ЖАРКЕНТТЕ ЕКІ ЖАЙЫН БАЛЫҒЫН ЗАҢСЫЗ АУЛАҒАН КҮДІКТІ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 02.11.2020
Оқылды: 823
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тәртіп сақшылары «Браконьер» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында табиғи байлыққа қол салған қаскөйлерді құрықтады.

- Арнайы рейд барысында табиғатты қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Мұхит Зейнелов «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлігін тоқтатып, ішінен 5 қапқа салынған балықты, 2 жайынды және резеңке қайық бар екенін анықтаған. 39 жастағы жүргізуші балық тасымалдауға тиісті құжаттарды көрсете алмады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Панфилов ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Айдар Омаров.

Полиция өкілінің ақпаратына сәйкес, заңсыз тауар тасымалдаған көлік тергеу аяқталғанға дейін автотұраққа қойылған. Тәртіп сақшылары тәркілеген 300 килограмға жуық балық арнайы қабылдау орындарына өткізіліп, түскен қаржы мемлекет пайдасына аударылады. Сондай-ақ, аудандық полицейлер күдіктінің мемлекетке әкелген материалдық шығынын есептеуде.

Алматы облысы полиция департаменті таратқан ақпарат бойынша, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында табиғатты қорғау полициясы 260-тан астам табиғат қорғау заңнамасын сақтамау дерегін әшкерелеген. Оның ішінде, 16 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"