ТАЛДЫҚОРҒАНДА 8000-ҒА ЖУЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 30.05.2020
Оқылды: 730
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда патрульдік полицейлер жол жүру тәртібін сақтамаған жүргізушілерге жыл басынан бері 7937 әкімшілік хаттама толтырған. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

- Жазаның қатаңдатылғанына қарамастан, көлікті масаң күйде басқарған жүргізушілер саны азаяр емес. Жыл басынан бері темір тұлпарын ішімдік ішіп басқарудың 46 дерегі әшкереленіп, тиісті шаралар қабылданды. Көлік әйнегіне қараңғылағыш пленка жапсырғаны үшін 350 хаттама толтырылды. Тиісті құжаттары болмаса да, көлік басқарған 320 жүргізуші ұсталды. Қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 429 тұлға айыппұл арқалады, - деп атап өтті Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Қазіргі таңда қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы шаралар өткізілуде. Жол ережесін бұзғандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң әкімшілік жазалар қолданылуда.

- Жаяу жүргіншілер де көлік жүргізушілері сияқты жол қозғалысының қатысушылары, яғни, олардың да жол жүру ережелерін қатаң сақтауы талап етіледі. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – жаяу жүргіншілер арасында ең көп кездесетін құқықбұзушылық. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Жыл басынан осындай 516 жаяу жүргіншіге жол жүру ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - деп толықтырды полковник Асқар Нұрсапа.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"