«ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕ» КЕЛІН ІЗДЕП ЖҮР

Уақыты: 16.02.2019
Оқылды: 2451
Бөлім: ТҮПСАНА

Иә, жаңа кинода әйгілі актер Әлімғазы Райымбеков немересіне келін іздейді. Рас, қалыңдық іздеген тақиялы жігіттің шырғалаңға толы «махаббат, қызық мол жылдары» әлі де көптің көкейінде сайрап тұр. Аңызға бергісіз әңгімеге айналған көркем туынды қазірдің өзінде алтыннан да ардақты. Міне, бүгін көрермен көзайымына айналған сол бір даңқты кейіпкер жарты ғасырды артқа тастап, кино әлеміне қайта аяқ басты. Бұл жолы күйеужігіт емес, немересіне келін іздеген ақсақал рөлінде.

Аты айтып тұрғандай-ақ, бұл фильм біртуар режиссеріміз Шәкен Аймановтың жарты ғасыр бойы көпшіліктің сүйікті туындысына айналған «Тақиялы періште» кинокомедиясының ізімен түсірілген. Бұл жолы фильмнің атауы «Тайлақтың тақиясы». Комедиялық жанрда түсірілген кинодан ұлттық бояудың ұстыны байқалады. Оған І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен фильмнің тұсаукесер кешінде көз жеткіздік.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмыс істедік. Ең негізгі мақсатымыз «Тақиялы періште» фильмінде басты рөлді сомдаған, бүгінде сексеннен асқан Әлімғазы ақсақалымыздың қазіргі бейнесін ел-жұртымен қайта қауыштыру болды. Екінші мақсат – фильмнің тұсаукесеріне келген барлық көрерменге қазақтың ұлттық бас киімінің төресі болып саналатын тақия тараттық. Тақиямызды мешітке барғанда ғана емес, күнделікті киюді дәстүрге айналдыруды бүгіннен бастау керек. Көршілес қырғыз бауырларымыз айырқалпақтарын ұлықтап заң қабылдап, әспеттеп жатыр. Қазақ ұл-қыздарымыздың тақиясына қарап, қай ұлт екенін бірден айыратындай деңгейге неге жетпеске? Біздің діттегеніміз – салт-дәстүрімізді дамыту. Биыл «Тақиялы періште» фильміндегі бас кейіпкердің бірін сомдаған біртуар актриса, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақова апамыздың 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде тойланайын деп жатыр. Осының бәрі бір-бірімен сәйкес келіп тұрғаны жақсылықтың нышаны деп ойлаймын. Біздікі – жастарымыз тарихымызды білсін, еліміздің рухы биік болсын деген ой, – дейді идея авторы және фильмнің бас продюсері Құсман Шалабаев.

 Фильм желісі бойынша «Тақиялы періштеде» Әмина апамыз ұлы Тайлаққа қалыңдық іздеп сарылса, «Тайлақтың тақиясында» сол Тайлақ, яғни, Әлімғазы Райымбеков немересі Аңсарға жар іздейді. Келін іздеу барысында түрлі оқиғаларға тап болады. Фильмге Тайлақ атаның зайыбы Айша апаның рөлін Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекова, көрші Назгүл келіннің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова ойнады. Фильм Жамбыл ауданының Қызыләскер елді мекенінде түсірілді.

Бір қызығы, фильмдегі рөлдерді сомдағандардың қатарында кәсіби актерден бөлек, осы ауылдың тұрғындары да бар. Фильмде отбасын құру мәселесінің қазіргі көрінісін беруге тырысқан. Оқу, жұмыс деп алтын уақытын өткізіп алған сүр бойдақтардың көбейіп кеткенін меңзейді. Қоғамда қалыптасқан жағдайды әзіл-шынын араластыра отырып ұсынған.

– Құсман осындай фильм түсіргелі жатырмыз деп ұсыныс айтқанда бірден келістім. Бірақ біразға дейін хабарсыз қалды. 2015 жылы қайта хабарласып, фильмді түсіруге кірісіп кетті. Фильмдегі бойдақ жігіт – менің немерем. Жасы біразға келіп қалған оған «үйлен» деп болмаған соң ол келісім береді. Бірақ дайын тұрған қыз жоқ. Атасының мінезін білетін ол келісімін беріп қойған. Атасы малын сатып, тойға дайындыққа кірісіп кетеді. Немересі достарымен келін алып келеді. Оған беташар жасалады. Қараса, қара нәсілді қыз екен. Бұған шыдамаған атасы жүрек талмасынан құлап қалады. Сауығып шыққан соң: «Мұны өзім үйлендірмесем болмайды екен», – деп келін іздеуге кіріседі, – дейді елу жылдан соң экранға қайта шыққан Әлімғазы атамыз қуанышын жасыра алмай.

Әрине, сексеннен асқан шағында фильмге түсіп, образға кіру оңай шаруа емес. Бірақ фильмді түсірушілер ақсақал түсірілім барысында ешқандай қиындық тудырмай, рөлін еркін сомдап шыққанын тілге тиек етті.

Шара соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев осы фильмнің өмірге келуін сеп болған Дастан Кәрімұлы мен аты аңызға айналған Әлімғазы Райымбековке ақ тілегін арнап, көпшіліктің атынан иығына шапан жапты.

Айтпақшы, тағы бір қуанышты хабардың шетін шығара кетейік. «Тайлақтың тақиясы» енді Францияны бағындырмақ. Алдағы уақытта бұл көркем туынды еліміздің атынан Канн фестивалінде бақ сынайды.

Мұхтар КҮМІСБЕК,

"Жетісу"