Ел тірегі - ЖАСТАР

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1758
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Мәңгілік Елдің мәртебесін асыруға және өркениетті елдердің сапынан табылуға арналған. Бағдарламаның  барлық  қағидалары ұлттық экономиканы және қазақстандықтардың әл-ауқатын дамытумен тікелей байланысты. Бұл – ұлтымыздың салт-дәстүрін, ең бастысы, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, рухымызды жаңғырту. 

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, жас мемлекетіміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтың орны бөлек. Мемлекетіміздің негізігі тірегі – жастар.  Сондықтан елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу жаңа буынның басты борышы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  жастар үшін өте маңызды. 
Жастардың, әсіресе, студент жастардың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар, олардың рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты. Рухани жаңғыру – әрбір жеке тұлғаның тәрбиесі, ұлттық сана-сезімі, рухани тамырынан нәр алған құндылықтары мен оның жаһандық өзгерістерді дұрыс бойына сіңіруі деп білеміз. 
Мемлекетіміздің 30 дамыған елдің қатарына кіруі үшін әрбір жас жаңа ағымдардан және технологиялық үрдістен хабардар болып отыру қажет.  «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр», – деп Елбасы жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтайтын жастардың қатары көбейсе, еңсеміз биік болашағымыз жарқын болады. 

Баян АЛПЫСБАЕВА, 
облыстық көркемөнер галереясының көрме ұйымдастырушы маманы.