Қос әріп қолайлы ма?

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1724
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде ел көлемінде латын әліппесіне көшу бастамасы көтерілді. Қуанарлығы, Ақордадан айтылған сөзді тек ұлты қазақ тұрғындар ғана емес, барша бауырлас, отандас ағайындар тегіс қолдады. Демек, латын әліппесіне көшу туралы ұйғарым – қызды-қыздымен айтылған жалаң ұран емес, пісуі жеткен, уақыт талабынан туған кемеңгер шешім. Басқаша айтқанда, бұл зәрулікті мемлекетіміздегі әрбір азамат толық сезіне білді, сондықтан да барша жұрт оған психологиялық тұрғыдан күнілгері даяр болды.

Дегенмен, латын әліппесіне көшудің мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешуге келгенде зиялы қауым, әсіресе тілгер, әліппетанушы мамандар сәл абдырап қалды. Ғылыми талқы, пікірталас болуы заңды десек те, бір мәмілеге келтіретін ұсыныс қазірге дейін ортаға шыққан жоқ. Әлі де көзқарас алшақтығы басым. Әрине, бұған қарап құнды пікір беретін, кемелді үлгі ұсынатын ешкім болмады деген қорытынды шығаруға болмас. Халыққа тегіс жеткендерінің ішіндегі ең күшті дүмпу тудырғаны – ғаламторда «Жаңа латын әліпбиінің үлгісі» деген атпен танылған нұсқа болды. Ол бойынша қазақ фонетикасында 28 дыбыс бар деп қаралған, алайда кейбір кірме сөздердің, халықаралық атаулардың фонетикалық ерекшелігі ескеріле отырып оған тағы да бес дыбыс үстемеленген. Соған сәйкес бұл нұсқадағы әліппе үлгісінде 33 әріп көрсетіліпті. Дегенмен, пікірталас тудырған бұл әліппе үлгісінің фонетикалық жүйесі мен жалпы әріп саны емес, қайта ондағы диграф, яғни қос әріп санының өте көп болуы.

Шынында да, айналасы 33 әріпке шаққанда, сегіз бірдей қос әріп тым көп. Олардың салыстырмасын арифметикалық жолмен есептесек те, қос әріптер жалпы әліппенің 25 пайыздайын ұстайды екен. Бұдан әрқандай құжаттың көлемі 25 пайызға артады. Айталық, жалаң әріппен жүз бет болған баспа өнімі, ендігі кезекте 125 бет болады. Соған қоса әр таралымның құны да 25 пайызға ұлғаймақ. Мәселе мұнымен шектелмейді, бұрынғы 100 адамдық жұмысты енді 125 адам атқаратын болады немесе жүз күндік жұмыс ендігі жағдайда 125 күнсіз бітпейді. Ал осылардың барлығы қаржыға барып тірелмей қалмайды.

Сөзіміз дәлелді болу үшін қос әріппен жазылған сөздерден бірнеше мысал келтірелік: aezhengshe (әжеңше), shashaghy (шашағы), ueshinshisining (үшіншісінің), zhuezingning (жүзіңнің), shoeldeding ghoj (шөлдедің ғой), oez aelingshe (өз әліңше), naghashyzhandylyghyngnyng (нағашыжандылығыңның), zhuergizingdershi (жүргізіңдерші), zhogharydaghysha (жоғарыдағыша), shaelingning (шәліңнің), zhueldeng (жүлдең), ueking (үкің), aenshi (әнші), zhaene (және), aelem-zhaelem (әлем-жәлем), zholyghyngdarshy (жолығыңдаршы), shangghyshyng (шаңғышың), ghalamshargha (ғаламшарға). Қысқасы, әліппе үлгісін жасау барысында бұл сегіз қос әріп жай ғана таңба сияқты болғанымен, олар өндіріс барысында еңбек, күш, қаржы, уақыт және кеңістік жағынан осындай елеулі қиындықтар келтіріп шығарады.

Ал лингвистикалық тұрғыдан да қыруар қолайсыздықтар туындатары талассыз. Айталық, жауынгер дегенді «zhawynger» тұлғасында жазсақ, оны «жауыңер» деп оқуға тура келеді. Сол сияқты, асхана (ashana) «ашана», Жарысхан (Zharyshan) «Жарышан», Оразхан (Orazhan) «Оражан» болып оқылады. Ал бұндай қиындықтардан құтылу үшін «`», «’», «-» немесе басқа да осындай белгілерді, дәйекшелерді қолдануға мәжбүр боламыз. Мысалы, асхана – «as`hana» (as’hana, as-hana), оразхан – «oraz`han» (oraz’han, oraz-han) дегендей. Алайда мұндай емлелік, орфографиялық шаралар жазу, оқу жұмысын тіпті де ауырлата, икемсіздендіре түседі.

