МАМАНИЯ МЕКТЕБІ: ТАРИХИ ОРЫНМЕН ТАНЫСУ

Уақыты: 08.05.2019
Оқылды: 4136
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ ағарту тарихында үлкен маңызға ие Мамания мектебі орналасқан аумақты көріп қайтудың сәті түсті. Танымдық сапар аясында тарихи мектеп орналасқан жердегі ескерткішпен танысып, Жетісудың ауқатты адамдары Маман мен зайыбы Жаңғақ ананың басына құран оқытудың мүмкіндігі туды. Бір кездері білім ордасының айналасына арнайы ағаштар отырғызылып, Қарағаш ауылы мақтан тұтар мәдени елді мекеннің бірі болған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған жуырдағы сапарында осы Мамания мектебінің тарихи маңызына тоқталды. Алғашқы қазақ ағарту мектептерінің бірі екенін айтып, ұлт руханиятына айрықша үлес қосқанын, білімге салынған инвестицияның бастау көзі болғанын баяндаған еді. «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті, оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», – деп «Айқап» газетінің 1912 жылғы №3 санында Сабыржан Ғаббасов «Қапалға да ай туды» мақаласында  жазған еді. Қарағаштағы Маман әулетінің қаржысына салынған «Мамания» медресесі 1899 жылы ашылды. Медресе үш жылдықтан басталып, 1904 жылы алты жылдыққа, кейін 1909 жылы сегіз жылдыққа ұзартылған. Сол жылдары 8 оқу бөлмесі, 4 үлкен зал, 60 орынды интернат үйі болған. Маман құттың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл қажылар мен Тұрысбектің ұлдары білікті мұғалімдерді жан-жақтан шақыртумен алдырып отырады. Олдардың барлығына үй салып береді. Құдайберген, Тәңірберген, Солтанқұлдар мектепті жаңартып отыруды мойындарына алады.

Маман балалары білім шаңырағына ұстаздарды түрік елінен, Қазан, Уфа қалаларынан шақыртқан. Мұстақым Малдыбаев, Мұхаметқали және Фатима Есенгельдиндер, Файзрахман Жихангеровтер өте білімді дәріскерлер болған. Ал Ғабдолғазиз Мұсағалиев ұстаз Каир университетін бітірген заң қызметкері, сегіз елдің тілін білген ғалым, ойшыл-философ, шығыс елдері тарихы мен әдебиетінің зерттеушісі еді.

Қалқабайдың Маманынан тараған ұрпақ медресе шәкірттерінің киім-кешегі, қалам-дәптері, ас-суына дейін өздері қамтамасыз етіп отырған. Мамания мектебінің алғашқы түлектері: Біләл Сүлейұлы, Әбубәкір Жайшыбекұлы, Маманұлы Ыбырайым, Ілияс Жансүгір, Бағрамұлы Әйсейіт, Ермектасұлы Мейірман, Кедесұлы Бейсенбай сынды тұлғалар. Ал 1918 жылы 200 шәкірт пансионда жатып білім алған. Тұрысбек қажы үздік бітірген Мейірман Ермектасов, Мәкей Еркінбеков сынды түлектерін Қазан, Омбы, Орынбор қалаларындағы мұғалімдер дайындайтын семинарияға жіберіп, оқытқан. Мұхамеджан Тынышпаевтың жоғары білім алуына ерекше жағдай жасаған.

Қазақ әдебиетін, ұлттың руханиятын өркендету мақсатында Есенқұл Маманұлы 1914 жылы ең мықты романға бәйге тіккені белгілі. Семей облысына қарасты Қоянды жәрмеңкесінде «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романмен Сұлтанмахмұт Торайғыров сол бәйгенің жеңімпазы атанған. (Толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар).

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы