Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА ЕСКЕРТКІШ БОЙ КӨТЕРЕДІ. КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 03.08.2022
Оқылды: 1204

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Басқосуда облыста бой көтеретін бірнеше ескерткіштің жобасы қаралды.

Жиында Шонжыдағы дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің алдына қойылатын, Қазыбек Дулатов, Талғат Серікбаев пен Алтынбек Орманбеков жасаған Мұқағали Мақатаев пен Илья Бахтияның ескерткіші, Райымбек ауданы Қарасаз ауылындағы Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінің алдына Дәулетбек Бектеміров жасаған Еркін Ібітановтың бюсті, сондай-ақ, Нарынқолдағы Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінің алдына Еркін Мақұлбеков пен Қазыбек Дулатов жасаған Баққожа Мұқайдың бюсті комиссия мүшелеріне ұсынылды. Ал Мұхамед Абдуллаевтың Машур Жалиловке жасаған үш түрлі бюсті комиссияның таңдауына түсті. Кеген ауданы, Алғабас ауылында тұрғызылатын, Нұртас Әділбаев ұсынған Еспер батырдың ескерткіші де ерекше болмақ.

Комиссияның қарауына ұсынылған ең ірі ескерткіштің нобайы – Қонаев қаласынан бой көтеретін Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші. Жоба авторлары – Марк Бейдалы, Роман Ботабеков және Гүлфия Мелдеш. Ескерткіштің жобасын қарап шыққан комиссия мүшелері өмірін ел дамуы мен өркендеуіне арнаған қоғам қайраткерінің бар болмысын ашатын ескерткіш жасап шығуды  ескертті.

– Ескерткіш – елдің, халықтың мәдени мұрасы. Ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалады. Оны көрген ұрпақ өзінің өткен тарихын, ата-бабасының кім болғанын ұғынуға тиіс, – дейді суретші Жақан  Бәрімбеков.

Серік ҚАНТАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы