ДАРЫНДЫЛАР БАПКЕРІ

Уақыты: 04.08.2016
Оқылды: 1522
Бөлім: ТҮПСАНА

Бүгінгі таңда директор Омарова Ғазиза Байтенқызы және оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Қызайбекова Бақыт Әбілмажанқызы жетекшілік ететін Талдықорған қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар саз мектебіне 60 жыл толып отыр. Осы мектепте баян, домбыра, фортепьяно, қобыз, скрипка және гитара қатарлы бірсыпыра аспап пәндері бойынша жоғары білімі бар ұстаздар жұмыс жасайды. Оқушыларға аталмыш бағыттар бойынша дәріс беріп, ары қарай өнер жолына бағыттап, талаптарын толассыз ұштап келеді.

         Мектептегі білікті де білімді ұстаздардың бірі, домбыра пәнінің мұғалімі Роза Егінбаеваны айрықша алқап айта кеткеніміз артық болмас. Оның ерекше еңбегі сол – «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, алғаш ақүрпек балапанға ұқсап мектеп табалдырығын аттаған өрендерге өнер жолын нұсқайды. Осы жолда талпынған жас шәкірттердің музыкалық сауатын ашып, олардың өз бойындағы мүмкіндігін толықтай көрсетуіне жол ашады.  Қазір оның жемісін де көріп үлгерді дей аламыз. Сөзіміздің дәлелі, Роза Хамитқызының даярлаған оқушылары әртүрлі жарыстарға, облыстық, республикалық, халықаралық түрлі байқауларға қатысып, өз кезегінде жүлделі орындарға да ие болуда. Бұдан бөлек, ол тәрбиелеген тастүлек таланттар қоғам өміріне де белсене араласуда. Мәселен, мектепаралық, қалааралық іс-шараларға белсене қатысып, өңір жұртшылығының көзайымына айналып жүр.

          Осы жылдың қаңтар айының 3-4 жұлдызында Алматыда өткен "Күншуақ" республикалық фестивалі аясындағы «Зимняя сказка» конкурсында оқушысы Ерасыл Қабдылов II орынға ие болса, наурыз айында, нақтырақ айтқанда, 24–27 жұлдызы аралығында Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» халықаралық фестиваль-конкурсының 10 жылдық мерейтойында Сағымжан Жібек II орыннан көрінді. Самат Ділназ есімді оқушысы III орын алып, лауреат атанды. Қарап тұрсаңыз, кәдімгідей үлкен жетістік, тіпті, биік деңгей деп ауыз толтырып айтуға болады. Роза Хамитқызының ол үшін төккен тері мен еткен еңбегінің аз болмағаны баршаға аян болса керек. Бірақ, ұстаз Роза Егінбаева мұнымен шектелмеді. Үнемі талапқа талап қосып, нәтиже шығаруға тырысты.

Сөйтіп, жастайынан өзі баулыған шәкірттерін шыңдаған үстіне шыңдай түсті. Оның айқын көрінісі – тура осыдан үш ай уақыт өткенде оның оқушылары тағы да республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрінді. Маусымның екінші жұлдызында Алматыны дүбірге бөлеген «Күншуақ» халықаралық фестивальінің халық аспаптары жарысында Самат Ділназ II орыннан көрінсе, Мәди Салықбаев пен Мейір Олжас дуэт аталымы бойынша ІІ орынды иеленеді. Ал осыдан бір күн кейін тағы осы қаланың өзінде ұйымдастырылған «Горное солнце» халықаралық фестиваль-конкурсында Сағымжан Жібек бас жүлдені иеленіп, феситвальдің хрусталь кубогын жеңіп алады.

Міне, осылайша еселі еңбегі еш кетпей, оның жемісін көріп отырған талапшыл ұстаздың әлі талай асуларды бағындыратынына   сенеміз. Тәрбиелеген шәкірттерінің қашанда оның үмітін ақтайтыны сөзсіз. 

 

Қ. ӘБДІҒАПАР.