ҚАЗІРГІ ЖАСТАРДЫҢ СӨЙЛЕУ МӘНЕРІНДЕ ШҰРАЙЛЫ ТІЛДІҢ ЖҰРНАҒЫ ДА ЖОҚ

Уақыты: 19.01.2022
Оқылды: 3624
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазіргі қоғамда ең басты тәрбие құралы көгілдір экран мен әлеуметтік желі болып отыр. Адамдар кітап оқудан қалып барады. Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында айтар ой мен жазар сөзіміздің қысқа да нұсқа болуы шарт. Өйткені, оқырманды жалықтырып алуымыз мүмкін, жаһандану заманының басты құндылығы уақытты үнемді пайдалану деп жүрміз. Бұл қаншалықты дұрыс? Осының кесірінен сөзін дұрыс жеткізе алмайтын, шолақ ойлы жастар тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? Бұрынғы би-шешендеріміз айтар ойын алыстан орағытып бастап, тұспалдап жеткізген.

Қазақ тілінің өте бай, шұрайлы екенін бәріміз тек айтып қана жүрміз. Бірақ қазіргі жастардың сөйлеу мәнерінде шұрайлы тілдің жұрнағы да жоқ. Мұны Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған байқаулар мен шаралар барысында байқадық.

Басқарма тарапынан ұйымдастырылған қандай да бір шара, байқау болсын барлығы халықты қызықтырып, ынталандыру мақсатында кітап, планшет тіпті ақшалай сыйлықтар, Алғыс хат пен дипломдар беріліп жатса да  адамдардың ықылыс-ынталарының жоқтығы, бейқамдығы қынжылтады.

Өткен жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Жамбыл бабамыздың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы сияқты айтулы даталар мен мерейлі мерекелерге толы болды. Атқарылған іс-шаралар аз болған жоқ. Денсаулық зор байлық екенін анық ұғындырған пандемия уақытында қатаң карантин талаптарын сақтай отырып,  бірқатар шараларды мүмкіндігінше онлайн және оффлайн форматта атап өттік.

Бір ғана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тіл – тұғыр» атты тіл фестивалі аясында облыс, қала әкімдіктері, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен 820 шара ұйымдастырылды.

Тіл фестивалі  аясында тұңғыш рет өткен қылқалам шеберлерінің «Тіл және Тәуелсіздік» республикалық көрме-байқауының ашылуымен басталды. Көрмеге Елтаңба авторы Ж. Мәлібекұлы, ҚР Суретшілер одағының төрағасы Ө.Жұбаниязов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары Оразкүл Асанғазы, Асылы Осман қатысты.

Қасиетті қазақ тілінің өткенін, бүгінін, келешегін қылқалам шеберлерінің суреттері арқылы насихаттауды мақсат еткен дүбірлі байқауға республиканың барлық өңірінен 109 қылқалам шебері қатысып, 164 туынды жиналды. Үміткерлердің ең үлкені Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны 66 жастағы зейнеткер болса, ең кіші қатысушы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 9 жасар мектеп оқушысы. Үміткерлер қатарында Сейсенхан Махамбет, Өсербай Шуранов, Марат Әбдіреев сынды танымал суретшілер, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, сонымен қатар өнер мектептерінің оқушылары да болды.

Алайда,  кәсіби суретшілер "Тіл" тақырыбын толық аша алмай, "Табиғат", "Отан", "Туған жер" тақырыптарына ойысып кетті. Біз бұл байқау арқылы қылқалам шеберлеріне көп бара бермейтін тың тақырып тауып бердік, бұған дейін «Тіл» тақырыбында салынған сурет көрмесі болған емес. Сирек кездесетін картиналар басқарма қорында сақтаулы. Алдағы уақытта көшпелі көрме ұйымдастыратын боламыз. Бұл туындыларды аудан, қала халқы да көріп, тамашалауы тиіс.

Тіл фестивалі аясында республикаға, облысқа танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл – ең асыл құндылық» атты республикалық "дөңгелек үстел" өтті.

XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Махмұд Қашқаридің  «Тәрбие басы — тіл» деген  қанатты сөзі  арада қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Адам бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасатын тілдің отбасылық тәрбиеден бастау алатыны белгілі. Осы орайда тіл жанашырларының қатысуымен алғаш рет «Тіл және тәрбие» атты тәлім сабағын дәстүрлі түрде  ұйымдастыруды қолға алдық.  

Тәлім-сабаққа айтар ойлары салмақты, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары Асылы Осман, Оразкүл Асанғазы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, тарих ғылымдарының докторы Жапсарбай Қуанышев, «Отандастар қоры» Президентінің кеңесшісі, экс-елші, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген  қайраткер Қалыбек Қобландин, медиазерттеуші Нұрлан Асқаров,  Қазақ Ұлттық университетінің доценті, «Болашақ» стипендиаты Қазыбек Дәуітәлі   қатысты.

Мемлекеттің қозғаушы күші, тәуелсіз елдің тірегі – жастар. Сондықтан еліміздің болашағы жастар тәрбиесі қашанда өзекті. Көшпелі тәлім сабақ Тіл сарайында, Ескелді, Талғар аудандарында  өтті. Алдағы уақытта да жалғасын тапса деп тілек білдіргендер болды.

«Аталы сөз – баталы сөз» деп, бірауыз сөзге тоқтаған халықтың  ұрпағы бата беруді дәріптейтін байқауды қайта қолға алдық. Қазақта бата беру институты сан ғасырлар бойы қалыптасқан. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныш, той кезінде қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді.

 «Батагөй» байқауында да белсенділік таныту жағы төмен, судыратып жаттап алғандар болды. Қазір бата беретін ақсақалдар азайып, екі ауыз сөздің басын құрап, ас та қайыра алмайтын, тіпті, тілек пен батаны ажырата алмайтын болдық.

Бізге «Ардагерлер ұйымы»  ұйымдастырып жүрген байқауды екі қайталаудың не қажеті бар  деген сыңайлы сыни пікірлер де айтылды. Адал ниет, ақ тілек білдіру дәстүрі тек қарияларға тән  деп,  аталы сөзден ғибрат алатын дәстүрімізді тек қарттарға ысыра сала алмадық. Ұлы Абай қырық жасында «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» деп өлең  жазған екен. Осы орайда, байқауға 35 жастан бастап қатысуға мүмкіндік бердік.

Иә, қазақ халқында көпті көрген сұңғыла қариялар мен аузы дуалы кемеңгер ақсақалдардан қол жайып бата сұраған. Біз бүгінгі жас ертеңгі қарт екенін ұмытпауымыз керек.

Дәл осындай кемшіліктер 30 жылдық ұлық мереке қарсаңында тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауға бағытталған «Жыр – жауһар»  облыстық байқауын өткізгенде кездесті.

Жас жыршылар додасына барлығы 176 үміткер өтініш білдіріп, оза шапқан 21 жас жыршы екінші кезеңге жолдама алып, Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында  байқаудың ақтық сыны өтті.

Сайыста таңды-таңға ұрып, түнді түнге жалғап, қисса-дастандарды жатқа айтатын кешегі жыршы-жыраулардың бүгінгі кішкентай ізбасарлары ескіден жеткен есті сөздің салмағын сездіріп, жақұт жырдың мәңгі тозбайтындығын көрсетті. Дегенмен, әттеген-айы да болды. Ол «Жетісу жыр мектебін қалыптастырушылар  Қаблиса, Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет, Бақтыбай, Кенен, Үмбетәлі сынды  жетісулық жыршылардың жырларын дәріптеу  жағы кемшін болды» деген жас  жыршыларға қазылар алқасының айтқан сыны болатын. Қапшағай қаласы мен Ұйғыр ауданы бұл байқауға мүлдем қатысқан жоқ. Бұл аудан, қаладан жыр айтатын  бір оқушының болмағандығы ма?

 «Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады» - деп, Мөңке би бабамыз кезінде айтқандай, шұбар тілді, сөзге шорқақ жастар қатары күн санап көбейіп келеді.  Мұны Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және Қазақстан халқы тілдері күні аясында Алматы облысының жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж студенттерінің арасында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі» облыстық пікір-сайыс турнирін ұйымдастығанда  көзіміз жетті. Қатысушы студенттердің көбі өз ойларын басы бүтін жеткізе алмады. ZOOM платформасында турнирдің ақпараттық түсіндіру жұмыстары  мен іріктеу кезеңі өтіп, алдын ала бір жарым ай бұрын берілген тақырыпты толық аша алған жоқ.

«Бар бақытым қасиетті Отаным» атты шығармалар байқауын да жоғары деңгейде өтсін деген мақсатпен Алматы қаласындағы ірі  50 жоғары оқу орындарына хат жолдадық. Тақырып өте жеңіл, жүлде қоры қомақты бола тұра студенттер белсенділік таныта қоймады. Тағы да немкеттілік пен қызығушылықтың жоқтығын көрдік. Сонда бұл жастарға не керек? Оладың мәдениетке, әдебиетке, ғылым мен өнер-білімге, спортқа   деген қызығушығын арттыру үшін қайтпек керек?

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен дамыту мақсатында өтетін дәстүрлі «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауын үш мәрте ұйымдастырдық. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай онлайн режимде ұйымдастырылған байқауға 40 мемлекеттік қызметші қатысты. Ал облыстың студенттері мен ересек тұрғындары арасында өткен байқауға 401 қатысушы өтінім білдірді.

Бірақ 2 млн.-ға жуық тұрғыны бар республикамыздағы ең үлкен Алматы облысы үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Жүлде қоры қомақты болғанымен тек екі кітап оқумен шектелген (әдеби және мотивациялық)  байқаудың талабы өте жеңіл болды. Алайда, қатысушылар ынтасы мен қызғушылығы өте төмен. Тіпті, бірінші кезеңнен өте тұра, екінші кезеңге өздігінен қатыспағандар да болды. Кітап – ақылына ақы сұрамайтын құнды қазына деп бекер айтылмаса керек. Жүлдегер атанбаса да еш ұтылмайтын мұндай кітап оқу байқауын біз дәстүрлі түрде өткізуді қолға алуымыз сондықтан.

Тіл басқармасы ұйымдастырған байқаулардың басым бөлігі аудандық және  облыстық болып екі кезеңнен тұрады. Десек те, аудан, қалалардан іріктеліп келген жеңімпаздардың деңгейі айтарлықтай емес. Мәселен, пандемия жағдайына байланысты көптеген шара онлайн өтті. Осы орайда сапасыз бейнеүзіктер басым болды. Цифрлық және ақпараттық технологиялардың дамыған заманда ешқайда шықпай-ақ бейнебаян түсіріп, өңдеуге болатын барлығына қолжетімді заманда деңгейі төмен, сапасыз түсірілген  шала-шарпы  жұмысты облыстық байқауға жіберу ұят нәрсе.

Этнос өкілдерінің арасында ана тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгеру, оның қолданыс аясын кеңейту, жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, олардың санын көбейту мақсатында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челлендж, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы сияқты түрлі  байқаулар бар. Облысымыздың этнос өкілдері  бұл байқауларда  белсенділік танытып, республикада да топ жарып, жүлдегер атанғандар бар. Алайда жеңімпаздармен онлайн арқылы байланысқа шығып сұрақ қойғанымызда көбі қазақ тілін  жетік білмейді. Біз бір-екі ауыз сөзді жаттап алғандарды емес, жетік меңгерген этнос өкілдерін  қамтуымыз керек. Бұл аудандық және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің өз міндеттеріне бейжай қарап, тек формальды түрде жұмыс жасайтындығын  көрсетеді. Әрбір байқауда жыл сайын жаңа есімдердің шығуы біз үшін маңызды. Өйткені, шын таланттар тасада қалмауы тиіс. Тек іріктеу жағын дұрыс ұйымдастырса екен деген тілек, ниет бар.

Бұл мақаланы жазудағы басты мақсат тіл басқармасы өткізген барлық шараларды жіпке тізіп айту емес, тек кем-кетік тұстарын елеп-екшеп, талдау жасау.

Жастардың рухани белсенділігінің төмендігі, қызығушылығының жоқтығын көрдік.

Бүгінгі жастар тәрбиесі бәріміз үшін маңызды деп жоғарыда атап өттік. Ал тәрбиенің алтын діңгегі – отбасы. Отбасы дегеніміз, мемлекеттің негізгі буыны, іргетасы. Демек отбасындағы тәрбие мен тіл мәселесі бәрімізге ортақ міндет.

Болат  КЕРІМБЕК,

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы