Баһадүр батыр Байсейіт

Уақыты: 13.12.2017
Оқылды: 2256
Бөлім: ТҮПСАНА

Аудандық Мәдениет үйінде «Баһадүр батыр Байсейіт Тойшыбекұлы – тарихи тұлға» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясындағы шараны аудан әкімдігі мен батырдың ұрпақтары ұйымдастырды. Халықтың өткеніне құрмет көрсету мақсатындағы жиын жаугершілік заманда еліне қорған болған Байсейіт батырдың ұлт тарихында алар орнын айқындай түсті.

Конференцияны ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан ашып, Байсейіт батыр туралы деректерге жан-жақты тоқталды.
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына, өсіп-өнуіне, сыртқы жаулардан қорғануына еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың бірі – осы Байсейіт Тойшыбекұлы. Баяндамашы күреспен өткен санаулы жылдарын туған халқының амандығына арнаған батырдың туғанына биыл 186 жыл, азаттық жолында шейіт болғанына 150 жыл толғанын еске салып, баһадүрдің ерлік істеріне тоқталды.
«Дұшпанды бері бастырмай,
Ат жаратып баптаған.
Қайда да батыр жігіттер
Байсейітті жақтаған», – деп жыр сүлейі Сүйінбай жырлаған Байсейіт батырдың ерлігі жайлы жиында кеңінен сөз болды. Бұл орайда аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев Байсейіт батырдың ерлікке толы өмірбаяны бұрын көп зерттелмегендіктен талай жылдар бойы тасада қалып келгенін, енді, міне, рухани жаңғыруды арқау еткен тың ізденістердің арқасында ұлы батырдың рухымен ұрпағы қауышып отырғанын жеткізді.
Баяндамада осыдан он бір жыл бұрын тарихшы Айткүл Махаеваның «Тойшыбек би және оның заманы» атты монографиясы кітап болып шыққаны, ғалым онда ел тарихын жаңаша сипатта саралағаны атап айтылды. Кітапта Ұзынағаш шайқасы және Байсейіт Тойшыбекұлы тақырыбында талай деректер мен өзіндік пайымдар қамтылған.
Туған жер үшін шайқасқан қазақтар жанкешті ерлікке барды. Қазақ, қырғыз жігіттеріне Байзақ, Батырбек, Момынбек, Қожабек датқалар мен Сыпатай батыр, қырғыз манабы Жантай және тағы басқа қариялар ақыл-кеңес беріп, демеп отырды. Қордай, Ұзынағаш төңірегіндегі қазақтардың қоқандықтар жағына өтуіне Байзақ датқа көп әсер етті. Сыздық төре, Сұраншы, Байсейіт, Арыстан, Ақмолда батырлар қазақ-қырғыз қолын бастап шықты. Аталған еңбегінде ғалым:          «…П. Пичугин қырғыздардың атты әскері үш мың адамдай болды, солты руын Іледен қуылған Тойшыбектің ұлы Байсейіт бастап келді деп көрсетеді. Бұл мәлімет Ботбайдың батыры Байсейіттің Ұзынағаш шайқасында қазақтармен бірге қырғыз жігіттеріне де қолбасшылық жасағанын аңғартады», – дейді.
Мұрағаттық құжаттарға негізделген баяндамаларда Ұзынағаш шайқасынан кейін қоқандықтардың шақыруымен ботбайлардың басым бөлігімен бірге Талас өзені бойына қарай көшкен Байсейіт бауыры Керімбек екеуі 1862 жылға дейін қоқандықтар жағында орыс отаршылдығына қарсы күресін жалғастыра бергені айтылды. 1862 жылдың аяғында олар орыс үкіметінен кешірім сұрап, хат жолдайды. Байсейіт пен Керімбекке 1864 жылы 24 мамырда генерал Дюгамель тарапынан кешірім беріледі. Сөйтіп, ел ішінде «қос батыр» атанған Тойшыбектің екі ұлы орыстар жағына өтеді.
Алмағайып, аласапыран кезең еді ол. Геосаяси жағдайдың ушыққаны сонша, Қоқан хандығы мен Ресей империясының мүддесі қайшыласты. Іргедегі Қытайдың да дәмесі талай жерде жатты. Түгін тартса майы сорғалаған Жетісуға көз алартқан көршілердің тәбеті тіпті ересен еді. Сол бір сәтте кімге иек артарын білмеген қайран қазақ әбден дағдарды. Өз діндесінен өрескел қысым көрген бабаларымыз Шу өзенінен ары да, бері де өтті. Қордай мен Сұлутөр аймақтарында, тіпті сонау қуаң далалы шөлейт өлке Аңырақай, Алмалы, Сарыбұлақ, Ащысу, Қызылқайнар, Қарақұр алабына дейін барып, үркіншілікпен біраз жыл көшіп жүрді. Ақыр соңында, ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары өздерінің ежелгі атамекендеріне түбегейлі орнықты. Орнықтырған сол батырлар – Сұраншы мен Сүттібай, Андас пен Сыпатай, Сарыбай мен Диқанбай, Байсейіт Тойшыбекұлы, басқа да жаужүрек ерлер.
Замана бұлты бұл өлкенің бейбіт күнін сан рет торлағандықтан болар, ХІХ ғасырдың тауқыметке толы тарихы осы мекенде туып-өскен небір сайыпқыран ерлердің есімімен тығыз байланысты. Азаттық үшін арпалысып, Ұзынағаш пен Қопада ер Сұраншы мен Сүттібай, Сарыбай мен Диқанбай, Сыпатай мен Медетбек бастаған сарбаздар Қоқанның қаптаған қолына қаймықпай қарсы тұрды. Туған елі мен жерінің тағдыры жолындағы күресте Қарақыстақта Саурық батыр Ыстамбекұлы қырғыздың қарау жендеттері қолынан қапияда мерт болса, небары 36 жыл ғұмырында ел есінде мәңгі сақталар ерлік жасаған Байсейіт жауырынға тиген жебе оғының салдарынан өмірден ерте өтті.
«Осындай батыр бабаларымыз болмаса, қазір осы жер кімнің уысында тұрарын кім білсін. Сондықтан рухани жаңғыруға байланысты өтіп жатқан әрбір шара барысында еліміз бен жеріміздің азаттығы үшін күрескен тұлғаларды дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық патриотизм үлгісін сіңірсек дейміз. Конференцияның басты міндеті де сол. Осы жиынды ұйымдастыруға барынша атсалысқан батырдың тікелей үрім-бұтағы Ғалымбек Нұркеевке, ғалымдар мен қайраткер азаматтарға, көпшілік қауымға айтар алғысымыз шексіз», – деді аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Дастан Шалтабаев.
Конференцияда батыр туралы зерттеу еңбек жазған ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айткүл Махаева, қазақ тарихшыларының арасында ерекше орны бар үлкен ғалым, алаштанушы академик Мәмбет Қойгелді, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайымов, шежіреші, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы батырдың зерттелу жайын, тарихтағы ерен еңбегін жан-жақты тарқатты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын Шөмішбай Сариев батыр туралы арнау өлеңін оқып, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов лебіз білдірді.
Арасында сахналық қойылымда Байсейіт батырдың Кенесары ханмен кездесуі, патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресі, Сұраншы батырмен тілдесіп: «Шықсақ тауымыз бір, соғыссақ жауымыз бір болсын» деп тізе қосып, басқыншыларға бірге қарсы тұрған сәтінен көрініс қойылды. Бір топ мектеп оқушысы батыр туралы дастанды мүдірместен жатқа оқып, көрермен қошеметіне бөленді. Жамбыл облысының Меркі ауданындағы ағайынның ықыласын жыршы-термеші Бейбіт Шошабаев домбырамен термелетіп жеткізді.
Тарихи деректер бойынша Байсейіт Тойшыбекұлы 1831-1867 жылдары өмір сүрген. Батырлар әулетінде дүниеге келген оның қайсарлығы мен ерлігін айналасы ерте таныған. Оны Сыпатай батыр жоғары бағалап: «Жауға шапқанда Байсейіттің найзасының ұшы менікінен бұрын тиюші еді, менен гөрі сол Байсейіт батыр» деген екен. Патша өкіметінің жаулап алу саясатына қарсы күресе жүріп, Байсейіт батыр ел тұрмысының жақсаруына да үлес қосқан. Оның басшылығымен туған жері Ақсеңгір өзенінің жоғарғы жағынан тоған салынып, егін егілген. «Байсейіт тоғаны» деп аталатын тоғанды жұрт жағалай қонып, салған егіні көктемнен күзге дейін жайқалып тұғандықтан ел сол өңірді «Көкдала» атап кеткен. Бейіті де сол маңдағы Ақсеңгір өзенінің жағасында.
Жиыннан кейін батыр баба рухына Құран бағышталып, ас берілді. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ.

Жамбыл ауданы.