КӨКСУ АУДАНЫНДА АДАМ ҚАҒЫП, АЛМАТЫҒА ІЗ СУЫТҚАН ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 15.10.2020
Оқылды: 1178
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы-Өскемен автожолының 231-нші шақырымында сағат түнгі 23:40 шамасында Кербұлақ ауданының 41 жастағы тұрғынын белгісіз көлік қағып кеткен. Жол апатынан зардап шегуші оқиға орнында есін жимастан қаза тапты. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

«Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде апат орнынан қашып кеткен Алматының 46 жастағы тұрғыны құрықталды. Ол Алматы қаласынан анықталып, ұсталды. Оның жеке үйінің ауласынан жаяу жүргіншіні қағып кетуге тән іздері бар "Ваз 21102" автокөлігі табылды. Дәлелдемелерден кейін күдікті адам қаққанын мойындады. Ол өзінің оқиға орнынан қашып кетуін қорқыныш салдарынан деп түсіндірді. Ол өзін ешкім таба алмайды деп ойлаған, себебі, жол апаты түнде болып, ол жақын маңнан өзге адамдарды көрмеген», - дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.

Аудандық криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері көліктің қирандылары бойынша жасырынбақ болған  күдіктіні тез тауып, ұстады. Іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, автокөлік сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Сараптамалық қорытындылар алынғаннан кейін бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілетін болады.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі және 347-бабының 1-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы», «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу») негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"