ТЕЗЕК ТӨРЕГЕ - 200 ЖЫЛ: АРХИВТЕГІ ҚҰЖАТТАР, ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР

Уақыты: 30.01.2021
Оқылды: 1660
Бөлім: ТҮПСАНА

Менің бұл деректерді келтіріп, өз әлімше талдау жасауыма түрткі болған ғалым Рашид Оразовтың: «Сол жердің тұрғынысыз, ел, жер аттарын жақсы білесіз. Қарап көріңізші», – деген сөзі. Сондықтан, бұл құжаттарды мен аштым немесе тыңнан деректер таптым демеймін. Бұл құжаттар бұрыннан белгілі болса, Жетісу тарихының Тезек төрені айналып өтпейтіні шындық. Сондықтан, көз жүгірткен, танысқан көптеген зерттеушілер (мүмкін Алаш ардақтылары, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов және басқалар) қараған болар, бас жағында «көрдім, қарадым» деп қол қойған біраз зерттеушілердің қолдары тұр. Ал мен болсам, ғалым досымның ұсынысын қуана қабылдап, біршама танысып шығып, өз ойымды білдіріп, құжаттарды талдап отырмын. Шамам келгенше Алтынемел өңірінің тумасы ретінде тарихи деректерге авторлық түсініктер (ремарка) беріп келтірдім. Қателескен жерім болса, кешіріммен қарап, білетіндердің түзетулерін сұраймын.

Жетісудың атақты сұлтаны Тезек төреге 200, ал ұлы Құдиярхан сұлтанға 170 жыл толады. Осы айтулы даталарға байланысты ынталы топ тарапынан үстіміздегі жылы Алматы облысының басшылығына тарихи тұлғаларды кеңінен тануға арналған іс-шаралар өткізу туралы арнайы ұсыныс жолданып, толықтай қолдау тауып отыр. Осыған орай, облыс басшылығынан аталған сұлтандар туралы деректерді молайта беру жөнінде ұсыныстар түсті.

Тезек төренің өмір жолы, саясаттағы, қазақ әдебиетіндегі орны біршама зерттелді дегенімізбен, анықталмаған мәселелер әлі де жеткілікті. Ал, туған ұлы Құдиярхан сұлтанның өмір жолындағы «ақтаңдақтар» тіптен мол. Өйткені, кеңестік «Қызыл саясатқа» тосын кеп, 1930 жылы репрессияға ұшырап, атылған тұлға туралы мүлде айтпағаны түсінікті болар. Бұл турасында 2014 жылы автор ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Алматы облыстық департаментіне сұрау жолдап, Құдиярхан (Қылмыстық істе Худаирхан Аблайханов) туралы біраз архивтік мәліметтердің бетін аша отырып, оған қосымша, марқұм профессор Аман Шотаевтың ел аузынан жинаған деректерімен қоса бір ғана зерттеу мақала жарық көргенін атап өтсек болады. Алайда ел өз ардақтыларын ешқашанда ұмытқан емес.

Өткен жылдың қыркүйек айында Алматыдағы Орталық архивтен тарихшы ғалым Р. Оразовтың көмегі арқасында біраз тың деректермен танысудың сәті түсті. Белгілі бір системамен жұмыс істемегенмен де және тәжірибе, уақыт аздығына қарамастан интуитивті түрде Жетісу өлкесінің өткені туралы: «Списки туземцев», «О разыскании разных лиц», «О выборах туземной админстраций», «Об отправлений депутаций от киргиз», «О награждений», «О борьбе с бандитизмом» деген сияқты және басқа істермен біршама танысып үлгердік. Бұл істердің осындай «атойлаған» атауларын келтіріп отырған себебіміз, отаршылардың ел ардақтыларына қалай қарағанын көрсете кету еді. Дегенмен, аталған тұлғалар туралы біраз мәліметтер кездесті.

Алып территориялы Жетісу облысы (Семиреченская область) 1867 жылдың 11 шілдесінде құрылып, оның құрамында 5 уездбен бірге Қапал уезінің де болғаны белгілі. Осы уезге қарасты Алтынемел болысында Тезек Нұралин (Абылайханов) туып, өмір жолын өткізген (жатқан жері Алтынемел асуының етегі, «Мақпал» алқабында). 1871 жылғы тізімді мұқият оқысақ, мынандай деректермен танысуға болады: Алтынемел болыстығы барлығы 7 ауылдан құралған (қазір нақты қай жерлерде екенін анықтау міндеті тұр); Тізімде әр отағасына тиесілі үй-түтін (юртовладельцы) саны, еркек, әйелдер көрсетілген жан саны, тиесілі мал (түйе, жылқы, қой), еккен егін, жинаған тары өнімі қанар санымен көрсетілген. Оның сыртында әр ауылдағы молда, мылтық, бүркіт, қақпан қолданатын аңшылар, зергер, ұста, ағаш шеберлері, етікші, тігіншілер және ауланған аң мөлшері қосымша келтірілген. Отағасының аты, фамилиясы «ов» жалғауымен орысша берілген. Ұқыпты жазылғанына қарап, Қапал уезі түгел қамтылғанын байқаймыз. Барлық жазу бір хатшы-писарьдің қолынан шыққан, соған қарағанда мәлімет ауылнайлар арқылы жинақталып, көшірілсе керек. Түтін иелерінің рулары көрсетілмеген, тек ерекше белгілер ретінде «төре» тұқымдарының аты алдында «султан», «с» немесе «сул» жазулары бар, бірақ, көптеген жерлерде қойылмаған (Р. Оразовтың түсіндіруінде ондай бола береді, өз аталарын білетіндер болмаса, басқа адамдар байқамайды екен). Мал санының аз көрсетілгені көрініп тұр. Мысалы, негізгі мал жылқы деп есептеп тұрғындардың тұрмысын ойымызша, шартты түрде былай бағаладық: бір түтінге тиесілі жылқы 1-5 болса кедей, 5-10 орташа, 10-нан асқандарды бай (Тезек төреден басқаларын. Ол кісінің мал саны басқаша) ретінде санадық. Бұл жерде, жылқы саны, мініс, көлік аттары ғана ма әлде жалпы саны ма, ол да түсініксіз екенін айта кетелік.

Алтынемел болысының басты адамы – Тезек төре туралы мынандай деректер бар: №4 ауылға қарасты, Тезек Нуралиннің шаруашылығында 1871 жылы 4 үй, 5 ер, 8 әйел (бұдан әрі 4-5-8 деп цифрмен беріледі); 160 түйе, 1000 жылқы, 200 қой, 15 қанар тары астық жиналған.

Бұл жердегі 4 үй, төренің 4 әйелі ме (негізі үш әйелін нақты білеміз: найман Байқоңыр, қоқандық Дәнекер, қырғыз Төретай. Ал, төртіншісі туралы Басши ауылының тұрғыны Тоқан Қожаханның дерегі бойынша есімі Қант болған екен. Бірақ қай жақтың, қай елдің, кімнің қызы екенін белгісіз. Сол өңірдің тұрғындары түгелдей дерлік білетін Сулы Матай – Шілікті қыстауының ортасында Қанттың сайы аталатын сай барын айта кетелік. Бұдан басқа сол өңірдің тұрғындары көрсете алатын «Құдиярхан бастауы», «Дәнекер бұлақ-өзеншесі», Дәнекерге қатысты «Би қатынның жайлауы» деген жерлер бар. Бұған қосымша жергілікті ел Тезек төренің хатшысы Бердіқожа деген кісі болған деседі. Жатқан жері Басши ауылдық округіне қарасты Жағатал қорымында. Күмбезі қазір де сақтаулы деседі. Негізі, белгілі адам болса керек, басына салған үлкен күмбезі болыпты, алайда, ауыз әдебиетінде, Тезек төренің сайыпкері болған Жағалбайлы Төребай, Албан Құлмамбет, Егізбай ақындары болған деген деректер ұшыраспайды.

Төренің үй, адам саны көрсетілгенде, отау құрып шыққан балаларының да үйі көрсетілді ме, ол жағы белгісіз. Тізімді мұқият қарай алмадым ба (әлде «Султан» белгісі қойылмаған ба), былай ойласақ, Батырхан, Болатхан Тезековтер, туған жылдары – 1840, ал Құдиярхан туған жылы 1851 жыл (нақты құжат бар) болғандықтан тізімде бөлек болуы да керек еді. Жан саны 13 адам, ал кейінгі деректерде өзі қайтыс болған соң мұрагерлер 13 деп айтылады. Соған қарағанда 1871-1879 жылдар аралығында тағы бір бала туды ма екен?! Төрт ұлы десек, олар белгілі – Батырхан, Болатхан, Құдиярхан, Сүлейменхан. Төре қайтыс болғаннан соңғы уақыттардағы оқиғаларда Батырханның, кейінірек, Құдиярханның есімдері кездеседі. Қыздары (5), күйеубалалары туралы деректерді алдыңғы еңбектерімізде біраз келтіргенбіз.

Осы ауылда қазіргі ұрпақтары бар Абиш Иралин, Муртаза Абишевтер есімі және біз кейбірін мүлде естімеген (естігендерге жақшада қосымша түсінік беріледі) Коджахмет Иралин (кейінгі деректердегі Аджи-Ахмет болады), Касым, Жанибек Адилев, Амандык Иралин, Мамыт Купанов, Кувандык Иралин, Сатемир Бадженов (Әділ ұрпағы Бегалының ұлы болар), Нургазы Акимбеков (Албан руының сұлтаны Аблай-Құланның ұлы Хакимбектің ұрпағы болар), Косалы (орфография сақталды, бұдан әрі де кей жерде сол қалпы беріледі) тағы басқа төрелер тізімде бар. Біздің атамыз, Шоқан мазарына жерленген Сагандык Мадалинннің (алдында айтылған Амандык, Кувандык Иралиндер туған бауырлары), 1-5-3; 20 жылқысы және жинаған 10 қанар астығы көрсетілген, яғни, кейінгі естігеніміздей алты ұлы болса, онда бұдан кейін де екі ұлы болған. № 4 ауыл бойынша түтін саны – 198; ер – 476; әйел – 419; 1119 – жылқы болып қорытындыланған. 

№1 ауыл бойынша төре ұрпақтарынан (естігендерге жақшада қосымша түсінік беріледі.) Чонь Ат (қазір ұрпақтары бар) – (1-2-1; 4 жылқы); Джаменбек, Жошы (1-5-1; 2 жылқы. Қазір ұрпақтары бар), Бабак Мамырхановтар; Багулбек, Тазабек Шонатовтар, яғни Әділұлы Мамырханның ұрпақтары. Бұлардың барлығы дерлік «орташа» дәулетті;

Исмаил, Сердалы, Сеит, Кенесары, Мурат, Беттек, Кермбек Тюлековтар (бір айта кететін жағдай, әлде байқай алмадым Төлек сұлтанның белді ұлы Сәтемір туралы мәлімет кездеспеді, яғни кейін туған) және Адил Сеитов, яғни, Шапырашты руының сұлтаны Әділұлы Төлектің ұрпақтары. Бұлардың барлығы дерлік «орташа» дәулетті;

Қазіргі күндегі шежірелерге кірмеген (немесе мен естімеген) «төрелерден» Букей Етемиров (2-6-3; 30 жылқылы, яғни, «бай») Джолбас Байбулов (1-3-2; 1 жылқы) тізімде бар. Білетіндер болса толықтырар. № 1 ауыл бойынша түтін саны – 195, ер 483, әйел 418, 286 жылқы болып қорытындыланған. 

№2 ауыл бойынша төре ұрпақтарынан Даут ака (1-1-2; 3 жылқы), Кумек (1-3-3) Тюлековтар, яғни, Шапырашты руының сұлтаны Әділұлы Төлектің ұрпақтары. №2 ауыл бойынша түтін саны – 168, ер 379, әйел 358, 470 жылқы болып қорытындыланған.

№3 ауыл бойынша төре ұрпақтарынан Серғазы, Жангазы, Бикет, Баят, Омар Иралиндер тіркелген, үшеуін «бай» дәулетті деуімізге болады. Белгілі Әділұлы Ералының (жатқан жері «Көшен Тоғанда») бұндай ұлдары болғанын естімегенбіз, қазіргі шежірелерден де кездестірмедік, әлде немерелері ме деген сұрақ туындайды. № 3 ауыл бойынша түтін саны – 168, ер 383, әйел 401, 1114 жылқы болып қорытындыланған.

