ЖЕТІСУДЫҢ САРАСЫ - БАР ҚАЗАҚТЫҢ ДАРАСЫ

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 3183
Бөлім: ТҮПСАНА

   Киелі  Ақсу жерінде  Ақын Сараның 165 жылдығына арналған «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сара Тастанбекқызы өз заманында суырыпсалма айтыскерлігімен дараланған ақын.  Ақын Сараның Біржан салмен айтысы ел арасына кең жайылып,  әйел теңдігін қозғауымен ерекшеленген. Ақын жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көре жүріп,  өмірін өлеңмен өрнектеген. Өнер иесінің туған жерінде ұйымдастырылған айтыста Сара Тастанбекқызының өршілдігі, тағдыр тауқыметін жеңіп,  сөз маржанын тере білген жігерлілігі  айтылды.  Аламанда бақ сынаған жыр дүлділдері ақын апаның «Тұзақ», «Тағдыр тәлкегі»,   «Ашындым», «Жүрек жайлауда», «Әбіштің аруағы», «Хош бол, елім» секілді жыр-дастандарының барын да әнге қосты. 

 

   Айтыс өтетін орынға Ақын Сара заманынан бүгінгі күнге жеткен жәдігерлер қойылып, көрме ұйымдастырылды. Биыл мерейтой қарсаңында «НАҚ-Бірлік» қоғамдық ұйымы мен облыстық Қазақстан  халқы Ассамблеясының өкілдері Мәскеу қаласына барып, жеке адамның қолындағы Ақын Сараның суреттерін, қазақтың ұлы перзенттерінің мүсіндерін алып келді.  
   Мүсінші Маргарита Ващенко кезінде Талдықорған облысының бас сәулетшісі болған. Сол жылдары Маргарита Ващенко  Ақсу ауданының Көшкентал ауылы мен  Жансүгір елді мекеніне Сара Тастанбекқызының  ескерткішін орнатқан.  Ақын мұрасын елге жеткізуде үлкен еңбек сіңірген Салтанат Дәулетханқызына рахмет айтуымыз керек. Ол  12 құнды жәдігерді шашау шығармай елге жеткізді
   Айтыстың шымылдығын Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев алғысөзбен ашты.  Ол жыр додасының  ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар»  атты  мақаласы аясында өткізіліп отырғандығын айтты.  
– Сара Тастанбекқызы елдің шапағаты мен ықыласына бөленген жан. Біржан мен  Сара айтысы операға айналды. Сөз бәйгесінде алдына жан салмай келе жатқан ақын қыздарымыз бүгінде баршылық. Солардың біразы қазір алдарыңызда бақ сынасады. Сара Тастанбекқызының 165 жылдық мерейтойында айтыс аламанына қатысу зор бақыт.  Қазақтың айтыс өнерін насихаттап жүрген барша өнерпаздарға Ақсу жұртшылығы атынан алғыс білдіремін. Айтыс өнері асқақтай берсін! – деді өңір басшысы.  
   Айтыс алдында «Біржан – Сара» операсы орындалды. Ақын Сараны Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова, Біржан салды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі  Сағат Жылкелдиев бейнеледі. 
Айтысты жүргізу тізгінін облыстың бас ақыны  Айтақын Бұлғақов алды. Айтыста Сара апа жайлы көптеген дерек айтылды.  Жыр дүлділін ұлықтауда Жарқынбек Наушабеков ақынның шумақтары мән-мазмұнымен ерекшеленді.  Ол:   
– Бұл Қазақта еңбегі ерлерден зор,
Арулар жүздеп, мыңдап саналады.
Соларға Сара деген есім қойып,
Ол қыздарды елден ерек даралады 
Сенбесеңіз шетінен тізіп берем,
 Ағайын,  саусағың бүк, сана, кәне.
Біріншісі – Сарасы Тастанбектің, 
Ақын болып өтіп ед адал ары.
Әйгілі Жетісудың жүйрігі боп,
 Елі де оны ерекше даралады. 
Екіншісі – Лесова Сара еді, 
Кезінде оны Сталин қаралады. 
Исаев Ораздың жары болған,
 Сондықтан оның жанын жаралады.
Ең алғашқы журналист сол Сараны,
 Крупская сырласы санағаны.
Үшіншісі – Сара апа Алпысқызы,
 Қазақтың құлай сүйген балалары. 
Мемлекеттің бірінші ханшайымы,
 Ол кісіге таң емес дала заңы. 
«Бөбек» қоры бір төбе одан басқа, 
Ісіне риза болған қазақтың аналары,
 Төртіншісі – Тыныштығұл әнші Сара 
Әніменен ескізген самаланы. 
Бозторғай басын иіп ол шырқаса,
 Бұлбұл да қызғанышпен қарағаны.
 Бесіншісі – балдызым мынау Сара, 
Өлеңнің теңізі ғой шағалалы. 
Қазақтың аспанына бақ қондырған, 
Қазақтың ер мінезді Саралары – деп мағыналы шумақтарды түйдек-түйдегімен шарықтатты. Шын сөз көптің көңілінен шығып, алақанынды дуылдата соқтырды. 
   Жарқынбектің қарсыласы Сара Тоқтамысова сөз кезегін алғанда Ақын Сараның өз заманының жауһары болғанын былайша әспеттеді. Сара:
– Сара апам Жетісуды даңқты еткен,
Айтыстың ауылына жарық төккен.
Қиын-қыстау кезеңде өмір сүріп,
Қазақтың жұлдызы боп жанып кеткен. 
Қазіргі ақындарда жағдай жақсы,
Саралар қара терді анық төккен.
Біз құсап миллион теңге ұтпаса  да, 
Миллиондардың есінде қалып кеткен.
Көлігін мінбесе де бұл айтыстың, 
Көңілін көпшіліктің тауып кеткен. 
Алтыннан домбыра ұтып алмаса да, 
Халқының ақ батасын алып кеткен,–  деген әдемі шумағымен  көрерменнің ризашылығын тудырды. Сара ақын ары қарай қоғамдағы келеңсіз жайттар туралы да ой айтты.
Тарихта Жиенқұлды жамандаймыз,
Қызғану ер жігіттің салты бірақ.
Қыз баласын қызғыштай қорғамайтын,
Қоғамды қара басып,  ант ұрып-ақ.
Мысалы, өзге елдерге келін болған, 
Қыздарды тақырыппен талқы қылад.
Қытайларға тиіп жатқан қазақ қыз көп. 
Ақшаның болатындай  арты жұмақ. 
Тастан құдай жасаған кәпірлерге, 
Қыз түгіл бермеу керек жарты құрақ.
Кім  болса да қазақпен тұрмыс құрған, 
Сараның қалған жоқ қой даңқы құлап. 
Жиендерді қытайдан туғаныңша,
 Жиенқұлға жар болған артығырақ, – деп ащы шындықты айтып, елдің көңілін селт еткізді. 
Айтыстың бас жүлдесін алған Жандарбек Бұлғақов ақын Жалғас Садырұлымен айтысты. Жалғас өзінің малшы екенін айтқан еді. Сонда  саңлақ ақын Жандарбек  мал баққанның артықшылығын былайша әнге қосты. 
... Абылай Төле бидің малын бағып, 
Елімді алып қалған ата жаудан.
 Сүйінбай бар малымды берем депті 
Жеңіліп, жер боп жатсам Қатағаннан.
 Атасы мал бақпаса Жамбылдардың, 
 Әкесі айтшы  неге Жапа болған.
Қайғырса ақ ешкіге мұңын шаққан 
Тарихта Кенен деген ата болған.
Бүгінгі той иесі Сараны да,
 Қазақтар малымен-ақ матап алған. 
Өзіңдей жас баладан айналайын, 
Еңбекпен ел-жұртынан батаны алған. 
Қолына пайғамбардың таяғы мен
Жамбылдың домбырасын қатар алған, – деп қарсыласының көңілін аспандатып, көрермен қошеметіне бөленді.
   Жыр додасы тартымды өтті.  Жүйріктен жүйрік озар сөз тартысында бас жүлдені  Алматы облысының ақыны Жандарбек Бұлғақов алды. Бірінші орын шығысқазақстандық Сара Тоқтамысоваға бұйырды. Екінші орын Алматы облысының атынан шыққан Балғынбек Имашевқа берілді. Ал үшінші орын алматылық  Сырым Әуезхан мен оралдық Мұрадым Мирлановтың қанжығасына байланды.  Жас ақын Жалғас Садырұлының еншісіне Ақсу ауданы әкімінің арнайы сыйлығы тиді. 
Ақын апамыздың мерейтойына орайластырылып ұйымдастырылған ақындар айтысы облыс, аудан жұртшылығын бір сілкінтті. Құнарлы топырақтың тұрғындары жерлес ақындарын ұлықтаған көпшілікке алғыстарын жаудырды. 

Гүлжан ТҰРСЫН.