ЖАЗИРАЛЫ ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕ

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1938
Бөлім: ТҮПСАНА

   Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету, ұлттық құндылықтарын жаңғырту, туған өлкеңе деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімдерін арттыру және деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу мақсатында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен құрамында өнер майталмандары, ақын-жазушылар, облыстық ардагерлер ұйымы мен Талдықорған қалалық «Аналар кеңесінің» мүшелері бар «Рухани керуен» биылғы жылы да жолға шықты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған жоба алғашқы сапарын жазиралы Жаркент өңірінен бастады.

 

   Былтырғы жылы тек аудан орталықтарында болған керуен биыл ауылдарды бетке алды. Ең әуелі Көктал ауылына барған керуенді Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Роза Нағрупова қарсы алды. Аз-кем уақыт амандық-саулық сұрасқаннан кейін керуен мүшелері бірнеше топқа бөлініп, кесте бойынша жоспарланған жұмысын бастап кетті. 
   Алғашқы отырыс «Діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейік» тақырыбындағы  кездесуден басталды. Оған дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы директорының орынбасары Айгүл Әлі, облысымыздың Құрметті азаматы, ҚР Халық әртісі, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының жоғары санаттағы актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері Алмахан Кенжебекова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы Бағдат Бейсенов, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы қатысып, орамды ойларын ортаға салды. Халық әртісі Алмахан Нұрпейісқызы Елбасының ұстанып отырған салиқалы саясатына кеңінен тоқталып, бүгінде жүз қырыққа тарта этнос өкілін құшағын ашып, бауырына басып отырған Ұлы Даланың мұрагері қазақ халқының даладай дарқандығы мен, тауларындай асқақ рухын айта келіп, басынан өткен небір қилы заман мен қиын кезеңдерін де назардан тыс қалдырмады. Сонымен бірге жат ағымның жетегіне кетіп, жарға жығылып жатқан жастарымызды осы бір бұралаң жолдан аман алып қалу діни сауаттылық пен ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды терең білуде екенін де тебірене айтып берді.  Өткенімізге үңіліп, өз еліңнің тарихын білмей алға ілгерілеу болмайтынын жеткізді. Келер ұрпақты ұлтына, еліне, халқына аянбай еңбек етер азамат болуға шақырды.
– Қазіргі уақыт «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заман». Осындай бейбіт  ғұмыр кешуіміз ата-бабаларымыздың арқасы. Олардың рухына бас иіп, тарихқа тағзым етуіміз тиіс. Себебі, өткенімізді білмей, болашаққа ілгерілеу мүмкін емес. Сондықтан, еліміздің дамуына үлес қосып, мемлекетімізге қызмет ету – бәріміздің ортақ парызымыз. Рухани жаңғыру дегеніміз – рухани сананы ояту, өсу. Ол үздіксіз процесс. Бұл біздің тамыры терең тарихымыз, жемісі мол мәуелі ағаштай мәдениетіміз, кестелі сөзбен өрнектелер әдебиетіміз, – деді Алмахан Нұрпейісқызы.
   Ал дін саласындағы ақиқат жол мен адасушылық туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы Бағдат Бейсенов баяндады. Ол Конституция сенім бостандығына кепілдік берсе де, барлығы заң аясында жүзеге асып отыратынын айтты. Теріс діни ағымдардың жетегіне кетіп, имандылықты ұмытып, бүлікшіл әрекет жасайтын азаматтар жайлы, олардың қоршаған ортаға тигізер зардабы туралы сөз етті. 
– Рухани жаңғыру біздің мемлекетіміздің идеологиялық ілімі және ұстанымы. Ұлттық құндылықтар – адамның, қоғамның рухани әлемі мен көзқарастар жүйесін көрсетеді. Сондықтан да қазіргі таңда біздің мемлекетіміз осы бағытқа ерекше көңіл аудара бастады. Бұл Елбасымыздың «Қазақстан–2030» және «Қазақстан–2050» Стратегиясында, сонымен бірге халыққа ұсынып келе жатқан дәстүрлі Жолдауларында үнемі айтылып келеді. Өйткені ол – рухани әлем. Бұл біздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, тарихымыз, дәстүріміз, діліміз. Қазіргі таңда елімізде рухани дағдарыстар байқалып отыр. Ол әлем елдерінде де көрініс беріп жатыр. Сондықтан, Елбасы Жолдауы мен бағдарламалары сол кемшіліктердің алдын алуға бірден-бір қадам, – деді Бағдат Бейсенов мырза. 
   Облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміреев сөзін жаркенттік тұрғындарға жыр-шашуымен бастады. 
Даласындай кеңпейіл көңілдері, 
Сол көңілмен өрілген өмірлері.
Аналар, аяулылар, армысыздар!
Жазиралы Жаркент төріндегі! – деп ұлттық тәрбиеміздің өзегі аналарға ерекше ілтипат көрсетті. Біріншіден, бұл ана деген қасиетті есімге құрмет болса, екіншіден, залға жиналған қауымның басым көпшілігі қыз-келіншектер мен ақсамай аналар екенін меңзеп кетуі еді.
   «Тегіңді сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деп аталарымыз текке айтпаса керек. Қыз баланың бойындағы жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл – ер-азаматтар арқаны кеңге салып, барлық ауыртпалықты аналардың иығына артып қою деген сөз емес. Дәстүрлі қазақ қоғамында әке мен ананың, яғни, ұл мен қыздың орны бөлек. Дегенмен ұрпақ тәрбиесінің негізгі діңгегі – ана тәрбиесінде жатыр. Әрбір отбасының мықты болуының негізі бесік жырынан басталады. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бесік жырын айтатын ананы айсыз қараңғыда майшаммен жол іздегендей әрең кездестіруіміз мүмкін. Бүгін сіздермен қауышып отырған рухани керуеннің мақсаты, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сонымен бірге дін басқармасының ұйымдастыруымен болғандықтан, жат ағымның жетегінде кетіп бара жатқан жастарға араша тұрып, діни сауаттылығын арттыру. Дәл осындай ұлттың болашағы, ұрпақтың қамы жолында жасалып жатқан шаралар нәтиже көрсетсе, ол да Рухани жаңғырудың жемісі деп білеміз.  Ел болып еңсемізді көтерген шақта, тәуелсіз халық тұғырлы боламыз деген тұста небір діни ағымдар елімізге еркін еніп үлгерді. Дәстүрімізге, болмысымызға жат ағымдар пайда болды. Біз Құдай бір, Пайғамбар хақ, Құран шындық деп Алласына сыйынған ұлттың ұрпағымыз. 
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – 
деп жырлаған Абай ақынның ізімін келе жатқан толқынбыз. Алайда, орта жолда пайда болған жат ағымдар дін саласында алаңдатарлық жағдайға жетті, – деп еліміздегі өзекті мәселелер жайлы әңгімеледі.
  Сонымен бірге Көктал ауылдық округіне қарайтын ауылдар бойынша да түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Деструктивті діни ағымға түскен азаматтармен ақпараттық және профилактикалық оңалту жұмыстары, «Дені сау ұрпақ – ел болашағы» тақырыбында діни себептермен екпе, қан құюдан бас тартқан азаматтармен жұмыс жүргізілді. Облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, Алматы облысының Құрметті азаматы Шырақбай Жылқайдаров округтегі дария кеуде қариялармен кездесіп, көргендері мен көңілге түйгендерін ортаға салды. Ауыл ақсақалдарының көңілін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков қос ішекті домбыраға сүйеніп, әсем әнмен тербетті. Сол күні «Рухани жаңғыру: дін – дәстүрім, салтым – санам» тақырыбында сурет және кітап көрмесі көрсетілді. «Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жастарға бағыт» тақырыбында ерікті, маргиналды жастармен кездесу өтті. Оған 20-ға жуық жас маман, ұстаздар, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысып, ой бөлісті. Кездесу барысында «Рухани керуен» жобасының негізгі мақсаты – жастардың діни ағымдарға өтіп кету салдары, олардың қоғамға тигізетін зардабы және олардан қорғану жолдары, т.б. мәселелер қамтылды. Қатысушылар тарапынан көптеген сұрақ қойылып, тұшымды жауап алынды. Сондай-ақ, керуеннің бір тобы ауылдық мешітте имамдармен жүздесіп қайтты. Көктал ауылындағы басқосуда «Жаркент әуендері» халықтық-этнографиялық ансамблінің әртістері мен облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншілері Бақберген Асқарбеков пен Ләззат Жанаманова өнер көрсетті. Бірнеше жерде сан түрлі тақырыпта өткен жүздесуден кейін «Рухани керуен» Іленің арғы жағындағы қасиетті Қарадалаға жол тартты. 

Әмина Құдайбергенова
Панфилов ауданы