"ЖАЛҒЫЗ ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ": АНАСЫНАН ҚАШҚАН ҚЫЗ АЛМАТЫДАН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1314
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында бір жасөспірім анасының ақшасын ұрлап, үйден қашып кетті. Сонымен қатар, ол жалғыз өмір сүргім келеді хат қалдырған. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Шелек полиция бөлімінің кезекшілігіне 39 жастағы тұрғын 14 жастағы қызының жоғалғаны туралы арызданған. Аталған дерек із-түзсіз жоғалған кәмелетке толмаған адамды іздестіру бойынша тіркелді.

Шелек полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Баубек Ахметов істі өндіріске қабылдап, анасының қызын оқығысы келмейтіні, үйді жинамағаны және үлкен қызы ретінде көмектеспегені үшін ұрғанын анықтады. Анасына ренжіген жасөспірім үйден кетіп бара жатып, анасының сөмкесінен жиһаз сатып алуға дайындаған 308 000 теңгесін алып, жалғыз өмір сүргісі келетіндігі туралы жазба қалдырған.

Үйден қашып кеткен жасөспірім телефонға жауап бермеген. Тергеуші суретімен бірге жасөспірім киімінің сипаттамасын жасап, іздеушілерге жеке тапсырма беріп, жақын маңдағы полиция бөлімшелеріне бағыт-бағдар жіберген. Келесі күні жедел уәкіл, полиция капитаны Данияр Боланов іздестірілушінің "Алтын Орда" базарының жанынан екі аптаға пәтер жалдағанын анықтады. Ол пәтерден жасөспірімді таппаған. Іздестіруді жалғастырған ол Алматы қаласының саябақтарының бірінен жасөспірімді тауып, одан жұмсалмаған 131 000 теңге көлеміндегі ақшаны тәркілеген.

Қызы мен ақшасын қайтарған полицияға ата-ана шын жүректен  алғысын айтты. Полицейлер анасынан кешірім сұраған қызға қатысты бұған дейін оның тәртіп сақшыларының назарына түспегенін ескере отырып, профилактикалық әңгіме жүргізумен шектелді. Анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабы, 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан