ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА КЕЛДІ

Уақыты: 31.10.2018
Оқылды: 1157
Бөлім: ТҮПСАНА

Тіл сарайында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» атты Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ, Достық үйінің ашылғанына 10 жыл толуына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Оған ҚР Президенті әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылық меңгерушісінің орынбасары  Назипа Шанаи төрағалық етті. Жиынға белгілі қоғам қайраткері, жазушы-этнограф Зейнеп Ахметова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Надежда Лушникова, ақын-жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әдебиет саласындағы республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Сәуле Досжан келді. Басқосуға елімізге танымал жандармен қатар республиканың әр өңірінен келген Аналар кеңесінің белсенділері де қатысты.

Елбасы Жолдауын талқылау басқосуға негіз болғанымен, онда ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелер де көтеріліп, тағылымды ойлар ортаға салынды. Айталық, жас қыздар арасындағы ерте жүктілік, өзіне-өзі қол жұмсау, зорлық-зомбылыққа тап болу сынды күрделі мәселелерді шешу және алдын алу жолдары сөз болды. Мұндай қиын жағдайларды болдырмау Аналар кеңесі жұмысының маңызды бөлігі болып саналады. Себебі, ұлт келешегі бала тәрбиесімен айналысып отырған аналардың қолында. Жастайынан дұрыс тәрбие алған бала ерте жүктілікке де, зорлық-зомбылық пен суицидке де бармайтындығы анық. Өзіне деген сенімін қалыптастыру үшін баланы психологиялық тұрғыдан қолдап, мақтап, мадақтап отыру қажет. Шарада осы мәселелер төңірегінде түрлі ой қозғалып, ұсыныстар жасалды.

Айта кетейік, ресми кездесуден бөлек, бекітілген бағдарламаға сәйкес «Қазақтану» жобасы аясында Аналар кеңесінің көрмесі де ұйымдастырылды. Тағылымды шара белгілі ақын Сәуле Досжанның кейінгі кезде ұмытыла бастаған төркіндеу салтын паш етуімен аяқталды.

Меруерт СЕРІКҚЫЗЫ