АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ ӘР ЖҰМАДА ТІКЕЛЕЙ ЭФИРГЕ ШЫҒАДЫ

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 1061
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының бас полицейі Серік Күдебаев азаматтардың өтініш-тілектері мен мәселелеріне онлайн режимде ден қойып, дер кезінде көмек көрсетуде. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында халықпен ынтымақтастық және сенім көпірін орнату мақсатында апта сайын полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев пен әрбір ауданның аумақтық бөлімшелерінің бастықтары Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшалары арқылы азаматтарды онлайн қабылдау жүргізуде. Тек қыркүйек айының өзінде ведомство бастығына 185 азамат өзінің мәселесі бойынша жүгінген. Барлық өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданып, өзекті мәселелердің шешімі табылды, сондай-ақ, сауатты заң тұрғысынан кеңес берілді.

Эфир кезінде қылмыстық істерден бастап, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына дейінгі түрлі сипаттағы мәселелер келіп түседі. Ауыл тұрғындарының маңызды мәселелері эфирде жарияланғаннан кейін бірден шешіледі дейді азаматтар.

- Эфирде қойылған бірде-бір сұрақ назардан тыс қалмауы қажет. Біз халықтың сенімін иеленуіміз керек, ол үшін біз өз қызметімізді мүлтіксіз атқарып, адамдарды жиі тыңдап, оларға құлақ асуымыз қажет. Біз осындай кездесулерді аудандарда, тікелей аудандық бөлімшелер бастықтарының қатысуымен өткізу туралы шешім қабылдадық. Енді аудан тұрғындары аптасына бір рет аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына толғандырған сұрақтарын тікелей қоя алады, - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.

Аймақ тұрғындары мен қонақтары өздерінің сауалдарын тікелей облыстың бас тәртіп сақшысына Instagram әлеуметтік желісіндегі police_almobl ресми парақшасында жұма күндері өтетін тікелей эфирде жолдай алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"