Ұлттық өнерді ұлықтайық

Уақыты: 13.09.2018
Оқылды: 1666
Бөлім: ТҮПСАНА
Том тарихты томағасы сыпырылған қырандай қырағылықпен бажайлаған бұл уақытта қатпар-қатпар шежіремізден рухымызды тасытар ақпарлар табылып, ұстынымызды еңселі етер деректер зерделі қазақ оқырманымен қауышуда. Санаулы жыл бедерінде түрен түспеген тың тақырыптай көрінетін көп дүниемен танысып, батырларымыз бен хандарымызды төл тарихымызға сыналап енгізе білдік. Мұның бәрі дер кезінде ұран етілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалпыхалық болып жүзеге асырудың  жеңісті жемісінің арқасы деп тұжыруға негіз бар.
Ал ақиқатына келсек, жаңғыруға беттеген жасампаз елдің мойнында әлі де атқарылар іс жетерлік. Біз ең алдымен сонау қадым замандарда ұлыларымыздан бастау алған  бекзат өнерімізді өрістетуіміз әрі оны ұрпаққа аманат болып қалатындай ұлықтай білуіміз керек. Сонда ғана шанағынан күй емес, тарих төгілетін ұлттық мұраларымыздың, ұлттық аспаптарымыздың мәніне жетпекпіз әрі нәсілі асыл халықтың дарыны асып туған айтөбел азаматтарына, тұлғалары мен зиялыларына әділ баға бермекпіз. 
Жетісу өлкесін өнер мен мәдениетсіз елестету мүмкін емес. Өңірдің рухани дамуына зор үлесін қосып отырған өнерпаздарға әрқашан алғыс айтуға міндеттіміз. Талдықорған төрінен теңдессіз жаңа театрдың салынып жатуы, Мәдениет сарайының күрделі жөндеуден өтуі өнерге деген шексіз құрмет емей немене?!
Біз ел болып сан тараулы жолды бастан өткерген, сол жолда өзінің болмысы мен құндылықтарын сақтап, бүгінге дін аман алып келген елміз. Ал бүгінгідей жаһандану дәуірі өз өктемдігін әр сала бойынша жүргізіп, ұлттық құндылықтардан гөрі замана қамына қарай қарекет етуге күштеп жатқан тұста біздің қаперімізде болатын жалғыз жайт – төл өнерімізді өрісті ету, мұраларымызды сақтай білу. Бұл тұрғыдан алғанда, әрине, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты Алаштың темірқазығына айналып отыр. Сондықтан да, парасатты қағандары мыңжылдық тарихын түзіп, даналары жауһар дүниелерді сүзіп кеткен кемел мемлекет ретінде Мәңгілік Ел болу жолында ұлттық өнерімізді ұлықтауды қаперде ұстауымыз тиіс-ақ.
 
Әли АЛПЫСБАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты