O`rkeni`etke jol as`atyn a`li`pbi`

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1295
Бөлім: ТҮПСАНА

Талдықорған қаласының Тіл сарайында тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері бас қосып, атқарылған жұмысты тағы бір пысықтап алды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған «A’lemdik o’rkeni’etke jol as’atyn a’lipbi’» атты «дөңгелек үстелге» қатысушылар ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Жиынның мақсаты – әртүрлі сала мамандарының жаңа әліпбиге қатысты тұжырымдарын білу және тыңдау. Басқосуға белгілі киноактер, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазиев, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Сайлаухан Қожағұлов және басқа да мамандар қатысты. «Дөңгелек үстел» қатысушыларына «Latyn a’lipbi’inin’ qoldanyly’y» деп аталатын кітапша таратылды. 
Латын қарпіне көшу ұлт үшін маңызды қадам екендігін айтқан Мұратбек Иманғазиев әліпбидің тарихына тоқталып, маңыздылығын баяндады. Өзге елдердегі оқиғаларды мысалға келтіріп, келешекте атқарар жұмысқа назар аударды. Тіл маманы ретінде өзінің жеке ойын да білдірді. Ал Әлімғазы Райымбеков болса, мектепте дәл осы әліпбимен білім алғандығын еске алып, меңгеріп кетудің еш қиындық туғызбайтынын айтты. 
Өркениеттің мызғымас мекеніне айналған жеріміздің терең тарихын, онда құрылған көне мемлекеттердің мәдениеті мен ерекшелігін сипаттаған Әміре Әрінұлы сонау сақ, ғұн, үйсін дәуірінде де жазу мәдениеті болғандығын мақтанышпен жеткізді. Оның дәлелі ретінде Есік қаласынан Алтын адамның қасынан табылған табақтағы жазуды мысалға келтірді. Сондай-ақ, сол кездің өзінде әлемде алғаш рет темір, алтын, мыс өндіріп, тасқа таңба қалдырған ата-бабамыздың ерлігін үлгі етті. Латын қарпіне қатысты пікірін білдірген ол:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы Жарлыққа қол қоюы біздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең ұлы бастамамыз, қадамымыз. Өйткені тіл тәуелсіз болмай, тіл еркіндік алмай ел тәуелсіз болмайды. Мұнда саяси астар, ұлттық мүдде мен Мәңгілік Ел идеясы тұр. Ондай ел болу үшін алдымен тіл керек. Ұлттық құндылықтарымызды, асыл болмысымызды сақтау үшін, ұрпаққа бірдеңе қалдыру үшін тез арада жаңа әліпбиге көшуіміз керек және де әрқайсымыз  ұраншысы әрі жүзеге асырушысы болуға тиіспіз, – деді. Ал Атсалим Идигов қазіргі таңдағы қазақ тілін білудің маңыздылығы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл қадамын кеңінен тарқатып айтты. «Жарлыққа қол қойылмай тұрып көптеген кездесулер, талқылаулар өтіп, нәтижесін де беруде. Ендігі кезекте барлығымыз бір атаның баласындай бірлесе жұмыс жасап, саяси үрдіске қолдау танытуымыз керек», – деді Атсалим Саламович.
Елбасы “Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесінің қажеттілігін атап өтті. Бүкіл жұрт болып талқылаған соң латын әліпбиіне көшу туралы Жарлыққа қол қойды. Республика бойынша xалық көп шоғырланған Алматы облысы осы тұрғыда белсенділік танытып келеді. Осыған дейін облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қызметкерлері өңірдегі барлық аудан, қалаларды аралап, тұрғындардың пікіріне құлақ түрді. Осыны тілге тиек еткен жиын қонақтары басқарма ұжымына алғыс айтып, жұмыстарына жеміс тіледі.

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ.