ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА КҮНДІЗГІ УАҚЫТТА ҮЙ ТОНАЙТЫН ҚЫЛМЫСКЕР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 06.08.2020
Оқылды: 1143
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тәртіп сақшылары үй мүлкін ұрлап машықтанған кәнігі қылмыскерді құрықтады. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмысқа жеке-дара баратын ұрыдан полиция қызметкерлері ондаған айғақзатты тәркіледі.

Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері терезелер мен торларды бұзу арқылы он шақты пәтер ұрлығына қатысы бар ер адамды ұстады.

- Күдіктіні мүліктік қылмыстардың жолын кесуге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізгеннен кейін әшкереледік. Күдікті күндізгі уақытта үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, үйлерді тонаған. Ұры бірнеше минут ішінде үйдің ішін шолып шығып, негізінен техника, ақша, алтын бұйымдарды және басқа алып жүруге ыңғайлы құнды дүниелерді қолды қылған. Оңай олжаға құныққан ол өзге үйлердегі қолға ілінген заттардың барлығын алып кете берген. Алдын ала тергеу басталған алғашқы күннің өзінде-ақ күдікті азаматтың біздің аудандағы бес пәтер ұрлығына қатысы бары дәлелденді. Қолды болған заттарға қарағанда кәнігі ұры өзге жерлерде де жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруы мүмкін. Оның өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, - деп түйіндеді Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Сейілханов.

Сериялық ұры ұзақ уақыт пәтер ұрлығын кәсіп қылған Е.есімді 43 жастағы азамат болып шықты. «Күдікті кезекті рет бөтеннің мүлкін ұрлауға шыққанда қолға түсті. Ол Түрген ауылында орналасқан әкімшілік ғимараттардың біріне заңсыз кіріп, ноутбук ұрлап шыққан», - деп толықтырды полковник Талғат Сейілханов.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"