Құндылықтарды қастерле

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 1083
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде Барлыбек Сырттанов атындағы ауылдық кітапханада  жоспарлы іс-шаралар  жүргізілуде. Жақында рухани ордада ауылдық әкімдік мамандары, мектеп оқушылары мен елді мекен тұрғындарының басқосуы өтті. Онда көпшілік бағдарламаның маңызды жақтарына тоқталды.

– Елбасы Рухани жаңғырудың бірегей бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама – ел-жұрттың рухани өсуіне жол көрсететін  бағдаршам. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған  идеяның ұсынылуы уақыт талабы. Бағдарлама ел дамуының тарихи кезеңінде маңызды  шешім міндетін атқаруда. Бастама елімізге  жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық, – деді ауыл әкімі  Серік Өмірзақұлы.   
Мұнан кейін де көпшілік келелі ойларын айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елде атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Осы орайда Ақсу ауданының өзінде қасиетті орындарға бару, ескерткіштердің мән-мағынасына зер салу барысында ұшан-теңіз шаруа атқарылуда. Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің кіндік кескен елді мекені Кіндікқоңырға көпшіліктің қызығушылығы мол.   Жастардың туған жер табиғаты, Алашқа аты танымал шығармашылық адамдары жайлы мәліметтерді алуына мол мүмкіндік туды.  Бүгінгі басқосу да   соның дәлелі. Бағдарлама жайлы өз пікірін білдірушілер арасында бас маман,  іс жүргізуші  Бекзат Тілектесұлы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық құндылықты, рухты, бойымыздағы қадір-қасиетті дамытуға бастайтын жол әрі қоғамымыздың Рухани жаңғыруын айқындап тұрған бағдармалық құжат болып табылатынына және де  жастарымыздың жаңа белестерді бағындыруына бағытталған іс-қимыл жоспары екендігіне тоқталды. 
Өз кезегінде сөз алған кітапханашы Назира Қожабекқызы:  «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес. Ол үнемі дамып, толысып отыратын тірі ағза іспетті. Жаңа жаһандық үрдістер есік қақпастан бірден төрге озады. Бірақ оның тозығы емес, озығын ғана алуымыз керек.  Ал ұлттық құндылықтарымызды сақтау, дәстүрімізді  үнемі әспеттеп отыру  басты міндет болып қалмақшы», – деді. 
Жиын ерекше мазмұнда өтті. Қонақтар еліміздің бағыт-бағдарын, өткенді білу арқылы алдағы күнге нық қадам басу керектігін  түсініп тарасты. 

Н. ӘУБӘКІРОВА,
 Б. Сырттанов атындағы  кітапхананың
қызметкері 
Ақсу  ауданы