АРҚАРЛЫДАҒЫ ПЕТРОГЛИФТЕРГЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰРҒАН ЖОҚ

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 2361
Бөлім: ТҮПСАНА

Тарихы тасқа қашалған қазақ даласы адамзаттың алтын бесігі іспетті. Алтын адам табылған Жетісу жерінен көптеген жәдігерлерді кезіктіруге болады. Күні кеше ғана Кербұлақ ауданының Арқалы асуындағы петроглифтерге қатысты әлеуметтік желіде жазба жарияланды. Онда «3 мың жылдық тарихы бар таңбалы тастарды бизнесмендер үгітіп, щебенка, плита, брусчатка етіп жіберіпті» делінген.

Ақпараттың шын өтірігіне көз жеткізу үшін бір топ журналистер таңбалы тастар орналасқан жерге бардық. Ешқандай да үгітіліп жатқан тарихи тасты көрмедік. Керісінше, петроглифтер мемлекеттік қорғауға алынып, тіпті, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Журналистермен сұхбаттасу барысында институтының ғылыми қызметкері Александр Горячев:

– Кербұлақ ауданы бойынша зерттеу мамыр айынан басталды. Қазіргі таңда аудан аумағынан петроглифтердің 20 орны табылды. Суреттердің көпшілігі қола, сақ дәуірінен бастау алады, сондай-ақ, ежелгі түріктерге тиесілі таңбалар да бар. Қарлұқ қағанатына тиесілі қыш құмыраларын да кезіктірдік. Әр петроглифті тізімге аламыз. Келешекте Жетісудің өзге өңірлерінде аргеологиялық зерттеу жүргізуге әзірміз, – деді. Анықтау-балау жұмысына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Мәдени мұра орталығы, Кербұлақ ауданының әкімдігі, сондымен бірге «Охотники за петроглифами» еріктілер тобының үйлестірушісі Ольга Гумирова да атсалысуда. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев:

Петроглифтер 2017 жылдан бері мемлекет қорғауында, содан бері олардың біреуіне де зақым келмеді. Бүгінде анықтау-барлау жұмыстары аяқталуға жақын және анықталған барлық петроглифтерге құжат жасау басталды. Содан кейін орналасқан орындары бойынша сызбасы жасалып, аудандық жер бөліміне тіркеліп электронды базасына енгізіледі, – деп петроглифтер орналасқан жер телімдері жекеменшік құқығында болса, ол жерлер мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты.

Биыл қыркүйек айының соңына дейін барлық жұмыстар аяқталып, ғалымдар, тарихшылар, археологтардың қатысуымен үлкен ғылыми конференция өтетіні белгілі болды. Келесі кезекте журналситер таңбалы тастарды аралап, тарихи жәдірлерді көруге мүмкіндік алды.

Мәулен Әнербай
Кербұлақ ауданы