Жерлестерді жігерлендірді

Уақыты: 13.12.2017
Оқылды: 1097
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ауқымды іс-шаралардың өтуіне мұрындық болуда. Соның бірі – «Туған жер» бағдарламасы арқылы патриотизмнің жарқын үлгісін нақты нәтижемен көрсету. «Сегіз көл» кешенінде өткен «Талғар-инвест» жерлестер форумы осы ақиқатты айқындай түсті.

Сән-салтанаты үйлескен кешенге түрлі кәсіптің көзін тапқан бизнес өкілдері жиылды. Жерлестер басын біріктірген форум жұмысына аудан әкімі Райхан Садықова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ертарғын Астаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының комитет төрағасы Мұрат Әбенов, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов және облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Тойбаев қатысты. Форум жұмысының алдында «Туған жер» атты фильм көрсетілді.
Осы орай Талғар ауданында жаңа технологиялар мен инновациялық жаңалықтар енгізу, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызудың нәтижесінде «Туған жер» бағдарламасы бойынша 30 жобаны іске асыру жоспарланғандығын айрықша атау абзал. Жобаны іске асыру барысында аудан көлемінде 6 мешіт, 1 көпір, 2 демалыс паркі, 2 сквер, 3 балалар алаңы, 1 дене шынықтыру залы және ауыл мектебіне 1000 кітап тапсыру, сондай-ақ, 1 өлкелік музей ашу жоспарланған. Барлық тартылған инвестиция көлемі 1 млрд. теңгені құрайды. Соның ішінде бүгінде 384 млн. теңгелік 6 жоба жүзеге асырылған. 
Жиынның басты мақсаты – осы өңірден түлеп ұшқан белсенді азаматтардың басын қосып, ауданның экономикалық даму көрсеткіштерімен, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігімен, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстыру. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес ел экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды бірлесіп атқаруға ұсыныс жасап, туған жердің өсіп-өркендеуіне атсалысу.
«Туған жер» бағдарламасы елін, жерін сүйген азаматтардың патриоттық сезімін арттырып, жарқын істерді жарқырата көрсетуге негіз болуда. Жекеменшік пен мемлекеттік жобалардың бірлесе жұмыс істеуінің арқасында халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң ықпалын тигізуде. Аудандағы инновациялық ірі жобалардың іске қосылуының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық өндіріс өркендеді, – деген Райхан Нұрмырзақызы отандық өнім шығарумен айналысатын «Керуен Плюс»,  «Фреш Фуд», «Барон», «Интеллсервис», «Глазман», «Синтез KZ» ЖШС сынды ірі кәсіпорындардың аудан экономикасын көтерудегі үлес салмағын айрықша атап өтті.
– Бүгінгі тақырыпта өтіп жатқан бұл форум, ең біріншіден, ортақ Отанымыз – Қазақстанды көркейтіп, гүлдендіруге деген іс-шаралар жалғасы. Ал енді осында отырған бәріміздің туып-өскен ауылымыз, ауданымыз бар. Сол себепті, іскер азаматтардың атсалысуымен әлеуметтік нысандар салу мәселесі қолға алынуда. Елбасының алға қойып отырған үлкен міндеттерінің бірі осы. Мұндай жағдай болмағанның өзінде өзіміздің тұрған көше, туған ауылымызды абаттандыру, безендіру істерін қолға алуымыз керек. Тазалықтың табалдырықтан бастау алатыны секілді, көшеден басталған тазалық ауыл мен ауданның ажарлануына негіз болады, – деді форумда сөз алған Қазақстан Рсепубликасы Парламенті Сенатының депутаты Ертарғын Астаев. Қандай да бір істі бастауда батылдық пен рухтың жоғары болуы маңызды рөл атқаратындығын атап өткен халық қалаулысы қалталы кәсіпкерлерді осындай мүмкіншілікті қалт жібермеуге үндеді. Сөз соңында кезінде өзімен Тұздыбастау ауылындағы мектепте бірге оқыған сыныптасы, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Бақытжан Тобаяқтың:
Біз Талғарданбыз, иә, 
біз Талғарданбыз,
Талай асу белдерді алғандармыз.
Мәңгілік Ел жолында талмайтұғын,
Зәу биікке самғайтұғын, тарлан жүріс тарландармыз, – деген форумға қатысушыларға арнаған жыр шумағын оқып, бір серпілтіп тастады.
Келесі кезекте сөз тізгінін алған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Комитет төрағасы Мұрат Әбенов:
– Осындай жерлестерге жігер берген, рухы күшті ыстық ықыластың өзі «мен азаматпын!» деген жандарды жақсылыққа, батылдыққа қамшылайды. «Рухани жаңғыру» – стратегиялық бағдарлама. Мұны көпшілік идеологиялық сала деп қабылдайды, шын мәнісінде бұл бірінші кезекте бәсекелестікті, екінші кезекте прагматизмді көрсетеді. Білімді, қаржылық сауаттылығы жоғары, заңдарды жақсы білетін және өз мүмкіншілігіне, отбасына, еліне сүйеніп алға шыққан бизнес өкілдері үлкен жетістікке жете алады. Талғарлық бизнес өкілдеріне сәттілік тілеймін. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарын оқыған мамандардан гөрі орта білім алған кәсіп иелеріне сұраныс жоғары. Себебі, отандық таза, табиғи өнім шығаратын кәсіпорындар жұмысы қарқын алып келеді. Халықтың да сұранысы артқан. Таңдайға татымы жоқ шетелдіктен гөрі өзіміздің құнарлы топырақта өскен табиғи өнімді алуға талпынады. Бұл отандық бизнестің өркендеуіне мүмкіндік беруде, – деген Мұрат Абдуламитұлы жер жәннаты Жетісуда ауылшаруашылығы саласы мен туризмді дамытуға инвестиция салуға мүмкіндіктің мол екендігін айрықша атады. Бұған қоса, ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттауда Ұлттық кәсіпкерлік палатасы да бірталай жұмыстар істеп жатқандығын баяндады. 
Бұдан кейінгі кезекте облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов облыс әкімі Амандық Баталовтың форумға қатысушыларға жолдаған сәлемін жеткізе келе тәуелсіз елдің 26 жылда жеткен жетістіктерін саралады. Кәсіпкерлікті дамытуға Талғар ауданында барлық мүмкіндік бар екендігін тағы бір тәптіштей түсіндірді. Оған Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес жатуы, сондай-ақ, табиғатының да таңғажайыптығы ерекше ықпал ететіндігін атады.
Форумда жарыссөзге шыққан «Керуен Плюс» ЖШС-нің атқарушы директоры Айдын Каташев, «HOWA CENTRAL AZIA Ltd» АҚ басқармасының төрағасы Ғани Аманбаев, «Синтез KZ» ЖШС-нің директоры Игорь Рыбин, тағы басқалар отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың жетістіктері мен артықшылықтарын айтып берді.
Мақсаты айқын, міндеті зор форум жұмысын облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Тойбаев қорытындылады.
Форум жұмысының аяғында ауданға инвестиция тарту мақсатында келген іскер азаматтармен екіжақты меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құны жоғары инновациялық ірі жобалар жүзеге асса Талғар ауданының әлеуеті артып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тың серпінге ие болары сөзсіз.

Ұлбосын ИСАБЕК.

Талғар ауданы.