АБАЙСЫЗ ҚАЛАЙ РУХАНИ ЖАҢҒЫРАМЫЗ?

Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 2204
Бөлім: ТҮПСАНА

Рухани жаңғыру науқандық жұмыс емес. Адам болмысының өзгеруі – бір ұрпақ ауысуын, бәлкім, одан да көп уақытты керек қылатын ұзақ эволюциялық құбылыс. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты. Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын», – делінген. Сонымен бірге, аталмыш мақалада Абай тәрізді ұлы тұлғалардың рухани мұрасын пайдалану мәселесі көтерілген.

Өкінішке қарай, Абайды тану, оның ұлы мұрағатын пайдалану  мәселесі бүгінгі таңда өз дәрежесінде емес. «Абай мұрасын зерттеу ісі дағдарыста» деген ойды абайтанушы ғалымдардан да жиі еститін болдық. Абай – қазақ халқының рухани тірегінің бірі. Ендеше Абайсыз, оның мұрасынсыз еліміздің Рухани жаңғыруы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ендеше Елбасы нұсқауын орындап, ұлы ойшыл мұрасын игеруді неге дағдарысқа ұшыратпай, кеңінен зерттеп, насихаттамасқа?! Неге бұл мәселені ғалымдар талқыға салып, ойшыл мұрасын көпшілік игілігіне айналдыруға көңіл бөлмей отыр?

Бұлар әркімді де толғандыратын сұрақ. Рухани жаңғыруда бұл сұрақтардың жауабын іздеу және абайтануды дұрыс жолға қою өзекті мәселе екені дау тудырмайды. Біздіңше,  жас ұрпақ ақын ілімі аясында тәрбиеленуге тиісті.

Еліміз егеменді болып, саяси және рухани тұсаудан арылған соң абайтану кеңінен зерттеліп, оған деген жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Көпшілік қауымға арналған еңбектер жазылды. Тіпті, 1998 жылы  Досым Омаровтың «Абайтану курсы» атты арнайы оқу құралы да дайындалған. Оқу құралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Философия және саясаттану институты мен Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу педагогикалық институты ғылыми кеңесінде талқыланып, бекітілген. Алматыда бір жыл бойы арнайы мектеп-интернатта тексерістен (апробациядан) өткен. Әуелі «Абайтану курсы» деп аталып, сонан соң өңделіп, түзетілген соң екінші басылымы «Абайтану: немесе ұлы ойшылдың рухани кемелдену туралы ілімі» («Мектеп», 2002 ж. 10-11-сыныптарға арналған оқу құралы.) болып аталды.

Өз атауы көрсетіп тұрғандай, бұл кітап – Абай мұрасы арқылы Рухани жаңғыру мәселесіне арналған алғашқы шығарма. Бұл оқу құралының негізгі  ерекшелігі бұрынғы көзқарас бойынша Абайды  тек қана ақын емес, енді оны жаңаша, ойшыл ретінде қабылдау болды. Мұндай көзқарас данышпанның хакімдігін танып, оның заңғар тұлғасын толық көруге мүмкіндік берді.

Мектеп мұғалімдері  оқу құралын үлкен ықыласпен қабылдап, Абай мұрасын ұрпақ санасына енгізуге кірісіп кетіп еді. Өкінішке қарай, бұл игілікті істің өмірі ұзақ болмады. Оның да себебі бар.

Кеңестік атеизм Жаратушымен байланысқан данышпанның рухани мұрасын толығымен қабылдауға мүмкіндік бермеді, шектеді. Абай тек қана «ұлы ақын» ретінде қабылданды. Бұл абайтанудың тоқырау кезеңі еді. Атеистік саяси қыспақ жойылған соң Абай мұрасын өз дәрежесінде толық қабылдап, оның ұлылығын танитын жаңа заман туды. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында бұл туралы көп айтылып, ғалымдар бір мәмілеге келгендей болып еді. Бірақ ескі көзқарастың ықпалы бұл маңызды сәтті дұрыс түсініп, бірден қабылдауға мүмкіндік бермеді. Кейбір ғалымдар жаңа тұрғыдан жазылған оқу құралына қарсы шабуыл ұйымдастырды. Олар авторға жөнсіз жала жауып, кемістіктер іздеді. Кітаптың маңыздылығын бағалап, ғылыми тұрғыдан талқылағанның орнына, оның ұсақ кемшіліктеріне көңіл бөлді. Нәтижесінде, «Абайтану» оқу құралы мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Содан бері жиырма жылдай уақыт өтсе де өз дәрежесінде жазылған жаңа оқулық әлі жоқ. Ал мектеп бағдарламасында «Абайтану» тек қана қосымша сабақ (факультатив) ретінде берілген. Оқу құралы болмағандықтан бұл сабақ тек қана Абайдың кейбір  өлеңдерін талдау деңгейінде ғана өтуде.

Ал Абайсыз қалай Рухани жаңғырамыз? «Ұлы Даланың жеті қырын» нәтижелі пайдалана отырып айтарым, Абайдың рухани тағылымы өте қажет. Мектеп бағдарламасынан шығып қалған «абайтану» пәнін қайта енгізу керек. Абай тұлғасынан ұлы ақынды ғана емес, енді ойшылды да көре білгеніміз жөн. Ол үшін Абайды гуманист, ағартушы ғана емес, оның хакімдігін танып, ұлы ойшыл ретінде қабылдауымыз керек. Яғни, оның рухани деңгейін ашып көрсеткен жөн. Сонда ғана ұлы мұраның бүкіладамзаттық құндылығын көріп, Абайды өз дәрежесінде тани аламыз.

2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Оның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде өткені белгілі. Бүкіл ел болып маңызды шешімдер қабылданған. Ұлы ойшылдың келесі 25 жылдан кейінгі торқалы тойы да бұдан кем болмауға тиісті. Ол үшін қауырт дайындыққа кірісу керек. Уақыт тар. Екі мерейтой арасында қандай жетістіктер мен кемшіліктер болды? Өткенде қабылданған шешімдер қалай іске асты? Кемшіліктер болса, себебі неде? Оларды қалай жөнге келтіреміз? Алдағы уақытта қандай міндеттер бар? Міне, осы тәрізді мәселелердің барлығы ақпарат құралдары, баспасөз бетінде кеңінен талқыланып, халық назарына ұсынылса дұрыс болар еді. 

Рухани жаңғыру мәселесі осыны керек етіп отыр. Абай ілімін қолдану жолдары кеңінен зерттеліп, ойшыл мұрасының түпкі мәнін, кемел адам, хал ілімі, имани гүл, толық адам деген әлі де болса бұлыңғыр болып жүрген танымдар жүйесін зерттеп ашуымыз керек. Ал бұлардың барлығы да философиялық танымдар, сондықтан, сөз жоқ, оларды зерттеу филологтардың ғана емес, енді философтар мен теологтардың да міндеті саналуы тиіс. Осылай жан-жақты зерттелгенде ғана ойшыл мұрасы өз дәрежесінде ашылып, абайтану саласы жаңа деңгейге көтерілер еді.

Рақым ОРАЗАЛИЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі