ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚ

Уақыты: 22.03.2019
Оқылды: 2248
Бөлім: ТҮПСАНА

Дала мінез, дарқан қазақ үйіне кім келсе де қуана қарсы алады, құрметтеп күтеді, сыйлайды, сыбаға тартады, мол да кең дастарқан жаяды. Жөні болғанда, мәрті келгенде ақ сарыбас қойын сойып тастайды.

Жолаушылап келе жатқан сапар үстіндегі адам барар үйін, қонар жайын танысын-танымасын уағы келгенде арнайы барып түседі, түстенеді. Жайы келсе, түнеп аттанады. Үйіне келген қонаққа қазақ халқы әрқашан қабақ шытқан, қыржиған пенде емес. Қайта үйіне қонақ келсе қуанады, кең құшағын жаяды. Жарқылдаған жайдары қабақпен қарсы алады, танымайтын болса, танысады, жақындап ағайындасады. Айтылмаған сөзді айтады, ашылмаған сырды ашады, сөйтіп, жанына жақын тартып, тұтасып, туысып сырласып дос болып кетеді. Ал, танитын адам болса, емін-еркін әңгіме-дүкенін құрады, өткен-өткенді айтысып, бір жырғап қалады. Мейлі келген қонақты танысын-танымасын, оған бірдей мол дастарқан жаяды, оны асты үстіне түсіп кетеді. Арнайы шақырмаған, бұйрықша келген осындай қонақты казақ «құдайы қонақ» деп атайды.

Қазақтар құдайы қонақты әсте ренжітпейді. Өйткені құдай айдап келген конақтың дәмін біздің шаңырактан, дастарқаннан бұйырған, дәннен, дәмнен қызғануға болмайды, астан үлкен нәрсе жоқ, ризық жолынан асқан жақсылық болмақ емес, құдайы қонақтың артына «Қызыр іледі» деген наным бар. Құдайы қонақ қуанып, қонып, риза болып аттанса, Қызыр қолдайды, ал ренжісе, Қызыр шамданады, үйден бақ таяды, дастарқаннан ас айниды деп қорқады. Оны адам шақырған жоқ, атаның асы шақырды деп ұғады.

Болат БОПАЙҰЛЫ,
Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі