Билер соты - әділдіктің ақ туы

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1291
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған бағдарлама аясында облыстық сот ұжымы «Қазақ билер соты – әділдіктің және бітімгерліктің алтын тұғыры» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалының жетекшілері, республикалық жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, облыс судьялары мен зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиынды облыстық соттың төрағасы Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз тізгінін облыс әкіміне берген модератор жиынға қатысушыларды толық таныстырып шықты.

– Ата-бабаларымыз    «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп билік құрудың мағынасына үлкен көңіл бөлген. Қазақ билерінің билік айтуы, іс қарауы ашық, жариялы түрде өткеніне тарих куә. Қандай қиын іс болса да ердің құнын екі ауыз сөзбен шеше білген билердің өмірі кейінгіге үлгі-өнеге болды. Сондықтан да болар заң ғылымының білгірі, академик Салық Зиманов «Би – ең алдымен сот» дегенді айтты. Билер мәртебесі Ұлы Дала елінде қашанда жоғары болған, – деген Амандық Ғаббасұлы көпшілікке әділдіктің, туралықтың, шыншылдықтың үлгісі болған билер сотының маңыздылығын түсіндірді. 
– Осыған орай елімізде билер сотының ашықтығы, жариялылығы кеңінен қолданылып, қазақстандық әділ сот өзгелерге үлгі бола бастады. Қазір соттардың шешім шығарған сәттерін Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың сайты арқылы бақылауға болады. Елімізде тараптарды татуластыруды мақсат еткен медиация институты бекітілді. Бүгінгі күні облыстың барлық аудандары мен қалаларында медиация кабинеттері жұмыс істейді. Билердің «Дау мұраты – бітім» деген ұстанымын қазіргі таңда соттар жалғастыруда. Еліміздегі сот органдары бабалардың осындай бай мұрасын заманға сай жаңғыртып, ел игілігіне пайдалана білуде деп толық айта аламыз.
Бұдан соң конференция жұмысына орай І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұстазы Сайлау Қожағұлов, заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев, Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири, заң ғылымдарының докторы, профессор Сарқытбек Молдабаев сынды белгілі ғалымдар баяндама жасап, билер шешімінің өміршеңдігіне қатысты деректерді таныстырды. Одан соң баяндама жасаған облыстық соттың судьясы Нұргүл Айымханова, Алакөл аудандық сотының төрағасы Шалқар Талданбаев еліміздің сот жүйесіндегі жаңа қадамдардың тиімділігін әңгімеледі. Жиынды облыстық соттың төрағасы Мейрамбек Таймерденов қорытындылады.

М. ӘСЕТҰЛЫ