің қолды болғаны туралы бірнеше арыз түскен. Ауладан және тұрғын үйлерден жанармаймен істейтін аралар, велосипедтер және қымбат құрылыс құралдары ұрланған.

Аталған қылмысты ашу мақсатында құрылған жедел-тергеу тобы тәулік ішінде жеке үй иелігінде орын алған төрт ұрлық дерегін ізін суытпай ашты. Үш ағаш кесетін ара, екі велосипед және шетелдік құрылыс құралдары табылып, заңды иелеріне қайтарылды.

Ұрланған заттардың барлығы бұған дейін де осындай теріс әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған 23 жастағы жергілікті тұрғынның мекенжайынан табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті қамаққа алынды. Оның бұдан өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы