Сәулетші

Уақыты: 06.08.2016
Оқылды: 1621
Бөлім: ТҮПСАНА

Әр адам өз тағ­дыры­ның сәу­лет­шісі деген тәмсіл бар. Сонымен бірге өзге жұрт­тың өмірін сәулет­тен­діріп жүре­тін жандар болады. Бүгінгі біздің әңгі­меміздің өзегі болып отырған Шәб­ден Ноғайбаев тура және жана­ма мағы­насында да осындай сәу­летші десек, ақи­қаттан алыс кете қоймаған болар едік.

 

Ол 1941 жылдың тамылжығын тамы­зында Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Түрген ауылында дүниеге келген. Бұл халыққа қасірет сыйлаған соғыстың басталған тұсы болатын. Әкесі Жүніс ауылдың ұстасы болып еңбек етіп жүрген жерінен алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Өкінішке орай, адам­дарды аждаһадай жалмаған қанды қасап оны да аман қалдырмаған. Көп ұзамай Ленинград түбінде жаумен кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапты деген қаралы қағаз қайғы арқалап жеткен болатын. Артында қалған екі ұлы – Әбен мен Шәбденді бауырына басқан анасы Нағи­ма бар-жоғы 30 жасында жесір атанып, тағдырмен бетпе-бет қалған. Жалғыз өзіне балаларды көтеру ауырға соққаннан кейін ағайындарын сағалап Қарқараға көшкені де осы тұс.

  Майдан даласында жауынгерлер сәт сайын ажалмен арпалысып жүрсе, ауыл­дағылар үшін де оңай болмаған. Жүріп-тұруға шамасы келетін кәрі мен жас еңбек май­данына түгелдей қамтылған еді. Нағи­ма да таңның атысынан күннің батысына дейін ұжымшардың жұмы­сында болып, қас қарайғанда үйге оралу­шы еді. Сөйте жүріп үлкен ұлы Әбеннің дертке шалдық­қанын да дер кезінде аңғармай қалған сияқты. Күйеуінен қаралы қағаз келіп, қайғы жұтып отыр­ғанда үлкен ұлынан айырылу ана үшін оңай болмағаны ақиқат. Ендігі жерде қалайда Шәбденді аман-есен жеткізу қажет. Енді ол барлық ана­лық махаббатын жалғыз ұлының бола­шағына арнаған.

  Шәбден кішкене кезінен өте пысық әрі алғыр болып өседі. Ауылдағы жеті­жылдық мек­тепті үздік бітіргеннен кейін аудан орталығы Жалаңашқа аттанғанда Нағима анасы ұлының қалайда оқуын жалғас­тыруын қалағаны да сондықтан. Шәбден­нің болашағынан үлкен үміт күткен ол жал­ғызын аттандырып тұрып, жақсы оқып, азамат болуын қайта-қайта тап­сырған болатын. Жалаңаштағы жалғыз интернат қазақ мектебінде оқитындарға арналған­дықтан орыс сыныбын бітірген Шәбден үшін мұнда орын болмай шықты. Басқа барар туыс-туған болма­ғандықтан Шәбден біраз күн мектеп жанындағы алма бағына қонып жүрді. Анасы берген жалғыз ескі көрпені таңертең талға іліп кетеді де  кеш түсе сол көрпенің жарты­сын астына салып, жартысын жамылып ұйқыға кетеді. Ауылға қайтып кетейін десе анасының айтқан аманаты жадында. Жас жеткіншектің оқуға деген құштарлығы мен қайсарлығын көрген мектеп директоры ақыры оның интернатқа орналасуына көмек­тескен. Шәбден қамқор ағалардың үмітін алдаған жоқ. 1960 жылы бүкіл аудан бойын­ша Алтын медальға үміткер 5-6 түлектің ішінен сол ғана өз білімін дәлелдеп шығып, мектепті үздік бітірген болатын.

  Бұл елдің енді ғана есін жия бастаған кезі еді. Мектеп бітірген жастар бірден оқуға бара алмайды. Ол үшін екі жыл міндетті түрде еңбек етуің қажет. Сондық­тан Шәбден анасына қамқор болу үшін Құмтекейдегі №50 жылқы зауытына ағаш ұстасы болып жұмысқа орналасады. Ол осы жерде білімге ғана емес, кәсіпке де бейімі бар бала екенін аңғартқан. Бір-екі жылдың ішінде қатардағы жұмысшыдан алдымен бригада басшысы, соңынан шебер лауазымына дейін көтеріліп, зауыт жетек­ші­лерінің алғысына бөленгені белгілі. Сондықтан болар, үш жыл еңбек еткеннен кейін оған Алматыдағы ауыл­шаруашылық институтының механика факультетіне жолдама береді. Алайда құры­лысшы мамандығын меңгеремін деген жас құжат­тарын политехникалық институттың құры­лыс факультетіне тапсырады.

Өзінің біліміне сенген Шәбден үш емтиханның екеуін беске, біреуін төртке тапсырып, алаңсыз жүрген болатын. Алайда бұл жерде де оны әділетсіздік күтіп тұрыпты. 12 балл жинағандар оқуға қабыл­данып жатқанда, 14 балл алған ол студент­тердің тізімінде жоқ болып шықты. Оның себебін білуге ректорға кірсе, қателік кеткенін мойындаған институт басшысы келесі жылы міндетті түрде түсетінін айтып, шығарып салады. Өзге біреу болса жүгін арқалап ауылына қайтар ма еді?! Алайда, өмірдің өзі шыңдаған Шәбден Білім министрінің қабыл­дауына барып, әкесінің соғыста қайтыс болғанын, жалғыз анасының аманатын орындау үшін оқуға келсе, мұнда оған қиянат жасалынып отырғанын айтып, шағым­данады. Нақтылы не деп айтқаны есінде қалмапты, алайда министр ректорға қатты-қатты ұрысқаны есінде. Жігер-күшінің арқасында оқуға қабылдандым деп жүрген Шәбден бұл жерде де құйтырқы әрекет барын кейін стипендия алар кезде білген. Сөйтсе оны «студенттікке кандидат» деген атаумен орналастырған екен-ау. Ал анасы­ның жағдайын білетін Шәбден стипендиясыз оқу қиынға соғатынын айтып, ректордың алдына қайта барады. Одан оңай құтыл­майтынын білетін ректор шаруашылық жөніндегі орынбасарын шақырып алып, бу қазандығын жағушыға көмекші ретінде жұмысқа орналастырып, жалақысын уақы­тылы төлеп тұруын тапсырған болатын. Кеш түсе қазандыққа барып, таңертеңге дейін жұмыс жасай жүріп, Шәбден жарты жылдың ішінде озат білімгер болып қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласа бастайды. Алғашқы сессиясын кілең беске тапсыр­ғаннан кейін ол толыққанды студент атанып, стипендияға да ие болған. Ал бірінші курсты үздік тамамдаған оны басшылық Мәскеудегі Куйбышев атындағы инженерлік-құрылыс институтына жолдап, сол кездегі алып Отанымыздың астана­сында білімін жалғас­тыруға мүмкіндік жасайды.

  Мәскеу институтын қызыл дипломға бітірген алғыр жасты жолдамамен өзі оқыған жоғары оқу орнына мұғалім етіп жіберген болатын. Алған білімін ғылыммен ұштас­тырамын деген Шәбден мұнда да кедергіге ұшырасады. Кафедра меңгерушісі өрекпіп тұрған жастың аптығын басқысы келіп, қайта-қайта аяқтан шала берген. Бұлай жұмыс жасау қиынға соғатынын түсінген Шәбден мемлекеттік жоспарлау комитетіне барып, өндіріске жіберулеріне өтініш жасай­ды. Бұл мамандардың қай салада да тапшы кезі емес пе. Оны бірден жаңадан құрылып жатқан Іле ауданына бас сәулетші қызметіне тағайындаған. Осы­лайша Шәбден Жүніс­ұлының құрылысшы қызметі басталған болатын. Өзінің 75 жылдық ғұмырында талай жерде еңбек етіпті. Құрылыс компа­ниясының бас инженері, жылжымалы меха­ни­ка­ланды­рылған колоннаның бас­шысы, облыстық ауылшаруашылығы бас­қармасы жанын­дағы құрылыс бөлімінің жетекшісі, респуб­ликалық дәрежедегі құрылыс тресі басты­ғының орынбасары, бас инженері, құрылыс бірлестігінің вице-президенті лауа­зым­дарын атқара жүріп, өз қолымен салынған ғимараттарда есеп жоқ. Қарап отырса, 150-ден аса мектептің, 10 Мәде­ниет үйінің, көптеген зауыт-фабри­калардың, тауарлы-сүт фермалары мен машина-тракторлар шеберханаларының бой кө­теруіне тікелей атсалысқан екен. Ал салын­ған тұрғын үйлердің санында есеп жоқ. Бір ғана, өзінің туған ауылы Түргендегі Мәде­ниет үйін салудағы еңбегін айтса жеткілікті. Бір кездері басталып, аяқсыз қалған мәде­ниет ғимара­тының құрылысын өзі сұрап алып, жылға жетпес уақытта тамаша аяқтап шыққаны есінде. Оның ашылуына Қазақ­стан Ком­пар­тиясының бірінші хатшысы Дін­мұхамед Қонаевтың өзі келіп, құры­лыстың бас инженері Шәб­ден Ноғай­баевқа жаңа «Волга» автома­шинасының кілтін тапсыруы көп нәрсені аңғартса керек.

  Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Алматыдағы көптеген жаңа да заманауи ғима­раттарды салуға қатысыпты. «Глав­АлматыСрой» құрылыс кешенінің бас­шысы болған жылдар осының куәсіндей. Ал, зейнет демалысына шыққаннан кейін ұзақ жылғы тәжірибесін бағалаған аза­маттар оны құрылыстың техникалық бақы­лауын жүргізуге шақырған болатын. Азда­ған жыл Талғар ауданында жеке кәсіп­керлікпен айналысып, балаларының өз шаруаларын қалыптастыруына көмек­тескен. Соның нәтижесінде олар бүгінде ешкімнен жәрдем сұрамай, кәсіпкерлікпен айналысуда. Үлкен қызы Шолпан білім беру саласын таңдап, бір мектептің директоры болып жүрсе, жары Баян екеуі тәрбиелеп өсірген екі ұл мен бір қыз жоғары білім алып, заман талабына сай өз істерін дөңге­лентіп жүр. Үлкен ұлы Еркін – экономист, қызы Құралай – бухгалтер, кіші ұлы Ерлан – заңгер әрі қаржыгер болғанымен жеке кәсіп­кер­лік­пен айналысуда. Олардан 10 немере көріп, бақытты ата мен әже болған Шәбден аға мен Баян апай бұл күндері берекелі әулеттің иелері. Алайда, бар ғұмырын еңбекпен өткізіп келе жатқан Шәбден аға қартайдым деп  қарап отырған жоқ. Ол бүгіндері де құрылыс жұмыс­тарын бақы­лауға құқық беретін бірнеше диплом­дар алып, салынған ғимарат­тардың сапасын қадағалауды жүзеге асыруда. Өзінің 75 жасында өте тың әрі еңбекке құштар Шәбден Жүнісұлы әлі де еліме пайдамды тигізсем деп шапқылауда. Ендеше, біз де ме­рейтой иесін айтулы қуанышымен құт­тық­­тап, жұртпен бірге бар жақсы­лықты тілейік!

 

Алматы қаласы,

Қуат Қайранбаев.