Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

СҮЙІНБАЙДЫҢ ӨМІРІНЕН СЫР ШЕРТЕТІН 900-ДЕН АСТАМ ЖӘДІГЕР БАР

Уақыты: 11.09.2021
Оқылды: 552

Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбайдың әдеби-ескерткіш музейінің құрылысы 1990 жылы басталып, 1996 жылы пайдалануға берілді. Музейді ашу ісі Сүйінбай Аронұлының шәкірті Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық торқалы мерейтойымен тұспа-тұс келді. Салтанатты шараға еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, лентасын қиды. Қазіргі таңда өзіндік тарихы бар бұл музей - ғасырлар қойнауынан Сүйінбай ақынның өмірінен сыр шертетін асыл мұралар мекені.

Сүйінбай Аронұлы Алатаудың аса сұлу бетбауыр бөктерінің шұрайлы жері Құлансаз жайлауында 1815-1898 жылдары өмір сүрген. Жыраудың арғы атасы Күсеп ақын әрі дәулескер қобызшы болса, нағашысы Қабан жырау Жетісудағы ақындық, жыраулық өнердің ірі өкілі еді. Сүйінбай бозбала кезінде жеті тәулік бойы сол нағашы атасының көшінен қалмай ілесіп жүріп, батасын алыпты. Сөйтіп, Сүйінбай 13-14 жасынан ақындық жолды қуады. Қаршадайынан қолына домбыра алып, өлеңді өмірлік серік еткен жыраудың 60 жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз шығарған жыр мұрасы ұшан-теңіз.

Музей құрылысы басталған алғашқы күннен бастап, оған қадағалаушы болып қызмет жасаған журналист, актер, сазгер, Жамбыл ауданының, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жолдасхан Құрамысов көп тер төкті. Ол кісі 1945 жылы 25 мамырда Жамбыл ауданының Кастек ауылында дүниеге келген, 1996 жылы осы музейге директор болып бекітіліп, 2012 жылдың 16 мамыр айына дейін еңбек етті. Қазіргі уақытта музей директорының қызметін Мұрат Мұқашұлы атқаруда.

Музейдің келбеті шығыстық үлгімен салынған. Ауласына  Сүйінбай ақынның  мәрмәр тастан жасалған ескерткіш бюсті қойылған. Оның  ішкі бөлігі екі үлкен зал мен фойеден құралған. Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығын көрсететін бөлімдер: балалық шағы, ақын болып қалыптасуы, өмір сүрген орта, ататегі, жақындары мен үрім-бұтағы және шығармасын зерттеушілер жайлы мағлұмат беретін тоғыз бөлімге үйлестірілген.

Музейдің жаңа экспозициясы бүгінгі күн талаптарына сай болумен қатар оның көрінісі келісті. Экспозиция құруда аса маңызды принциптердің бірі – ғылыми тәсілді қолданады. Осы ғылыми тәсілдердің арқасында музей қорында жиналып, сақтаулы тұрған музейлік маңызы бар жәдігерлердің тарихы зерттеліп, ғылыми тұжырым жасалады. Сол қатарда қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің  негізін салушылардың бірі – Ә.Қастеевтің қылқаламынан шыққан, 1972 жылы салынған Сүйінбай портреті. Бұл шынайы сезімнен туындаған көркем шығармалардың құндылығы Сүйінбай портретін бейнелеуде дәл шешімін таба білді.

1996 жылы 24 тамызда музей ашылған кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйлаған  үшқырлы торсық, бұзау терісінен тігілген қымыз,  шұбат құюға арналған ыдыс, торсықтың  үш қырында Сүйінбай ақын, шәкірті Жамбыл және Жамбыл ақынның шәкірті Кенен Әзірбаевтың бейнесі көрсетілген. Бұдан өзге Сүйінбай Аронұлынын шығармалары, шәкірті Жамбылдың кітаптары, Халық қаһарманы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің Сүйінбай мен Жамбылға арнаған «Ақиық», «Сарын» атты күйінің көзі тірісінде әкеліп табыс еткен ноталары құнды жәдігерлер санатында. Музей экспозициясына қойылған археологиялық мұралар да құнды. Сол қатарда Қарақыстақ жерінен табылған VI-VII ғасырларға тән балбалтас, Есік қаласынан табылған тайқазан, шапырашты руының бөрілі байрағы, сол заманның батырлары ұстаған қару-жарақ және де басқа жәдігерлер бар. Қазіргі таңда музейдің негізгі қорына 911 жәдігер тіркелген.

С.Аронұлының әдеби-мемориалды музейі 2018 жылы ІІІ дәрежелі «Үздік өңірлік музей» дипломымен марапатталды. Музейдің алдағы уақыттағы жұмысы сан қырлы.

Атап айтар болсақ, телегей теңіз экспонаттарды ғылыми-танымдық талаптар тұрғысынан ұтымды жүйелеу, оны көпшіліктің талғамына сай ұсыну, зерделенген жәдігерлер негізінде басылымдар шығару, елдегі, облыстағы атаулы күндер мен тарихи тұлғаларға арнап көрмелер жабдықтау, өлке тарихына қатысты мәдени шаралар өткізу, белгілі бір көрнекті тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру, оқу ордаларының студенттеріне дәріс оқу сияқты қызметтерді атқару арқылы халқымыздың асыл қазынасын болашақ ұрпаққа жеткізуді көздеп отыр.

Қарлығаш МУШИРОВА,

Сүйінбай Аронұлы әдеби музейінің ғылыми қызметкері

Жамбыл ауданы

Алматы облысы