Жетісу табиғатын бейнелейді

Уақыты: 14.10.2017
Оқылды: 1611
Бөлім: ТҮПСАНА

Қасиетті қазақ даласының әр атырабы сұлулығымен көз тартады. Ал, жер жаннаты атанған Жетісудың табиғатын суреттеу кімге болса да оңайға түспесі анық. Дегенмен,  киелі мекеннің талантты төл перзенттері сол бір сұлулықты шығармашылығына арқау етіп, туындыларын ғасыр өткен сайын құндылығы арта түсер мұра етіп бедерлей білген. Мәселен, исі қазақтың мақтанышы, Қазақстанның Халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның қылқаламынан туындаған дүниелердің нарқы алты Алаш үшін жоғары.

Қылқаламды жанына серік еткен Айша Ғалымбаева ғажайып туындыларымен де, қазақтан шыққан тұңғыш суретші қыз ретінде де ел тарихында алтын әріппен бедерленді. Оның әр туындысы көрерменнің жан дүниесіне себез нұр сеуіп, көрер көздің қуанышы бола білгені анық. Асылын ардақтаған елдің зиялылары талантты суретшінің туғанына 100 жыл толуына орай көптеген игі шара ұйымдастыруда. Соның заңды жалғасы Талдықорған төріндегі Көркемөнер галереясында орын алды.
Көркемөнер гелереясында өткен «Туған жерім – тұғырым» атты халықаралық кәсіпқой суретшілердің жұмыстары  жинақталған плэнер барысында алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз алды. 
– Құрметті өнерсүйер қауым! Мәдениеті мен әдебиеті бай елдің сурет өнері де биік деңгейде. Оны сол биікке көтерген  Әбілхан Қастеев сынды біртуар тұлғаларымыз екені анық. Солардың сапында қазақтың аяулы қызы Айша Ғалымбаеваның есімі алтын әріппен айшықталғаны өздеріңізге мәлім, – дей келе табиғатынан кемел таланттың иесі болған қылқалам шеберінің туғанына ғасыр толған шақта ұйымдастырылып отырған бұл шараның мәні мен мазмұны терең боларына сенімді екендігін жеткізді. Сонымен қатар, плэнерге қатысушы қылқалам шеберлеріне сәттілік тілеп, Текелі тауының көркем жерлері шығармашылығының ең кемел тұсындағы туынды болып бедерленуіне ниеттес екендігін жеткізді. 
Өз кезегінде сөз алған Қытай Халық Республикасының суретшісі Түсіпхан Ұлықпан Айша Ғалымбаеваның туындылары жайлы тереңнен толғаса, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Ерлан Айтуаров, Қырғызстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Чолпан Мамазакирова игі шараның мәні мен мазмұны терең екендігін атап өтті. 
Он күнге созылатын халықаралық шара барысында шетелден және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған суретшілер Текелі тауы мен табиғатын бейнелемек. Ол туындыларын қазан айының 18-жұлдызында өтетін аталмыш плэнердің жабылу салтанатында көрмеге қояды деп күтілуде. Сонымен қатар, аталмыш тың туындылар галерея қорына өтеді деп көзделіп отыр. Шараны ұйымдастырушылар бейнелеу өнеріне қызығушылығы жоғары көрермендерді плэнердің жабылу салтанатына орай өтетін көрмеге шақыратынын да айта кеткен жөн.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.