Салтанат сарайындағы салтанат

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1387
Бөлім: ТҮПСАНА

Сұлудың сәукелесіндей көзге бірден оттай басылатын Салтанат сарайында бас қосқан ақпарат саңлақтарының көңілі көкте. Бүгінгі мерекені көптен күткені сонша көздерінде көктем ойнап жүргендей. Сәлден кейін өңір басшысының өзі марапаттамақ. Айтқанымыздай-ақ облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ келе салысымен кештің көркін қыздыра түсті. 

– Құрметті ағайын, сіздерге айтар жақсы жаңалығым бар. Жаңа ғана Елбасымыз хабарласты. Бәріңізге ыстық сәлемін жолдап жатыр, – деп қуанышымен бөлісіп, сөзін іле жалғады.  
– Облысымызда атқарылып жатқан игі істерге ел Президенті оң бағасын берді. Қаламыздың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын жақсылыққа жорыды. Түптеп келгенде мұның бәрі сіздердің арқаларыңыз. Өңіріміздегі елеулі оқиғалармен ел-жұртқа құлағдар етіп, ақпарат айдынында қанаттарыңызды кеңге салып келесіздер. Бүгінгі мерекелеріңізбен  шын жүректен құттықтаймын,  – деген Амандық Ғаббасұлы Мемлекет басшысының жерлесіміз, тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке «Еңбек Ері» атағын бергенін айтып, жетісулықтарды бір желпінтіп тастады.
Одан кейін ортаға шығып, өзінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған «Самғау» журналистер премиясының жеңімпаздарын марапаттады. Айта кетейік, дәстүрлі түрде өтетін облыс әкімінің жүлдесі бұл жолы «Самғау» деген атпен алғаш рет ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері жыл басынан бері «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында жарық көрген жүйелі жұмыстарын ұсынған. Ал қырағы қазылар алқасы үміткерлердің жұмыс істеу тәжірибесі мен материалдардың маңыздылығын және оны ұсыну тәсілін назарға алды. Жеті аталым бойынша бәйгеге түскен жүзге тарта ақпарат өкілдерінің ішінен жиырма бірі ғана жеңіс тұғырынан көрінді. 
Арнайы сыйлықтар табысталып біткен соң, алдымен «Рухани жаңғыру тақырыбындағы шеберлігі» номинация бойынша жеңіске жеткен  «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұнғатарға сөз берілді.
– Рухани жаңғыру бұл киелі орындарға тағзым етумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге ол халықтың ең бастысы жастардың отаншылдық рухын оятып отыр. Құрметті Амандық Ғаббасұлы, бұл тұрғысынан сіз өзіңіздің қолтаңбаңызды қалдырып отырсыз. Осылай журналистермен қоян-қолтық араласа отырып, іс-әрекетіңізді насихаттап, көздеген мақсатыңызға жетуіңізді тілеймін – деді ол. 
Жетісу топырағының түлегі, танымал журналист Нұртілеу Иманғали жетісулық жас журналистердің қаламдары қарымды, жазғандары жалынды екенін тілге тиек етті. «Жетісу» телеарнасының бас директоры Бейсен Құранбек болса, өңірімізге республикамыздың түкпір-түкпірінен жас дарындар ағылып келіп жатқаны мақтанышпен жеткізді. 
Соның бірі республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Алмас Нүсіп. Ол өз сөзінде:
– Желтоқсан айы жарқын сәттерге толы. Әлеуметтік желіде  достарым өзінің жеңістерін жарыса жариялауда. Бізге де осындай мүмкіндік туғызғаныңызға көп рахмет. Әріптестер алдағы уақытта бұдан да зор марапатқа ие болыңыздар –  деді  шынайы ризашылығын білдіріп. 
Одан әрі сөз тізгінін газетіміздің бас редакторы Әміре Әрін алды.
– Осы сайыста топ жарған таланттардың басым бөлігі «Жетісу» газетінен қанаттанғандар. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Жер жаннаты мықты мамандардың ұстаханасына айналуда. Бүгін Елбасының өзі сізге хабарласып, құттықтап жатыр. Елмен бірге, бізбен бірге мұзарттарды бағындыра беріңіз, – деді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Кім нені жақсы білсе соны әдемі жазатыны белгілі. Тұғырдан көрінгендерді атап өтетін болсақ. «Рухани қазына тақырыбын ашу» номинациясы бойынша «Жетісу» телеарнасының журналисі Зухра Жақыпбаева жеңіске жетті. Бұл биіктен үздік репортаж жүргізген 31-арнаның тележурналисі Самал Қабышова, үздік бейне-материал аталымы бойынша «Хабар» телеарнасынан Самат Оразадинев, үздік фото-репортаж жасаған «Талдықорған» газетінен Айдын Нұржанов, үздік пост жазған Ажар Ботабаева жеңімпаздар тізімінен көрінді. 

 

Білу бар да, айту бар. Бұқараның бөтегесінде бүгіп жатқан қилы-қырлы сырларын мінбедегілерге жеткізуді мақсат еткен БАҚ өкілдерінің еңбегі ерен. Әлемдік өркениет көшіне қосылған ел ретінде дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға пікір қосып, пайым илеуінен өткізетін жансебіл жандардың жетістіктері мұнымен шектеліп қалмақ емес. Келесі жылы да ойға сүйек, тілге тиек болатын мезгілді мәселелердің томағасын ағытатынына сенімдімін. Жақсылықтың жаршысы болуды жазсын!

Мұхтар КҮМІСБЕК.