Өркениетке бастар жол

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1252
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – Қазақстанды отыз дамыған елдің қатарына жетелейтін жарқын бастама. Онда, әсіресе, еліміздің жаңа әліпбиге қадам басуы оған жетелейтін  фактор деуге болады. Қазіргі таңда әліппемізді латын таңбасына көшіру жайы білім саласында қызу талқылануда. Әліпби ауыстырудың негізгі себебі – қоғамның бүгінгі талаптарына байланысты туындап отыр. 

Бүгінде жаңа әліпбидің бірыңғай стандарты бекітіліп, оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынуда. Ал, білім саласы үшін латын қарпіне көшу – бір күннің шаруасы емес, ол үш кезең бойынша жүзеге асырылатын іс. Дайындық кезеңі толық аяқталғаннан соң ғана мектептерге жаңа әліпбиді енгізу байыппен жүргізіледі. Сондай-ақ, орыс тілі сабағы кириллица бойынша қалдырылып, қазақ тілінде оқытылатын сабақтар латын қарпіне ауыстырылатын болады. Нәтижесінде балалар екі әліпбиді де меңгеріп шықпақ. Тиісінше, жаңа әліпби ағылшын тілін меңгеруге қаншалық оң ықпал ететін болса, жаратылыстану бағытындағы пәндер үшін де соншалық тиімді болмақ. Себебі, бұл пәндердегі өлшем бірліктің барлығы дерлік латын қарпінде. Осы орайда, тіл – коммуникацияның әмбебап құралы болып саналатындықтан, латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, мобильді қосымшалар мен ақпараттық бағдарламаларды шығарудың маңыздылығы зор деп санаймын. Яғни, бұл тек қана тілдің реформасы ғана емес, санымыздың жаңғыруы, жаңаша ойлап, болашаққа батыл қадам басуымыздың негізі. 
Өйткені, латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын әліпбиін пайдаланып отыр. Әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылады. 
Әліпбиді өзгертудің тағы бір басымдылығы –  латын қарпі жер-жаһанға кең тараған, соның арқасында жастар ғаламтор арқылы ақпарат айдынына еніп, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке еркін енеді. Жаңа әліпби жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, сананы сілкіндіреді, жадыны жаңғыртып, тілге тәуелсіздік әпереді. 
Осы орайда ұстаздар алдында  ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды дәріптейтін, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан адамгершілік қасиеттеріне сүйенетін рухы биік ұрпақты тәрбиелеу міндеті тұр. Рухани тұрғыда жаңғырған «Мәңгілік Елді» құру жолындағы басты міндетіміз – ұлттық нақышымызды сақтай отырып, заманауи талаптарға сай білімді және өркениетті ел болу. Яғни, латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. 

М. Садуақасова, 
Алмалы орта мектебінің кітапханашысы.
 Сарқан ауданы.