Енді «gh» (ғ) әрпіне келсек, қазіргі тілімізде «g» (г), «h» (х) дыбыстары қатар келетін сөздер жоқ болғанымен, бірақ көне түркі тіліндегі немесе басқа тілдердегі осындай тұлғалы сөздерді жазу барысында, бәрібір жоғарыдағыдай орфографиялық қиындықтарға тап болмай қалмаймыз. Әрине, мұндай жағдайлардан ақпараттың қата жеткізілуі, ұғым шатастығы туылуы сынды келеңсіздіктер шығады. Аталмыш әліппе үлгісіндегі «ae» (ә), «oe» (ө), «ue» (ү) сынды қос әріптерден де дәл осындай қолайсыздықтар туындайды. Бұлардан сырт, барлық қос әріптерге ортақ тағы бір мәселе бар, ол – тасымал заңдылығының бұзылуы. Электрондық қолжазбаларда әріптің, беттің көлемі өзгеруіне немесе бір аппараттан екіншісіне көшіру, көбейтпе жасау барысында таңбалардың орны үнемі өзгеріп тұратыны баршаға белгілі. Осындай жағдайда қос әріптердің алдыңғы бөлігі жоғарғы жолдың соңында қалып, кейінгі бөлігі төменгі жолдың басына шығып кетуі ықтимал. Ондайда «buershik» (бүршік) деген сөз «bu ershik» (бұ ершік), яғни «бұл – ершік» деген тұлғаға оп-оңай ауысып кетуі, мүлде қате ұғым беруі мүмкін. Нақты айтқанда, мұндай қолайсыздықтар тіліміздің фонемалық, морфемалық заңдылықтарына кері ықпал жасаумен қатар стилистикалық, пунктуациялық тұрғыдан да қолайсыз салдарлар алып келеді. Егер осы тектес қателіктер сот өндірісінде, мәмілегерлік, экономикалық қатынастарда, нотариаттық құжаттарда туындаса, оның азаматтар мен заңды тұлғаларға тигізер кесірі тіптен ауыр болмақ.

Біраз мамандар қос әріпті (диграфты) пернетақтаға үйлесімді деп дәріптеуде. Бізше, бұл сәл сыңаржақтылықпен айтылған пікір. Керісінше, қазіргі технология әліппелік жазуды былай қойғанда, пиктограммамен жазуға да мүмкіндік береді. Тіпті, соңғы кездерде пернетақта дегеннің өзі салыстырмалы ұғымға айналып барады. Егер қажетті тіл дұрыс таңдалса, оған сәйкесті пернетақта экранда өздігінен пайда бола кетеді. Демек әліппенің бар мәселесі пернетақтаға тіреліп тұрмағандығы анық. Өзгені қойғанда, латын жүйесіндегі әліппені ертеден қолданып келе жатқан Батыс елдерінде де ағылшындық әріптерден сырт, тек өз тілдерінің дыбыстық, лингвистикалық заңдылығына ғана тән бірталай әріп бар. Атап айтқанда, олар ағылшын пернетақтасындағы әріп санының шектемесіне ұшырап отырған жоқ, қайта өзді-өзі тілдерінің лингвистикалық табиғатын сақтай білуде. Бұл ұстаным тілдік жүйеміз ағылшыншадан мүлде алшақ болған бізге де ой салуға тиіс. Өйткені, әліппе ешқашанда ортақ болып көрген емес, ол тек қана бір тілге – бір ұлтқа қызмет етеді. Сондықтан, әрқандай ұлттың әліппесі, тек сол тілдің лингвистикалық заңдылықтарын сақтай отырып, олардың жазбаша идея алмастыру құралы болу сынды міндет атқарады.

Фонетикалық жүйесінде «ы» дыбысының болуы және «ч» дыбысының болмауы  қазақ тілінің өзге түрік тілдерінен ең басты айырмашылығы болып табылады. Сондықтан ы дыбысын (фонемасын) бейнелейтін таңбаны (әріпті) латын әліппесі түгіл, туысқан тілдерден де табу қиын. Ендеше, жаңа әліппемізде осы фонетикалық функцияны атқаратын әрі өзге тілдердегі таңбалармен шатасып кетпейтін арнаулы әріп болуға тиіс. Ұсынылған біраз үлгіде оған балама ретінде латыншадағы «y» әрпі алынған. Алайда оның өкілдік ететін фонемасы, атқаратын функциясы біздегі «й» әрпіне тура келеді. Ендеше оны неге өз орнында қалдырмасқа?! Кей үлгілер «й» дыбысы үшін латыншадағы «j» таңбасын ұсынады, шынтуайтында, ол біздегі «ж» әрпіне сәйкес келеді. Олай болса, бұл әріптің де «жылы орнын суытудың» ешқандай қажеті жоқ. Әрі мұндай қолдану тәжірибесі латындық негіздегі қазақ әліппесінде бұрын да болған. Мысалы, қытайлық қазақтар жиырма жылдай пайдаланған «Қазақ жаңа жазуы» (қысқаша, «жаңа әріп») атты әліппеде солай қолданылып еді (кестеге қараңыз).

Ал «ч» дыбысы қазақтың төл фонетикалық жүйесінде болмағанымен, көне түркі тілінде және туысқан тілдерде, сондай-ақ тілімізге кірігіп кеткен бірталай сөздерде бар. Сондықтан одан да қаша алмаймыз. Енді бұл дыбыс үшін қай таңбаны алуға келсек, қос әріптен (c мен h) жасалған «ch» немесе c әрпінен өзгертілген «ç» таңбасынан гөрі, «q» әрпін қабылдаған оңды болар еді. Ұсынылған бірнеше әліппе үлгісінде «q» таңбасына «қ» дыбысын беру міндеті жүктеліпті. Бұл да қисынды. Тіпті көне түрік жазуындағы «қ» дыбысына өкілдік ететін таңбалардың бірі осы «q»-ге ұқсайды. Алайда қазақ әліппесіне балама жасауға бәрібір латын әрпі жетіспейтіндіктен, «қ» дыбысын таңбалауға «q»-ден гөрі «k»-ге ұқсайтын «қ» таңбасы үйлесімді келері сөзсіз. Бұл да бұрынғы латындық қазақ әліппелерінде қолданылған әріп. Басқа бірнеше дыбысқа сәйкесті әріптерді жасау үшін де осы әдісті – фонетикалық жақындыққа мән беру әдісін қолдануға болады. Айталық, «e» таңбасының төңкерілген пішінінен «ә», «o» таңбасының ортасынан сызықша жүргізу арқылы «ө», сол сияқты, «u» таңбасының үстіне екі нүкте қою арқылы «ü» (ү) әріптерін жасауға болады. Атап өткеніміздей, осының бәрі бұрынғы латындық әліппелерімізде болған. Ал соңғысы туысқан түркиялық түріктердің әліппесінде, тіпті, туыстығы жоқ неміс әліппесінде де бар. Яғни, бұлардың ешқайсысы қазақтық және әлемдік лингвистика үшін тосын құбылыс, бөтен жағдай емес, қайта кең көлемді қолданыстағы таңбалар. Ал «ы» дыбысы үшін Бексұлтан Нұржекеұлы ұсынған үлгіні – «ы» әрпін алсақ немесе басқа үлгілердегі «i» таңбасы негізінде жасалған «ī» әрпін алсақ, бір жағынан «ы» мен «і» дыбыстарының жуан-жіңішкелік (тіл арты-тіл алдылық) сынды фонетикалық туыстығы әйгіленсе, екінші жағынан – пішіндік тұрғыдан көзге таныс, көңілге қонымды болары даусыз. Үлгі ұсынушылардың біразы «ғ» дыбысы үшін «g» (г) таңбасы негізінде, «ң» дыбысы үшін «n» (н) таңбасы негізінде жасалған «ɡ̈» (ғ) және «ŋ» (ң) нұсқаларын ұсыныпты, олар да көкейге қонымды.

«Жаңа әріп» әліппесінде (қытайлық қазақтар Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліппені ресми түрде «Қазақ көне жазуы» деп, ауызекі «көне әріп» деп, сәйкесінше «Қазақ жаңа жазуын» «жаңа әріп» деп атаған) «һ» (Һ) дыбысына сәйкесті әріп латынша «h» (H) таңбасының оң жақ балағына сабақша қосу арқылы жасалған. Оның бас әрпі кирилдік қазақшадағы «Ң» таңбасына ұқсайды (мәтіннің соңындағы кестеге қараңыз). Бізше, бұл да қолданысқа сұранып тұрған даяр үлгі. Ал «х» дыбысы «h» (H) таңбасының өзіне жүктелуіне ұсынылған үлгілердің барлығы дерлік келіскен. Сондай-ақ аталмыш әліппеде «бас әріп» (үлкен әріп), «жол әріп» (кіші әріп), «сызық» (–), «сызықша» (-), «солақ» (дробь, «/») сынды әліппетану ғылымына тән, әрі икемді, әрі таза қазақи терминдер бар.

Қазақ тілінің фонетикасында «в», «ф» және «ц» дыбыстары да жоқ. Алайда алдыңғы екеуі Байтұрсынұлы әліппесі, соңғысы кирил арқылы кіргізілді. Оның үстіне, бұл дыбыстар біз қолданып келген көптеген атау мен терминдердің құрамында бар. Сондықтан, оларды да бірден ысыру қиын, керісінше, олар үшін латыншадағы v, f, және c таңбаларын қабылдауымызға тура келеді. Бірақ олардың басқа тілдегі фонемалық міндеті біздің фонетикалық қана емес, морфологиялық, синтаксистік заңдылықтарымызға да қолайсыздықтар әкеледі. Әсіресе «ц» дыбысы шабаш (чуваш) тілін қоспағанда, барлық дерлік түркі тілдерге жат. Бізше, оны әліппемізге қабылдап отырсақ та, ғылыми әдебиеттерден тыс, басқа жанрларда «тс» таңбаларына алмастырып қолданғанымыз оң болмақ. Сонымен қатар, әліппеде оны «цэ» деп оқытпай, «ты-сы» деп оқытсақ, тіліміздің фонетикалық табиғатына үйлесімді болар еді. Сондай-ақ, алдыңғы екі фонема қатынасқан сөздерден дыбыстық аударма жасау барысында олар мүмкіндігінше «у», «б» немесе «п» дыбыстарымен алмастырылса, тіліміздің лингвистикалық табиғатының бұзылмауына оңды әсер етері сөзсіз.           Қорыта келгенде, қос әріпте жазу және оқу күрделілендірумен бірге көптеген орфографиялық, орфоэпиялық қателіктерге жол береді. Әсіресе, тіліміздің фонетикалық жүйесіне, атап айтқанда, қалыптасқан фонемалық, морфемалық табиғатымызға түзету мүмкін болмайтын ақаулар салады. Ал жалаң әріптер мұндай кемшіліктен аулақ болумен бірге, тіліміздің ұлттық лингвистикалық табиғатын сақтап қалуына, заманға ілесе кінәратсыз дамуына мүмкіндік әпереді. Атап өткеніміздей, жалаң әріп жазу-сызу барысында қолайлы болумен қатар уақыт, кеңістік, сондай-ақ, қаржылық жақтан барынша үнемді. Ойымызды бір сөзге жинақтасақ, ұсынылған үлгілердің әрқайсысының өзіне тән артықшылықтары бар. Егер осы артықшылықтар жүйелі ұштастырылса, заманға сай, қолданыс жағынан икемді, лингвистикалық талаптар тұрғысынан кемелді әліппе жасалары даусыз.

Ағылшын тілін үйрену – әлемдік озық жетістіктерді дер кезінде игеру. Ал қазақ әліппесін латындық жүйе негізінде қайта жасау мүлдем басқа. Екібасқа ұғымдарды бір-бірімен шатыстырып алмауымыз керек. Бірі еліміздің ғылыми-техникалық, инновациялық дәрежесін тездетіп көтеру үшін істелген шара болса, екіншісі, ұлттық болмысымызды, тіліміз бен мәдениетімізді мәңгілікке сақтап қалу үшін жасалған ұтымды шешім. Сондықтан, жаңа әліппенің әрбір әріпі, орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық жүйесі, қысқасы, оған қатысты барлық ережелер мен заңдылықтар тіліміздің лингвистикалық, филологиялық табиғатына сай болуы шарт. Бұдан сырт, жаңа әліппенің компьютерлік бағдарламасын жасаған кезде ғылыми-техникаға қатысты барлық шартты бергілер, грек, латын әріптерімен тұрақтандырылған халықаралақ таңбалар қоса ескерілгені дұрыс болмақ. Яғни олардың барлығы тіл ауыстырмай-ақ, қазақша арқылы қолжетімді болуға тиіс. Оған қоса барлық шартты таңбалардың атауы қазақ тілінің өзіндік лингвистикалық ерекшелігіне, төл фонетикалық нормасына сай қалыптастырылса, ол да тіліміздің тазалығын сақтауға, баяндылығына кепілдік етуге жасалған маңызды қадам болар еді.

Қытайлық қазақтар қолданған «Қазақ жаңа жазуы» («жаңа әріп») әліппесі:

Тілеуберді Әбенайұлы ТЫНЫБАЙЫН,

ҚР ҰҒА Құрметті академигі, тарихшы, аудармашы.