​ЕЛБАСЫ ЖАҢА ӘЛІПБИМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1454
Бөлім: ТҮПСАНА

Әлемде әліпби ауыстыруда дәл біздің қоғамдай белсенділік танытқан бірде-бір мемлекет жоқ. Әсіресе, жастар тарапынан айтылып жатқан ұсыныс-пікірлер көңіл қуантады. Бүгінге дейін ҚР Президенті Әкімшілігіне латын графикасына қатысты 300-ден астам өтініш келіп түскен. Ал баспасөзде 2000-ға жуық мақала жарық көрген. Бұл туралы кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы мүшелерін қабылдаған кезде айтты. Айта кетейік, қабылдауда ҚР Парламенті Мәжілісінде ұсынылған латын графикасы жобасынан әлдеқайда жетілген, қоғамдық пікірлер ескерілген нұсқа таныстырылды.

Ақорданың ресми сайтының жазуы бойынша, жиында Мемлекет басшысына қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартты латын графикасының жобасы ұсынылды. Қазақстан Президенті кіріспе сөзінде мемлекеттік тілді реформалау Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

– Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиі қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің бақылауымда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы ретте Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін алға тартты. – Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады.

Елбасы қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды. Қабылдауда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндама жасады. Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап: «Атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет», – деді.

Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын шектемейді. Орыс тілі кирилл қарпінде қолданыла береді. Ал жаңа әліпби қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді. Сонымен бірге, латын қарпіне көшу әлемдік ақпараттық кеңістікке шығудың төте жолы. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны жетілдіру туралы да әңгімеледі. Үкіметке латын графикасына кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.

Қабылдау соңында Президент қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенділікпен қатысқан барша қазақстандықтарға, оның ішінде, филолог ғалымдарға алғыс білдірді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР.

-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

 

Әлмұхамамбет Иманбақов, Алматы облысының «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының директоры:

         Ақпараттық және техникалық үдерістің қарыштап дамыған кезенінде өзге елдерің көшінен қалмай, алда болу заман талабы. Жас әрі, дамушы мемлкеттердің қатарынан өз орнын  тапқан қазақ елі үшін алда үлкен әрі жауапты кезеңдер күтіп тұрғаны анық.  Осыған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядролық қарудан алғашқы рет бас тартқан мемлекет ретінде әлем елдерінің алдында қайталанбас үлгі көрсеттік. Өзге мемлекеттер  де бізді қолдап, бейбітшілікті баянды етуге нақты қадамдар жасады. Қазіргі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен латын әліпбиіне көшуді бастап та кеттік. Осыған дейін бірнеше нұсқасы ұсынылғанын білесіздер. Менің көңілімнен шыққаны соңғы нұсқасы. Алматы облыстық «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының ұжымы да аталған нұсқаға бір ауыздан қолдау танытып, іске көшуге әзір отыр. Әлеуметтік желі, интернеттік және мерзімді басылымдардар мен түрлі сайттарда қызу талқыға түсіп, көбісі осы нұсқаны тандап жатыр. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, нақты таңбалармен берілген. Екіншіден, ноқаты мен дәйекшесі аз. Үшіншіден, жастармен бірге ересектердің де қиналмай меңгеріп кетуіне жеңіл. Сондықтан барлығын осы нұсқаны қолдауға шақырамын. Етек-жеңімізді жинап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір атаның баласындай әркет ететін кезең келді, ағайын! Тамыры терең тарихымызды қайта түгендеп, мәдениеттің ошағы болған осынау даламыздың қадірін асқақтатын уақыт жетті. Мәңгілік Елге айналу жолында аянбай қызмет қылу - бізге жүктелген абыройлы міндет. Рухани жаңғыруға бет алған мемлекетіміз бәсекеге қабілетті, әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының ықпалымен әрмен қарай дамып келеді. Сол себепті латын әліпбиіне көшу міндеті әлемдік өркениетке бізді бар табан жақындаты.

 

Әсем Жұмахан, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті:

         Ерте ме кеш пе қазақ елі латын әліпбиіне ауысары сөзсіз. Бұл маңызды қадам бізді  күллі түркі халықтарымен арамыздағы қарым-қатынасты бүгінгіден де жақсартып,  жақындастыра түседі. Тек қана түрікі халықтарымен ғана емес, әлем елдерінің өркениетіне де барынша етене бола түсеріміз хақ. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың талқылауында болған ноқатпен жазылатын жаңа нұсқаны қолдаймын. Бұл әліпби тіліміздің үндестік заңын сақтап, әрі ары қарай дамудың жоғарғы деңгейіне шығаратынына сенімдімін. Осы орайда Елбасының бұл мәселеге айырықша қарап, жалпыхалықтық талқылауға салуы қуантады. Жақын арада дүйім ел болып, жаңа нұсқаны қабылдайды деген үміттемін. Бұл бастамаға жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген қатарластарым да қодау білдіруде.

 

Жамал Баймадиева, Алаты облыстық "Аналар кеңесінің" төрайымы, қалалық мәслихат депутаты:

         Күні кеше ғана латын әліпбиінің соңғы нұсқасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырғаны баршамызға аян. Содан бері елдің қызу талқысына түсіп, әркім өз ойларын ортаға салып жатыр. Осыған орай мен де пікір білдіргенді жөн деп таптым. Мәңгілік Елге айналу үшін алдымен тіліміз, дініміз, діліміз мықты болуы керек. Сондықтан Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмаларды орындауға білек сыбана кірісіп кеттік. Соның бірі - латын әліпбиіне көшу туралы. Нұрсұлан Әбішұлы: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.  Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет», – деп нақты тапсырма берген болатын. Сол себепті тарихымызды түгендеп, өркениетті өрлетіп, әлемдік аренадығы беделімізді әрмен қарай артуымыз үшін әліпби ауыстыруымыз тарихи оқиға болмақ. Соңғы ұсынылған нұсқа көңілімнен шықты. Екі әріптердің қосарлануынсыз, дәйекшесі мен ноқаты да аз, үйренуге де жеңіл. Өзгелер де жылдам игеріп кететіне сенімдімін.