Қайырымдылық жүректерді жұмсартады

Уақыты: 08.06.2017
Оқылды: 1777
Бөлім: ТҮПСАНА

Журналистер үйінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жүректерді жұмсартады» деген тақырыпта брифинг өтті. Онда ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев жуырда өткізген «Ғасырлар керуені» қайырымдылық кешінің жай-жапсары туралы әңгімелеп өтті.

Сөзінің басында спикер қайырымдылыққа қалай қадам аттағандығы, оған қандай жайт түрткі болғандығы туралы айтып өтті.
– Қолынан келетін іс арқылы кез келген адам қайырымдылық жасай алады. Қайырымды болу үшін бай болу міндет емес. Ол үшін жүрегіңіздің кішкентай бір бөлшегін осыған бөлсеңіз жетіп жатыр. Қазір айналаға қарасаңыз, мұқтаж жандар көп. Кейде «көмекке зәру адамдар неге көбейіп кетті» деген сұрақ туындайды. Қазіргі экологиялық жағдай, ішіп-жейтін тамақтарымыздың сапасыздығы немесе кейбір әлсіз ер-азаматтардың отбасына қарай алмауы сынды көптеген жайттар осыған әкеліп соқтыруда. Мені толғандырған әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған жандардың көптігі. Осы қоғамның бір перзентімін, Тәуелсіз елдің азаматымын, елімнің болашағы менің болашағым ғой деген сауал санама түскен кезде өзіме-өзім «мен не істей аламын» деген сұрақ қойдым. Кәсіпкер емеспін, байлығымның бір арнасын соған бұрып қоятын, не табыскер адам емеспін ара-тұра көмек көрсетіп тұратын. Біз енді қолында қаламы, алдында парағы бар айлығы шайлығына жетіп отырған қарапайым қаламгер болғандықтан мұның шешімін табу шынымен де қиындау болып көрінді. Өзім кезінде театрда еңбек етіп, өнердің айналасында жүрген соң неге кеш өткізіп, сол арқылы қолдау көрсетпеске деген ойға тоқтадым. Әртүрлі әншілердің концертіне де  4-5 мың теңгеге билет аламыз. Соларға сұраныс болып, қолдау тауып жатқанда неге қайырымдылыққа селқос қарауымыз керек. Мүмкін, біреу бастау керек шығар деген оймен осы істі қолға алдым. Әрине, басында күдіктер де болды. Ең алғашқы қайырымдылық кешіндегі алған нысанам – Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылының Нұрбек есімді бес жасар жеткіншегі. Ол екі айлығынан бері ауыр науқас, ми дертіне шалдыққан, оған соңғы жылдары эпилепция қосылған. Бірақ, сонда да үмітін үзбеген әке мен ананың балаға деген махаббаты маған айрықша әсер етті. Әрине, біз азғантай ақшамен ол баланың аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдемдесе алмаймыз. Бірақ, оның ата-анасына осы күндердің қиындығын сәл де болса жеңілдетуге көмек көрсеттік дер едім. 
Қалай болар екен деген күмәнмен бастаған бастамамыз бірден-ақ қолдау тауып, екі-ақ күнде бүкіл билет өтіп кетті. Менің қатты таңғалғаным осы нәрсе болды. Содан ұққаным, қайырымдылық деген нәрсені адамдардың жүрегіне жеткізе білу керек екен. Ақыры қайырымдылық жасағаннан кейін барымды салайын деп, осыдан біраз бұрын «Дәстүрім-дидарым» деген кітабым шыққан болатын, соның қалған 50-60 данасы сатылымға қойдым. Менің бұл бастамамды естіген осы өңірдің перзенті, айтыскер Балғынбек Имашев бар, бір топ ақын ұйымдастырып шығарған «Айтыстағы айшықты шумақтар» деген сүбелі-сүбелі ой-толғамдар топтастырылған жинақты да ұсындық. Осы екі кітапты және жәшікті фоеге қойып, «Жәшікке салып та, кітап сатып алып та қайырымдылық көрсетуге болады» деп жазып қойдық. Басында кіргенде санаулы ғана адам кітап сатып алды. Кешті көрді, баланың тағдырымен танысты. Ботадай боздап тұрған ананы, болашағынан үміті бар баланы көрді, әсерленді, кештің соңында барлық кітап сатылып кетті. Сонда бас-аяғы Нұрбектің ата-анасының қолына 880 мың теңге қаржы ұстаттық. 
Жалпы кеш туралы айтар болсақ, онда халқымыздың басынан кешкен қиын жылдар баян етіледі. Және осы кешке бас-аяғы елуден аса адам тегін көмек көрсетті, – деді.
Журналистердің «Алдағы уақытта да қайырымдылық іспен айналысу ойыңызда бар ма?» деген сауалына:
– Қайырымдылық жұмысын жүргізу бұл кештен басталған жоқ. 2014 жылы «Жетісу шапағаты» деген қоғамдық-қайырымдылық қор ашқанбыз. Ол қорға өзім басшылық етемін. Бұған дейін қор жұмысын көпке көрсетпей, жасап жатқанымызды жария қылмай әртүрлі деңгейде азық-түлік себеттерін беру, Құрбан айт кезінде ет тарату, «Мектепке жол» акциясында балаларды киіндіру, қыста көмір апарып беру сынды шаруалармен айналысып келгенбіз. Ендігі жерде көп болып көмек етіп, жұмыс ауқымын кеңейту мақсатында ашық алаңға шығу жоспарын құрып, соған сай қайырымдылық шараларын бастап та кеттік. Күні кешегі 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай 41 мүгедек баланың отбасына азық-түлік себетін тараттық. 
Ал шығармашылық кешке келсем, елудің үстінде қатысатын адаммен бүкіл ауданды аралап шығу мүмкін емес. Бірақ осымен тоқтап қалғым да келмейді. Болашақта осының шағын форматын ұйымдастыру ойым  да бар, – деп жауап қатты.
– Ал, «осы кештің қарсаңында оған дейін мұрнына қойылған түтікшемен тамақ ішіп келген Нұрбектің өз аузымен тамақтана бастағаны тылсым нәрсе ме, сәйкестік пе?» – деген сұраққа:
– Бұл көптің тілеуі. Ел-жұрттың назарын Нұрбекке аудардық, олар тезірек сауығып кетуін тіледі. Елдің шын ниетпен сұраған дұғасын Алла тағаланың қабыл еткені болар. Енді оның дерттен біржола айығып кетуін сұрайық, – деді.
Айтылған әңгімеден ерекше әсер алған журналистер қауымы қайырымдылықтың жүректерді жұмсартатынына  мейлінше ізгілікті іс атқарып, қолдан келген көмекті айналадағы адамдардан аямау керектігіне, оның шапағаты да молынан боларына көз жеткізіп қайтты.

Алма ЕСЕНБАЕВА