Мұрат ЖҰРЫНОВ: "​ҚАЗАҚТЫ КӨШПЕНДІ ДЕСЕК, ҚАТЕЛЕСЕМІЗ!"

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 1354
Бөлім: ТҮПСАНА

Әр халық рухани және адами қасиеттері, тарихи ұлттық құндылықтары арқылы қалыптасады. Қазақ дүниетанымы, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат даламызға ғасырлар бойы шыңдалып жетті. Тіпті, бір замандарда бабаларымыз әлемдік мәдениетке, өркениетке өзіндік үлестерін қосқаны да рас. Бұл – біз үшін мақтаныш. Мұны білу арқылы өскелең ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын түсінетін болады. Тарихымызда айтулы, зерттелуі, жүзеге асуы тиіс бірқатар міндеттер жүктелген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты руханиятымыз үшін теңдесі жоқ мақаласы жарияланып, көпшілікті қуантып отыр. Бұл еңбекті төл тарихымызды насихаттаудың, кейінгі ұрпаққа жеткізудің жолдары түгел қарастырылған әлеуметтік-тарихи, қоғамдық-саяси, этнографиялық-этнологиялық трактат деп қабылдауымыз қажет.

Жарқын болашаққа ұмтылған тәуелсіз еліміздің азаматтары үшін өткен тарихты білу, құрметтеу, насихаттау қасиетті борыш болып саналады. Президент мақаласында айтылғандай, тарихымызды білу арқылы біз өз түп-тамырымызды танимыз, өткен күндердегі күрмеуі қиын мәселелердің анық-қанығына көз жеткіземіз.

Қазақ халқының тарихы тым тереңде. Ежелгі сақ пен ғұн дәуірінен бастау алатын көне тарихымызға дұрыс ұстаныммен зер салсақ, кейбір ру-тайпалардың атаулары қазақ атанбай тұрып болғанын білеміз. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды.

Біздің дәуірдің І мың мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі мемлекет дәрежесінде пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа дәуірдің басталғаны белгілі. Ол өркениеттің өзегіне айналып, өнер мен ғылымды, мәдениет пен сауданы дамытты. Осы орайда Ұлы Жібек жолы ежелден Шығыс пен Батысты байланыстырған үлкен стратегиялық платформа болғандығын айтып өткім келеді. Ол тек сауда айналымы үшін ғана құрылған жоқ. Онда тұтас өркениеттер бір-бірімен араласты. Шығыс өркениеті батысқа, батыс өркениеті шығысқа келді. Осылайша Ұлы Жібек жолы өркениеттердің алтын көпіріне айналды. Н. Назарбаев атап көрсеткендей, Ұлы даланың ежелгі халқы осы жолдағы сауда-саттық пен қауіпсіздіктің күшеюіне ықпал етті. Яғни, біздің ата-бабаларымыз Азия мен Еуропаның арасына байланыс орнатып, сол байланыстың нығаюына зор ықпал еткен.

Қазақ – дана халық, әскери жорықтарды жиі көрген халық. Қазақты көшпенді халық деуге болмайды. Қазақ – ата-бабалары жерленген жерлерін еш уақытта тастап кетпеген ел. Осы мекендерді айналшақтап, төрт мезгілге сай мекен еткен. Ата-бабаларымыздың қыстағы жылы, жайлауы салқын шырайлы жерлері болған. Себебі, қыста суықтан, аштықтан қырылып қалмас үшін мыңғырған малдары жайылыммен шығатын, шөп қоры мол тоғайларда, жылы жерде мекен еткен, ал жазда малға жайлы, шөбі шүйгін, қоңыр салқынды тау бөктерлерін, өзен бойларын жайлаған. Мал су ішетін құдықтардан алыстамаған. Олардың қыстаудан жайлауға көшіп тұруының экологиялық себептері бар. Біріншіден, біздің бабаларымыз бай, мыңғырған малдары бар ел болған. Өзіңіз ойлап көріңіз, қыстаққа осы мыңғырған малға шөп жинап беру мүмкін емес еді, сол себепті қыстақтағы жайылым жерлеріне шығатын шөптерді қысқы жайылымға сақтау мақсатында жаз бойы жазық далада, ал қыстыгүні Іле, Ертіс, Сырдария, Талас сияқты өзендерді бойлап, көктем мезгілінде көктеуге, жаз айларында жайлауға, күз айларында күздеуге белгілі бір мезетке дейін ғана әр мезгілге сай жайылым орындарын ауыстырып тұрған, бірақ осы шеңберден мүлдем көшіп кетпеген. Сол себепті, қазақ елін көшпелі халық деуге болмайды. Көшпелі халық деп қала салып көрмеген, мәдениеті, салт-дәстүрлері қалыптаспаған «сығандар» сияқты ұлтты айтуға болады. Олар бұрын тұрған жерлеріне қайтып оралмайды. Ары қарай көшіп-қонып жүре беретін халықты көшпенділер деп айтуға болады. Сонымен қатар, қазақтар осы мекен еткен жерлерінен құдық қазатын жерді қалай тауып, одан су шығарып, оны қалай пайдалану керек екендігін де жақсы білген. Осы қыстау мен жайлаудың арасында көшіп қонуға, алып жүруге, пайдалануға өте ыңғайлы болған бұл – қазақтың киіз үйі. Киіз үй қыста жылы, жазда салқын болады. Киіз үй ағаш, киіз бөліктерінен және арқан-баудан тұрғанымен әрқайысының атқаратын өз қызметтері бар.

Мысалы, уық – шаңырақ пен керегенің арасына дәнекер, ал шаңырақ – киіз үйдің төбесі болғанымен оның өзі екі түрлі қызмет атқарады, бірі – шаңырақты керіп тұру, екіншісі – шаңырақтың үстінен жабылатын түндік (түңлік) киіздің астына дәнекер болу үшін жасалынған және кереге санына, үйдің көлеміне байланысты оның диаметрі 2,5 метрден 5 метрге дейін болған. Ал киіз үйдің керегесіне жиілетіп ши тоқыған, ол ауа кіргізіп тұрғанымен жылан, құрт-құмырсқа сияқты зиянды жәндіктерді өткізбейтіндігін де ескерген. Міне, осылардың барлығы қазақ елінің мәдениетінің, сана-сезімінің, ой түйсігінің жоғары болғандығын аңғартады. Бұл да табиғатты зерттеуден туған жаңалықтар.

Біздің бабаларымыз өз дәуірінде жылқыны қолға үйрету арқылы адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа мінуі мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз тарих сахынасына шыққан дәуірдің символына айналды. Жылқыны қолға үйрету, оның өмірдің барлық саласында пайдалы болуына қол жеткізу, ең бастысы оның елдік рухты оятудағы ерекше қасиетін терең меңгеріп, өзге жұрттың алдында сесі басым, серті айқын етіп жүзеге асыру адамзат дамуының эволюциялық жаңа кезеңін ашты. Жылқы феномені ұлттық феноменнің тең тарихы болып қалыптасты. Жауынгерлік рух, азаматтық айбын халықтық қолтаңба болып танылды. Осының бәрі біздің Ұлы даламыздан тарады. Біздің ата-бабаларымыз жылқының үстіне мінгеннен кейін, арақашықтық деген сөз болмай қалды. Себебі жылқыға мінген халыққа жүздеген, мыңдаған шақырым түк емес болып қалды. Жылқының қымызын ішіп, етін жеп, үстіне мінген адамның көңіл-күйі өте жоғары, дені сау, энергиясы тасқын судай тасып тұрады. Қымыздың пайда болуына 6,5 мың жылдай уақыт болыпты. Оны жақында дүниеден озған, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, атақты археолог К. Байпақов бастаған еліміздің маңдай алды ғалымдары мен ағылшын ғалымдарының бірлескен «Ботай» мәдениеті археологиялық экспедициясы барысында қымыздың қалдықтары бар үлкен құмыралар табылып, оның бие сүті қымыз екені дәлелденді. Шөп тағамдарын жеген халыққа қарағанда мал етін жеп, сүтін ішкен халық ерекше мықты болады. Осындай жылқы үстінде жүріп ата-бабаларымыз кең-байтақ жерімізді болашақ ұрпақ үшін қорғап, сақтап қалғандарын естен шығармауымыз керек. Осы жылқыдан келіп шығады, V-VI ғасырларда көне түріктер үзеңгіні Батыс Еуропаға апарды. Ал үзеңгінің үстінде тұрған атты-адамның найза атқаны, қылыш сермеуі ат мәдениетінде үлкен жетістік болды. Жылқыны үйрету барысында, шалбар, етік, қос дөңгелекті арбаны ойлап тапты. Бұл еуропалықтардың паравозды ойлап тапқан жаңалығынан бір де кем емес. Осының негізінде қазіргі таңда мініп жүрген автомобильдеріміз пайда болып, жылқының күшімен есептелетіні сондықтан. Қазіргі таңда дүниежүзі бойынша, механизм заманында көлікті дөңгелексіз елестету өте қиын. Дөңгелекті ойлап табу сол жылқы мәдениетімен тікелей байланысты. Ең алғаш рет қос дөңгелекті, төрт дөңгелекті арбаларды Ұлы даламызда мекен еткен ата-бабаларымыз Египетке, Қытайға, Еуропаға апарды. Атты қолға үйрету негізінде сол замандарда егіншілік мәдениеті бар үлкен қалаларда тұратын егінші халықтардың бір-бірімен етене араласып, өркениеттің дамуына өз әсерін тигізді. Сондықтан, қолға үйретілген жылқы тарихтың қозғаушы күшті генераторы десек те болады. Түркілердің атты әскеріне тең келетін күш болмады адамзатта.

Қазақ елі тарихта өшпестей ізі мен өнегелі ісін қалдырған ұлы тұлғалардан да кем емес. Ұлы дала көптеген ұлы тұлғаларды – батырлар мен билерді, абыз жырауларды, от ауызды, орақ тілді шешендерді тарих сахнасына алып келді. Сол ұлы тұлғалардың бірегейі әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды ұлы тұлғалар шоғырының шоқтығы қашан да биік. Ұлы даланың даңқын көкке көтерген де дәл осы тұлғалар. Ата-бабаларымыздың мұрасын дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың жай міндеті емес, қастерлі міндеті. Бұл салада ашылмаған сыр өте көп.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі майталмандар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу керектігін айтты. Бұл өз кезегінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметін елімізге ғана емес, шетелдерге танытуға да зор мүмкіндік тудыратыны даусыз.

Осы уақытқа дейін түрлі себептерге байланысты айтылмай келген дүниелердің қыр-сырын ашудың, тарихымызды тереңірек зерттеудің сәті түсіп отыр. Қазақ жерінде әлі де зерттелмеген, құпиясы әлі де ашылмаған талай құнды жәдігерлердің сырын ішке бүгіп жатқанына сенімдімін. Соларды зерттеу, құпиясын ашу, оларды кейінгі ұрпаққа насихаттап, жеткізу шараларын қолға алу – біздің басты парызымыз. Президент ұсынып отырған жаңа концептуалдық жүйемен қазақ елінің тарихы жазылса игі іс болар еді.

Болашақта әрбір тарихи деректің қадірін біліп, оны әлемдік негізде маңызы бар басқа деректермен салыстыра қарастыра отырып, қазақтың ешкімге ұқсамайтын төл тарихын жазу міндеті тұр. Президент ұсынып отырған ғылыми-концепциялық ұстанымды жүзеге асыру ісінде музейдің, архивтің деректеріне, сан қырлы басқа да деректерге сүйеніп, ал ең бастысы басқа халықтардың жетістігімен салыстыра қарастырып, дүниежүзілік тарихи дамудың заңдылығына сәйкес өзіндік ерекшелігін көрсете отырып, кең арнада, кең ауқымда жалпыадамзаттық негізде жазылса, құба-құп. Сонымен қатар, Қазақстан елін әлемдік аренада таныта білу үшін тарихтың бір нұсқасын ағылшын тілінде жазу керек.

Шынын айту керек, қазақ елінің көптомдық тарихы әлі күнге қалыптаса алған жоқ. Біздің тарихымыз бар болғаны бес томнан аспай келеді. Тәуелсіздік алғалы бері тарихшылардың деректерді ғылыми айналымға түсіруіне ешкім де кедергі жасаған жоқ. Мемлекет тарихты зерттеуге қажетті қаржыны да бөліп отыр. Алда да солай болады деп үміттенеміз, себебі Президенттің жарық көрген жаңа мақаласындағы тарих турасындағы толғамды ойы осыны аңғартады.

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті,

академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері