Рафат ӘБДІҒҰЛОВ АТЫНДА КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Уақыты: 30.03.2019
Оқылды: 2166
Бөлім: ТҮПСАНА

Жамбыл орта мектебінде көрнекті ғалым, осы ауылдың төл перзенті Рафат Әбдіғұлов атында қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Әдебиетшінің туыстары мен мектеп ұжымы ұйымдастырған шараға белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, тұрғындар қатысты.

 

Ашылу салтанатына келген қонақтар мектеп табалдырығынан аттай бере домбырадан күмбірлеген күй төгілді. Жамбылдың шөпшегі, осы мектептің оқушысы Ерсұлтан Жамбылов ақын баба термесін орындап, білім ұясының жас домбырашылары Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін шалқытты. Жақсыгүл Жұмаева жетекшілік ететін «Балдәурен» хор үйірмесінің шәкірттері «Туған жер» әнін шарықтатты. Кабинеттің лентасы қиылып, әжелер шашу шашқаннан кейін жиналғандар ішке еніп, сыныптың жабдықталуымен танысты. Осы кең де жарық бөлмеде өткен жиында ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Балайұлы бата беріп, Жамбыл селолық округінің әкімі Данияр Монтаев құттықтау лебізін айтты. Оқушылар слайд арқылы Рафат Әбдіғұловтың өмірі мен қызметі туралы баяндады.

Жиында артына құнды ғылыми еңбектер қалдырған Рафат Әбдіғұлов туралы келелі әңгіме қозғалып, естеліктер айтылды. Бұл орайда ақыл-парасаты мен кісілік келбеті өзінің зор тұлғасына сай келген ғалым туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы Кенжехан Матыжанов толымды ой-пікірлерімен бөлісіп, Рафат Әбдіғұловтың атсалысуымен әзірленген «Классикалық зерттеулер» көптомдық еңбектерінен қырыққа жуық кітапты мектепке тарту етті. Сондай-ақ, аталған институттың әдебиет теориясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова, Мұхтар Әуезов мұражайының ғылыми қызметкері, жазушы Ермек Қаныкей, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі Жұмат Тілепов, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Жанарбек Әшімжан ойларымен бөлісті.

Көпшілік алдында белгілі жазушы, бүгінде туған ауылында қадірменді ел ағасы Жұмабай Шаштайұлы, инженер-кәсіпкер Серіктес Тоққұлов, Рафат Әбдіғұловтың соңынан ерген інісі, кабинеттің жабдықталуына бастамашы және ұйытқы болған Қайрат Әбдіғұлұлы мен қарындасы, осы мектептің тарих пәнінің мұғалімі, бөлменің жабдықталуына ыждаһатпен еңбектенген Бибігүл Ықыласова лебіздерін білдірді.

Рафат Әбдіғұлов 1951 жылдың 21 наурызында осы ауылда дүниеге келіп, 2017 жылдың ақпан айында 66 жасында өмірден озды. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітіргеннен кейін алғаш ұстаздық етіп, одан кейін Жамбыл музейінде қызмет істеді. Ғалым 1991 жылдан бастап өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әуезовтану бөлімінде және Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып жемісті еңбек етті. Сүйінбай мен Жамбыл шығармашылығы туралы зерттеп, Жамбылдың төрт томдық шығармалар жинағын баспаға дайындады. Мұхтар Әуезовтің 50 томдық шығармаларының жарыққа шығуына ерекше үлес қосты. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, басқа да мол еңбектер қалдырды. Оның барлығы баспасөзде, ғылыми жинақтарда, академиялық басылымдарда жарық көрді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы