ҚАЗАҚСТАНДА АШАРШЫЛЫҚТЫҢ АҚИҚАТЫ АШЫЛДЫ МА? ҒАЛЫМ ЖАУАБЫ

Уақыты: 31.05.2021
Оқылды: 1631
Бөлім: ТҮПСАНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап, босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», - деп жазды. Бұған қоса: «Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс», - деп қадап айтқанды.

Осыған орай Қазақ еліндегі зұлмат тарихын зерттеу қайта жаңғырып, Елордада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Білім және Ғылым министрлігі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекет тарихы институттарының ұйымдастырумен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізілген еді. Төрағалық етуші ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылыми комитетінің төрағасы Мұрат Бахтиярұлы болды.

Дөңгелек үстелдің беташарын алғысөзбен ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашты. Дөңгелек үстел басына жиналған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Қазақстандағы 1920-21 және 1931-33 жылдардағы алапат аштықтың себептері мен зардаптарын, теориялық-методологиялық бағыттарын, жекелеген  аймақтардағы ашаршылық тарихын баяндады. Сөз алғандар мәселені зерттеу бойынша болашақта атқарылуға тиіс шараларды, шешілуге тиіс түйкілдерді ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді. Нәубеттің себептері мен салдарын айқындауда, аштықты қолдан жасалған қасірет ретінде бағалауда ғалымдар пікірлері әртүрлі болғанымен, ортақ түйіндер көрініс тапты.

Осылайша аталған тақырып ұзақ жылдарға созылған үзілістен соң қайта жаңғырды. Отандық тарих ғылымында өткен ғасырдың 80-жылдардың соңы 90-жылдардың орта кезінде ашаршылық, күштеп ұжымдастыру ауқымында, жаңа тарихи таным мен шындық негізінде қайта қаралып, көпшілік зерттеуші, ғалым, журналист-публицистердің өзекті тақырыбына айналып, бірқатар зерттеулердің жарық көргендігі белгілі.

Осы жылдары белгілі ғалым, тарихшы М.Қозыбаев республикада алғашқылардың бірі болып ашаршалақтың шынайы тарихын айқындауда бірқатар еңбектер жариялағаны баршаға мәлім. Сонымен қатар, Қ.Алдажұманов, Ж:Әбілқожин, Т.Омарбеков, М.Тәтімов М.Асылбеков пен Ә.Ғалиев және басқалардың зерттеулері жарық көріп, ондаған диссертация қорғалды. Ғылымда алапат аштық жылдарында құрбан болғандардың саны туралы да әртүрлі тұжырымдар жасалды. Алайда ортақ пікір тоғысы байқалмады. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті.

Өткен кезеңдегі ғылыми тұжырымдарды нақтылаудың сәті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласынан кейін туды десек артық айтқандық емес. Тарихшылар тақырыпқа қайта орала бастады. Дегенмен, ашаршылықтың ақиқаты толық ашылды ма деген сауал көкейде сайрап тұр. Сауалға біржақты ашылды» деп жауап берудің ауылы әлі де алыс екендігі байқалады. Ең алдымен, ашаршылықтың себептері мен зардаптарын нақты айқындауымыз қажет. Ғалымдар арасында оның қазақ халқына қарсы жасалған қасақана саясат, яғни, геноцид деген пікір бар.

Шетелдік ғалымдар да осындай тұжырымдарды ұстанады. Алайда шынымен геноцид па деген сауалдың да жауабы әртүрлі болып тұр. Десек те, ашаршылықтың Сталин бастаған, Голощекин қостаған биліктің қолдан жасаған зұлматы деген көзқарас басымдылық танытады. 1920-21 жылдарда Қазақстанның Батыс аймағын жайлаған аштықтың орын алуына құрғақшылықтың тікелей әсері болғандығы белгілі. Тарихшы, ғалым Талас Омарбеков климат жағдайларын жанама себептердің біріне жатқызады. Тікелей себептерге Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда қазақтарға соншалықты түсініксіз болып келген, сол себепті сондайлық үрейлі қорқынышпен қарсы алған революцияның жеңісінен соң күшпен орнатылған кеңес өкіметінің бүркемелі саясатын, азамат соғысы жылдарындағы елдегі дағдарысты, азық-түлік салғыртының ауыртпалықтарын, соның салдарынан дәстүрлі шаруашылықтың тығырыққа тірелуін, мал басының айтарлықтай азаюын, өлкені тарихы мен мәдениетінен жұрдай «аға ұлт» өкілдерінің басқаруын жатқызуға болады.

Тікелей болсын, мейлі жанама болсын, бәрібір зұлматтың орын алуына алып келген саяси, экономикалық, мәдени факторлардың бар болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Жас кеңес өкіметінің осы жылдары терең дағдарысқа ұшырап, тұрғындарының қиындық көргенін кезінде большевиктердің өздері де жасырмады. Бұл жайттың кейбіреуі бес томдық Қазақстан тарихының төртінші томынан көрініс тапқан.

Осы орайда ғылымдағы шашыраңқы пікірлерді жүйелеп, 1920-21 жылдардағы ашаршылыққа түрткі болған себептердің бағытын бір арнаға тоғыстырса жаңа форматтағы жеті томдық Қазақстан тарихын дайындауға дайын материал болар еді. Оған қоса бір миллионға жуық халық санының азаюын 1897 және 1926 жылдардағы халық санақтарының қорытындылары бойынша мәліметтермен, сол кездегі мерзімді басылым деректерімен, архив құжаттарымен салыстыра отырып нақтыласақ тарихи парымыз өтелер еді. Қызыл табан шұбырынды жылдарындағы аштық пен Қазақстаннан сырт жерлерге қоныс аударудың демографиялық, әлеуметтік тұстарын ашып, ғылымда орын алған әр түрлі көзқарастарды нақтыландырып, бір жүйеге келтіретін еңбектерді жарияласақ ұлттық намысымызды бекітіп, санамызды жетілдірер едік.

Енді 1931-33 жылдардағы аштық турасына келер болсақ, бұл - большевиктік биліктің тікелей саяси науқандарының салдарынан болған нәубет. Зұлматтың салдарынан екі жарым миллион халық қырылып, бір миллионы босқындарға айналып, көрші республикалар мен мемлекеттерге ауып кетті. Ауып кетті демекші, осы тұста бала кезімізде клубтан көрген «Ташкент – город хлебный» деген кинофильм еске түседі. Әбден арып-ашып, тоз-тоз болған баланың Ташкенге барып, пана тауып, ашаршылықтан аман қалуы кім-кімді де бей-жай қалдырмайтын. Республикадағы 40 миллионға жуық малдың 4 миллиондайы ғана қалды. Күн көрісі малға тірелген халықтың жағдайын осыдан да бағамдай беріңіз.

Ашаршылықтың етек жаюына биліктің өзі жағдай жасады. Еккен егіні шықпаған, малын салық түрінде тірідей де, еттей де, оған қоса жүні мен терісін, тіпті, мүйізіне дейін өткізген, қолда бар малын астық тұқымдарына айырбастаған халықтың аштан өлмеуі екі талай еді.

Осы орайда марқұм анам Бибібәтиманың айтқан әңгімесі еске түседі. Анамның анасы Балқия бірде балаларына әңгіме қылып, мына бір жайтты айтыпты: «Сен бесікте жатқанда оған да қаратпай ертелі-кеш колхозда (қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылы) жер жыртып, егін егетінбіз. Бидайдың тұқымын малға айырбастап алдық. Егін егетін құралдар да өте қарапайым. Өгізге жегілген соқа. Оның өзі әдбен шаршаған, ұрғылап, тұмсығынан тартып, артынан итеріп, әрең дегенде норманы орындаймыз. Қараңғы болғанда қолдан жасаған шамның жарығымен де жер жырта беретінбіз. Алайда жаздың соңына қарай астық шықпады. Үйімізде қорада қалған бір-екі малдан басқа түк жоқ. Амал жоқ, сиыр фермасына барып, жұмыс істеуге тура келді. Жұмыс ауыр, сиырларды қолмен сауамыз. Бірақ басқалар тәрізді ісіп-кеуіп өлген жоқпыз. Сүт пен айранды ішсек те, аман қалдық».

Бұл - есептеп қарасақ, 1931-32 жылдарға дөп келетін оқиға. Себебі, Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру мен зорлап отырықшыландырудың қызған кезі осы тұс. Шындығында өз үйлерінде талғажау етерге ештеңе таппағандардың қарап жатып өліп қалғандары қаншама?! Алысқа бармай-ақ Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» деген әңгімесін мысалға келтірсек те жетеді. Үйіне тамақ алып келген Күлпаштың Мақтұм деген ері мен баласының өлі денелерін көрген әйелдің халі нешік болғаны Бейбімбет пен ашаршылықты көзімен көргендерге ғана аян.

Өкінішке қарай, нағашы әжем мен атам тәрізді екінің бірі фермада жұмыс жасамады. Өз атам Түрксіб темір жолында еңбек етіпті. Ашаршылық басталған тұста барар жер, басар тауларын ойлап, қатты қайғырыпты. Таулы жерде аман қалуға болады екен дегенді есіп, Қапал жаққа бет бұрған жолдарында көптеген қиындықтарды, өліп жатқан адамдарды, адам етін жегендерді көріпті. Осы кезде дала тағысы – қасқыр көбейіп кеткен көрінеді. Бірде алдыларынан бір топ қасқыр шыққанда араларында жүруге жарамайтын әйелдерді азыққа тастап, өздері әрең қашып құтылыпты.

Қасқырларға біреудің әжесі, енді біреуінің анасы, үшіншісінің қызы жем болғанын қазақтар айта бермейді. «Сүйекке таңба болады» деген ұғым тағы бар. Сондықтан, өз балаларын жегендер, туысқандарын қасқырларға тастап кеткендер жұмған ауыздарын ашпауға тырысқан. Алайда мұндай сұмдық жағдайлардың зұлмат кезінде орын алғаны жасырын емес. Біз осылардың бәрін қорқынышты ертегі тәрізді тыңдайтын едік.

Алайда бұл мәселенің бір жағы ғана. Екінші жағы аштық туралы айтуға халық сескенді. Қуғын-сүргінге ұшырап кетпейік деген қорқыныш жадта сақталып қалды. Ендігі кезекте сол тарихи жадты тарихты жаңғырту қажет. Үшінші жағы қаннен-қасперсіз «кемелденген социализмде» өмір сүрген халық апаттар мен жаһандық дерттен алыс болды. Ондай ауыр жағдайлар Кеңес Одағында болмайды деп сенді. Кеңестік идеология ертеңгі күнге деген сенімді санада берік орнықтырды. Сондықтан да кешегі тарихтан орын алған қасіретті еске түсіргілері келмеді.

Атамның інісі Базарбай деген кісі Қытайға ауып кетіпті. Ол жаққа қалай барды, кімдер көмектесті, кімдер жол көрсетті, ол жағы беймәлім. Міне, осындай шындықтың түбіне жетіп, ашаршылық ақиқатын архив құжаттары негізінде толықтай айтудың уақыты жетті.

Өкінішке қарай, осы тұста архив қорларының қолжетімсіз екендігі шынайы тарих жазуға қолбайлау болып отырғаны да жасырын емес. «Аса құпия» деген білгілері бар құжаттардың архивтердің түкпірлерінде жатқаны біз үшін тиімсіз.

Елбасы айтқандай, тарихта біз ұялатын ештеңе жоқ. Керісінше ұлттық намысымызды оятып, тарихи санамызды жетілдіргіміз келсе тарихтың ащы шындығын ашқанымыз абзал. Осы тұрғыда тың зерттеулердің жариялануы ескі жараны жазғанымызбен бірдей болар еді. Оған қоса арнайы музейлерді ұйымдастырып, аштық құрбандарына ескерткіштер орнатсақ қазақ халқы айтқандай өлі риза болмай тірі байымас еді. Тәуелсіздік жылдары тарихи шындықты бейнелейтін «Анаға апарар жол», «Жаужүрек мың бала», «Қазақ Елі» тәрізді бірқатар кинофильмдер түсірілді. Аштыққа ұшырағандар мен босқынға айналғандар туралы жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыратын осындай өнер туындылары керек-ақ.

«Мың рет айтқаннан бір рет көрген артық» дегеннің де растығы мен қолданбалылығына көз жеткізер едік. Айтылғандарға қоса, облыстар бойынша ашаршылықтың өзі мен зардаптарын зерттеуге қажетті тарихи деректерді жинақтауға бағытталған экспедициялар құрылса және оған жастарды тартса нұр үстіне нұр болар еді.

Тоқсан ауыздың сөздің түйіні, ашаршылық тарихын зерттеуді мемлекет қолдап отырған кезді ұтымды пайдалану елдің болашақ дамуы үшін аса қажет. Президент тапсырғандай, оны саясаттандырмай, ғылыми түрде байыппен, тарихи деректер негізінде зерттеп, жүзеге асыру жағын да назарда ұстағанымыз абзал.

Оразгүл МҰХАТОВА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері

Сурет - ғаламтордан