№5 ауыл бойынша төре ұрпақтарынан, қазіргі кездердегі шежірелерден кездестірмеген Амзе Абдин, Абде Майкин, Жуши, Маммет Кенджин, Джанбубек Бутин, Бексултан Джанбубеков, Абей, Бекей Джолдин, Султыбай Абеевтер тіркелген. Тізімнен көрініп тұрғандай, бұнда 4 (төрт) әулет адамдары аталған, барлығы да «кедей» тұрмыста деуге болады (жылқы саны аз 1-2). № 5 ауыл бойынша түтін саны – 204, ер 524, әйел 446 болып қорытындыланған.

№6 ауыл бойынша төре ұрпақтарынан, Султангазы Таналин (1-4-2; 4 жылқы), (яғни, Әділұлы Тіналының ұрпақтары); Адил Абулханов (кейінгі тарихи құжаттарда бар); Тулубай, Уваш, Абен Акимбековтер (Албан руының сұлтаны Аблай-Құланұлы Хакимбектің ұрпақтары) тіркелген. Бұл кісілердің барлығында 5 түтіні, 9 ер, 8 әйел жандары, 7 жылқысы көрсетілген. № 6 ауыл бойынша түтін саны – 193, ер 433, әйел 415, 609 жылқы болып қорытындыланған.

№7 ауыл бойынша «төре» ұрпақтары тіркелмепті (әлде «Султан» жазуы болмады, әлде мен таныс есімдерді байқамадым). № 7 ауыл бойынша түтін саны – 189, ер 445, әйел 385, 853 жылқы болып қорытындыланған.

Жалпы, Қапал уезі, Алтынемел болыстығы бойынша түтін саны – 1315, ер 3117, әйел 2872, 5958 жылқы және 3890 қанар тары жиналғандығы көрсетіліп қорытындыланған.

Біздің төре ұрпақтарын атап көрсетіп отырған себебіміз, қазіргі уақытта осы маңдағы барлық Абылайханұлы Әділден тарайтын барша ұрпақтары, аталарынан кімнің аты шықса, соның ұрпағымыз дейтін қазақи дәстүрмен, баршасы өздерін Тезек төренің ұрпағы санайды. Байқағанымыздай көпшілігінің атын да естімегенбіз, олардан ұрпақтар бар ма, жоқ па білмейміз де! Сол кездегі болыста 5989 адам болса, 70 жыл өткеннен кейінгі басталған Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін қаншасы тірі қалып, қаншалықты өсті екен десеңізші?! Бар болғаны 60-70 жыл уақыт өтіп, 1916 жылғы дүрбелең, төңкеріс, ашаршылық, Қызыл қырғындарды көзімен көріп, бастан кешірген халқымыздың қиындығын көз алдыға елестетудің өзі қорқынышты!

Тағы бір айта кететін жайт, облыстық басқармадан Қапал уезінің іс-қағаздарына жасалған тексеру-ревизия қорытындысымен таныстым, міне, сол қағаздардың ішінде «...Киргиздардың атақты сұлтан, би, құрметті азаматтары туралы кітап жақсы жүргізіліпті...» деген анықтама-қорытынды тұр (кейбір нашар жүргізілген құжаттар да көрсетілген). Бұл, сондай арнайы кітаптың ұқыпты жүргізілгенін, сондай кітаптың анық болғанын көрсетеді. Өкінішке қарай, архив қызметкерлері және Рашид ондай кітапты таппадық, әзірге кездестірмедік деседі. Кім білсін, болашақта табылып жатса, көптеген деректер шығар еді.

Қазақ қашан тыныш жүруші еді, әсіресе, орыс әкімшілігі жел беріп отырса (олардың қазақты бір-бірімен қырылыстыру туралы сан бағдарламалары болғаны анық), ондай «секретный донесениелердің» де талайын көргенбіз. Сондай өзара қырқыстардың бірі 1876 жылдан басталған. Отарлаушы биліктің Тезекті әлсірету мақсатындағы Измаилді қарсы қоюы, яғни, Тезектің ұлы Батырханды болыс қоймақшы болып, оған қарсы 7 бидің «полковник Тезек Аблайхановтың өздеріне көрсеткен қысымы» туралы шағым-іс. Өкінішке қарай, 1880 жылға дейін (Тезек қайтыс болғанша) созылған осы істің аяғы немен аяқталғанын толық білуге уақытым болмаған еді, Р.Оразов сәл кейінірек, істің мазмұнын айтып берді: «...1876 жылы 20 қаңтарда Алтынемел болысының 7 биі мен 7 старшыны Тезектің барымташылары елді тонап, маза бермей жатқандығын айтып, Жетісу облысы әскери-губернаторына шағымданады. Бұл шағымға орай келген тексерушілер шағымды ұйымдастырған бұрынғы болыс бастығы Измаил екенін аңғарады. «Алтынемелде билікке таласатын 2 партия бар: бірі – Измаилдікі, екіншісі - Тезектікі. Тезек ұлын болыс бастығы болып сайланса дейді, бірақ оның кандидатурасы өтпеді. Тезектің өткені мен бүгіні еш ұқсамайды», – деп мәлімдеді, Ерекше тапсырмалар бойынша шенеунік Первушин. Бұл туралы, яғни, Тезек төренің 1870 жылдардан бастап, Патша Өкіметіне қарсы келген көптеген жерлері болған соң, отарлаушы билік, оған қырын қарағаны жөнінде айтқан болатынбыз (Қапал уезінің көмекшісін ұрды, тонады деген жалған айыппен қамалуы; Қытай жеріне кетіп қалуы сияқты оқиғалар желісі).

Бұдан кейінгі бері қарайғы жылдардың хронологиялық тәртібімен жылжысақ, «түземдік киргиз, тараншы, дунгандардың...» өз бетімен Қытайға кетуі, баруын (өз жерлеріне, туыстарына жібермеген деп түсінген дұрыс болар) шектеу, қатаң ескерту және «Сергиополь-Капаль қыргыздарының» барымталасуы туралы көптеген құжаттар бар.

Тезек төренің тікелей ұрпақтары туралы мына бір мәліметті де келтіре кетелік: «Постоновление Сем-го обл-го прав-ия об отказе отвода земель вдовы султана-полковника Т.Аблайханова жене киргиза Тургеновской волости Б. Садыканова (қате) 1905-06». Негізі, істермен танысқанда мұқабаның сыртына ғана емес (адам аттары, кей деректер басқаша), ішіне үңіліп мұқият қарау керек екен. Осы істі де қарай отырып, мынандай мәліметтерге қанық болдық: Тезек Төренің қызының нақты аты – Гүл Әсел (Гуль Асаль), Дәнекерден туған; Арыз 1905 жылы жазылған, ол уақытта Дәнекер дүниеден өткен; Қыздың күйеуінің аты, Батталғазы Сатылханов, Түрген болыстығының қазағы, алайда, естуімше Әли төренің ұрпағы сияқты еді. Дәнекерге, осы қызы сұрап отырған жер 1885 жылы бекітіліп берілген екен. Гүләселдің вице-губернатордан алған жауабы: (қысқаша) «...Ол жер сіздің шешеңізге меншікке берілмеген, сондықтан сізге де берілмейді. Ал Алтынемел болыстығынан жер алғыларыңыз келсе, осында көшіп келіп, қоғамдастықтан сұраңыздар». Төренің екінші бәйбішесі Дәнекер туралы да дерек жеткілікті.

Тарихшы Р.Оразов Пантусовтың 1898 жылы жазған (Ұлы ғалым қайтыс болғаннан соң 33 жыл кейін жазылғанын ескеріңіз) «Могила Чокана Валиханова» еңбегіне де, «сол маңдағы кісі, жер аттарын жақсы білесіз, мұқият қайта қараңыз» деп ұсыныс айтты. Бұрын білсек те, талай мәлімет бар екен, кей маңызды жерін қазақшалап, көрсете кетелік: «...Мазар Қоянкөз станциясынан 5,5 км (верстьті шақырымға есептедім) жерде, Алтынемел ст. баратын почта жолдың сол жағында. Жолдан көрініп тұр. Айналасының бәрі егін, арықтар, сондықтан атпен барасыз», яғни, қазіргі Амангелді ауылынан Шоқан ауылына баратын ескі жол. Ол жерлерде бұрыннан егін, көбіне тары егілетінін естігенбіз. «...Қазіргі күнде мазар ескірген, жөнделмеген, маңайында бейіттер көп. Мазар күйдірілген кірпіштен қаланған төрт бағанадан және соларға орнатқан күмбезден тұрады. Қазіргі күнде күмбезі құлап жатыр. Құрылыстың ұзыны – 5,3 метр, көлденеңі – 4,3 м., биіктігі – 2,8 м (аршынды метрге есептедім). Шоқан бейіті басындағы төртбұрышты ақ мәрмар тас-плитаға: ...Здесь покоиться прахь... 1865 жылы қайтыс болған, 1881 жылы ескерткіш қойылған... деген жазу бар...», яғни, қазіргі Шоқан музейіндегі белгілі тас (Ұлы ғалым қайтыс болған соң 16 жылдан кейін қойылғанын ұмытпаңыз!) «...Осыған ұқсас тас-плитаны Верный қаласындағы жер сілкінісінен кейін, христиан бейітінің маңынан көргем, яғни екі ескерткіш дайындалған. Ол қалай ол жаққа барды, кімге арналды, оны білмедім. Қазір де сонда жатса, ел шатасуы да мүмкін ғой...» дей отырып, Пантусов екінші таста жазу болды ма, жоқ па оны айтпайды. «...Шоқан бейіті суретке түсірілді және екінші фотоға қалған мазарлар түсірілді...», яғни, бізге жеткен фотосуреттен басқа тағы бір сурет бар екені анықталды. Ол қазір бар ма, жоқ па белгісіз. «...Шоқан мазарынан солға қарай, майор Иралы Адиловтың үлкен, пирамидаға ұқсас мазары (қазіргі күнде үйілген топырақ, төбе күйінде жатыр), одан солға қарай Абиш Иралиннің мазары. Бұлардан басқа Ходжа-Ахмед Иралин, Мамадаир Иралин, Касым Иралиндердің бейіттерінде белгі бар» (бұл кісілерді қазіргілер естімегенбіз. Пантусов белгі бар дегенде жазуы бар тастар болды ма, жоқ па... ол жағын айтпайды). «Шоқан бейіті қоршауының сыртында, бөлек қоршалған Абиш Иралиннің бейітімен бірге, Мухаммад-Ярь Абишев, Аббас Муртазин, Джунис Абдимуминов, Джабинхан Ходжа-Ахмедов сұлтандар және Сыргабай Джармухамедов, Бектемис Кыргызбаев атты төлеңгіттер жерленген...» (бұл кісілерден Жүніс Әбдімомынұлынан басқасын естімегенбіз. Кісі аттарын жазғанда, сол жазбадағы орфографияны сақтадық). Бұдан әрі Пантусов, «...Шоқанның кім екені, қандай еңбектері бар екені былай да белгілі, Өмірбаянын айтып та жатпайын...» дей келе шығу тегінің генеалогиялық схемасын келтіреді: «...Султан Аблай-хань ∞ Сайман (каракалпачка) – Валихань – Чингизь ∞ Зейнебь (дочь бия Чормана) – Джакубь; Чокань или Мухамедь-Ханафия путешеств. в Кашгарь; Махмудь», – дей келе жазбасын аяқтайды. Барлық келтірілген мәліметтерді Пантусов қайдан, кімнен алғанын айтпаған.

Кейінгірек кезеңнің басты назар аударатын істердің бірі – 1915 жылдан Патша Өкіметі бастап (Ресей Әскери архиві РГВИА Ф.400.Оп.1. «О просшествиях в Турк-ом крае и Семир-ой Обл-ти 1916-17 г.г.»), 1928 жылы Совет Өкіметі НКВД-ның арнайы комиссиясын құрып аяқтаған ( «Справка по ист-ий борьбы Сов-ой власти с бандитизмом на терр-ий КазССР; 1920-23 г.г.») 1916 жылғы дүрбелең кезеңін қамтитын оқиғалар деуімізге болады.

1915 жылғы істерде («...о распространений турецко подданного М. Алима, в распространений ислама и пантюркизма...»; «...призывы за Турцию...», «...Сбор средств за Турцию...» «...распространение ложных слухов враждебные Россий в Илийском крае...» т.б.) «...пантюркизм, панисламизм орталықтары Орынбор, Жетісу, Пішпек, Жаркент т.б. қала, ауылдар болды. Мир Якуб Дулатов панисламдық идеялар таратты, пантюркист, Меккеде болған Зейнетдин Тайзедтинов, Петропавлдық молда Мухаметжан Бегишев, Жетісуда Мухаммед Рахимов, Зейнетдин қожа, Абдул Хусеин т.б. көптеген адамдар үгіт жүргізді. Жетісудағы Пішпек, Жаркент, Құлжа қалаларында жасырын жиындар өткізді. Көптеген Түрік, тіпті Неміс агенттері елді Россияға қарсы үгіттеді, оған Қытай эмиссарлары қосылды. Герман-Кайзер агенттері Құлжадан бастап, бар Жетісуда жергілікті немістерді қолдана отырып үгіт жүргізілді. Белгілі қырғыз манабы Шабданның бір ұлы әкесімен келіспей Түркиеге қашып кетіп, 1916 жылдар қарсаңында қайтып оралып, көтеріліске елді үгіттеген, ұйымдастырған екен... Ауған әмірінің бауыры Насрулла көмегін тигізген... Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде көтеріліс басталған.

Түркістанның барлық өңірілерінде хан сайлау орын алды. Мысалы, Торғайда Абдугаппар хан болып, оның сардары Амангелді Иманов тағайындалыпты. Ол 1916 жылы, хандықтан бас тартып, өзін әмір етіп жариялаған, Ауған, Қытай елдерімен қатынас орнатып, қару-жарақ, оқ-дәрілер сатып алған. Бетпаққара жерінде жазалаушы отрядқа 1000 қаралы кісімен кәдімгідей қарсылық көрсеткен.

Пржевальск, Пишпек, Жаркент, Қарқара жерлерінде көтеріліс бұрқ ете қалған, оған Түрік генералы, және екі европалық басшылық жасады деген жеткізу-донесениелер бар.

Жетісуда көтеріліс басшысы ретінде Тезек Төреұлы Құдиярхан сайланған». Кейінірек Құдиярхан ұсталғанда генерал Фольбаумның өзі сұрақ алған және өлтірткізбегендігін алдында айтқанбыз.

Жетісу жеріндегі көтеріліс аяусыз басып жаншылды, сол кездегі ресми деректердің өзі жағаңды ұстатады: «2600 астам шаруашылық жойылған; 9000 отбасы зардап шеккен; Орыс Өкіметінің 2094 орыс адамдары өлтіріліп, 1163 адамы жоқ боп кетті», – деген деректер айтады (қаншалықты шындығы белгісіз). Ал, қанша қазақ-қырғыз, басқа түркістандықтар шығын болғанын келтірмейді.

Кейін, «Торғайдағы Абдугапар Уақытша өкіметке бағынып, А.Иманов Совет өкіметін қолдаған».

Комиссия анықтамасы осылай аяқталып, қорытындысында: «Қазақ ССР-індегі көтеріліс, шетелдіктердің демеуімен, панислам, пантюркист идеяларын қолдағанмен, жалпы алғанда Ұлт-азаттық сипатта болды», – деп нүкте қойыпты. Комиссия мүшелері Багрянцев, Спридонов, Чумактар қол қойған.

Бұл (100 пайыз шындық деуге келмейтін болар) құжаттарды қарай отырып, сан түрлі ойларға кетесің. Патша өкіметі тұсында басталған тұстары, соғыс уақытына дәл келгендіктен, әрине, өздеріне қарсы мемлекеттерді (Кайзерлік Германия, Жапония, Түрік, ішінара Қытай) «өз ішкі» істеріне араласып, «өз» «түземдік-түркістандықтарын» «өздеріне қарсы қоюға үгіттеді, олардың эмиссар-агенттері, жергілікті дін қызметкерлері, қожа-қажылар панисламизм, пантюркизм идеяларын барынша насихаттады, Түркиеге көмек қаржы жинады...» тұрғысында жазылған және оған қарсы барынша қатаң репрессиялық іс-шаралар қолданылған. Бұндай «есеп-донесиенің» көбі орталықтан қосымша қаржы, әскер, қару-жарақ алу үшін және өздерінің террорлық-репрессияларын ақтау мақсатында асыра көрсетілгендігінде сөз жоқ. Билік тарапынан, жетісулық казак, мұжықтарға винтовкалар, басқа қарулар таратылып, жергілікті ұлттарға қарсы айдап салу көптеп орын алғаны және олардың жауыздық, бассыздықтары ешқандай құпия емес.

Азамат АҚЫЛБЕКОВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан