Ақын Сара сіңлісі

Уақыты: 03.10.2016
Оқылды: 2393
Бөлім: ТҮПСАНА

Тұмса табиғатымен ерекшеленген, жеті өзенінен күй шалқып, асқар тау­ларының әр шатқалынан ән әуелеген киелі мекенде дарындылардың сапы үзілген емес. Әр өнердің жолында өзіндік мектебін қалыптас­тырған өр тұлғалар бар. Ал айтыстың алтын діңгегі саналған Сүйін­бай бабаның ізін жалғастырушылардың қарасы қалың. Солардың көш басында тұрып, кешегі қиын кезеңде ақиқатты айтуға именбеген, қайсарлығының арқасында шындықты жеткізген Ханша Райысова мерейлі 60 жасқа толды. Қалың елінің жүрегінен орын алып, Сараның сіңлісі атанған айтыскердің мерейтойы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті.

Сабадай сапырылған көңілінен қымыздай бойды қыздырар өлең шығарып, аламан айтыстарда ақық жырымен ел мерейін тасытқан Ханша Мұсабайқызының мерейтойын айтыскер ақын Серік Қалиев жүргізді. Жетісулықтарға еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген шайырлардың ыстық сәлемін жеткізген ол, мерейтой иесін сахнаға шақырып, өнер мен өмір жолына аз-кем тоқталып өтті. Ал, «ақын тойы жырсыз басталмайды» деген желеумен игі шараның шымылдығын «Арнау» өлеңімен азулы ақын Ринат Зайытов ашып берді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев сөз алды. Ол:
– Армысыздар, дарындысын дәріптеп, өнерлісіне төрден орын берген ағайын. Мәні мен маңызы бөлек бүгінгі қуаныш құтты болсын! Ақынын аялаған ел әрқашанда биіктерден көрініп, ақиқат жолдан жаңылмас болар, – дей келе облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтау сөзін оқыды. Сондай-ақ, облыс басшысының шешімімен мерейтой иесі Ханша Райысоваға «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілгенін жеткізіп, ата-баба дәстүрімен зерлі камзол кигізіп, ақ жаулық жапты. 
Бұдан соң облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып: «Үзілейін деп тұрған жіпті жалғағандай, бір кездерде құруға айналып бара жатқан айтыс өнерінің дамуына өзіндік септігін тигізген бірқатар ақындардың арасында шоқтығы биік тұрған, бүкіл елді Сараның сіңлісі деп мойындатқан Ханша Мұсабайқызы, 60 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз Жетісудың ғана емес, алты Алаштың аяулы ақын қызы, талантты айтыс­керісіз», – деп лебізін білдірді. Облыстық ардагерлер ұйымының атынан қуаныш иесіне Алғыс хат табыс етіп, қазақы оюлармен зерленген камзол кигізді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы атынан келген Гүлнар Толыбаева мен Талдықорған агротехникалық колледжінде бұрын директорлық қызмет атқарған Әбілхан Аубакиров құттықтау сөз сөйлеп, сыйлықтарын табыс етті.
Сонау тоқсаныншы жылдары айтыс сахнасына өзіндік жалынымен келіп, айтқыштығымен дараланған, мұқым елдің мұңын жоқтап, олардың ықыласына бөленген Ханша Райысова алдыңғы толқынмен етене араласып, айтыс саңлақтарының дара қасиеттерін өз бойына дарыта білді. Әселхан мен Әсияның мектебінен өтіп, әпке-сіңлідей жарасып кеткендігін айтыскерлерді назардан тыс қалдырмайтын халқы біледі. Бүгінгі торқалы тойына сол азулы ақындардың көшін бастап келген халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Дәмеш Омарбекова мен бүгінде рухани жыр­ларымен елін сусындатып жүрген Серік Қалиев сөз алып, Ханша Райысовға деген пейілдерін білдіріп, жырдан шашу шашты. 
Ал Жетісуда Ханша қалыптас­тырған айтыс мектебінде тәлім алып, саңлақ шәкірттері қатарында тәрбие­леніп жүрген Жәмилә Оразбай халық әні «Қарғамауды» әуелетсе, ән өнерінің жарық жұлдыздары Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер Ханшаның жүрегінен шыққан «Алтын босаға» туындысы мен «Қанат пен Айткүл айтысын» мерейтой иесіне тарту етті.
Арда елдің аққу жүректі ақыны бола білген, Сараның ізін жалғаған жерлесіміз балалықпен үйге кіргізбей қоятын қарлығаш құстың тағдырын баяндап, сол оқиғаға құрылған жырын оқыды. Кеш соңында асқаралы алпысқа шыққан мерейтойын ұйымдастырған облыс басшыларына, қуанышын бөлісуге келген қалың жұртшылыққа алғысын жеткізді.

Асыл Сұлтанғазы