АҚСУДАН ШЫҚҚАН АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 01.04.2022
Оқылды: 2129
Бөлім: ТҮПСАНА

Ақсу ауданының Еңбек ауылындағы Қарасу орта мектебінде Алаш қайраткері, ағартушы Мейірман Ермектасовқа арналған ескерткіш-тақтаның ашылу салтанаты өтті. Шараға алыс-жақыннан зиялы қауым өкілдері, ауданның Құрметті азаматтары, ағартушының ұрпақтары және ауыл азаматтары қатысты.

Шара аясында Мейірман Ермектасовтың өмірі мен өнегесін зерделеп, өскелең ұрпаққа жеткізу жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген Жексембек Мықтыбаев, өлкетанушы-зерттеуші Қажет Андас, тарихшы-педагог Абай Мырзагелді тың деректермен бөліссе, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, Ақсу ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амантай Айтбайұлы, Молықбай атындағы аудандық Мәдениет үйінің директоры Асхат Досмұхамбетов және ауыл ақсақалдары мен ардагер ұстаздар Мейірман Ермектасов есімінің қайта ұлықталғанына сүйінішін жеткізді. Жиналған көпшілік Қарасу орта мектебінің атауын Мейірман Ермектасов атындағы орта мектепке ауыстыру жөніндегі ұсынысын да тілге тиек етті.

Өз кезінде елінің өркениеті үшін өлшеусіз еңбек етсе де, Кеңес билігі тұсындағы тоталитарлық режимнің ұзақ уақыттық қудалауына ұшыраған Мейірман Ермектасов араға бір ғасыр салып барып жұрттың құрметіне қайта бөленді. Жетісу жерінде алғаш рет Маман ұрпақтары ағартушылықтың шамшырағын жақса, сол отты өшірмей Ақсу өңірінде жалғастырған Мейірман Ермектасовтың қазақ халқын сауаттандырудағы еңбегі орасан.

Ол 1888 жылы Еңбек ауылында туып, жас кезінде Уфа қаласындағы Ғалия медресесінде білім алды. Сол дәуірдегі түркітілдес ұлттардан шыққан зиялылардың құрметтісі атанды. Еліне келген соң қазіргі Еңбек ауылында 1922-1924 жылдары құрылыс материалдарын жан-жақтан өгіз арбамен тасып жүріп, сан қиындықты жеңіп, мектеп ашып, елді білім көкжиегіне жетеледі. Бүгінде бұл мектеп Қарасу атындағы орта мектеп аталып, сан түлекті білім нәрімен сусындатып келеді.

Өкінішке қарай, Мейірман Ермектасов 1916 жылғы Бөрібай басшылығындағы ұлт-азаттық көтерілісімен, Алашордамен тікелей қатысы болғандықтан қызыл өкіметтің қырына ілікті. Оның мектеп ашып, ағартушылықпен айналысқаны, Ораз Жандосовпен бірге ең алғаш балалар үйін салып, жетім балаларға көмек көрсеткені, тағы да басқа азаматтық істері ескерілгені былай тұрсын, басына қатер болып төнді. Ақыры 1930 жылдары жансауғалап Қытай асып тынды.

Қытайға өткеннен кейін де өзінің мол білімін, біліктілігін, Алаш арыстарынан көрген өнегесін Қытайдағы қандастардың қараңғылықтан құтылып, жарық дүниеге жол алуына арнады. 1933 жылы Мейірман Ермектасовтың жобалауымен Қытай қазақтарынан шыққан меценат Жабықбай Бұлғыншыұлының көмегімен «Жабықбай» мектебін ашып, сол жақтағы ағайынға ағартушылықтың нұрын септі. 1934 жылы Қытайдың Құлжа қаласында құрылған «Қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымының» мұрындық болуымен ашылған Тұрасу жайлауындағы мұғалімдер даярлау курсына сабақ беріп, бастауыш сынып мұғалімдерін тәрбиелеп, қазақ ағартуына тағы да тың үлес қосты. Кейін 1944 жылы Құлжа қаласында Үш аймақ ұлттық өкіметі құрылғанда өкіметтің саяси кеңесінің құрамында болып, елді орналастыру, Қытай асқан қазақтардың әлеуметтік жағдайын қадағалау, ағартушылық істерін өркендету, тағы да басқа маңызды жұмыстарды атқарды. Өкінішке қарай, 1950 жылы қайтыс болып, сүйегі сол жақта қалды.

Мейірман Ермектасовтың кіндігінен Зейін атты жалғыз ұлы қалды. Зейіннен 8 қыз, 3 ұл тарап, бүгінде бір қауым елге айналыпты.

Шараға Алматы, Тараз, Қызылордада тұратын Ермектасовтың ұрпақтары да қатысты. Ағартушының немерелері Майра Ермектасова мен Зоя Ермектасова және шөберелері ескерткіш-тақтаның ашылуында үлкен жұмыс атқарған Жексембек Мықтыбаев пен Еңбек ауылы Қарасу орта мектебінің директоры Мұхтар Сағадиевтің иығына шапан жауып, жұрт құрметін көрсетті. Соңында көпшілік Еңбек ауылындағы мешітте Ермектасовтың ұрпақтары жайған ас дастарқанға жиналып, аруаққа Құран бағыштап, перзенттік ілтипатын көрсетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"