ӘКІМ НАЗАРЫНА: КАВАЛЕР АТЫНДА КӨШЕ ЖОҚ

Уақыты: 09.05.2019
Оқылды: 1654
Бөлім: ТҮПСАНА

Кеген өңіріндегі жалғыз Даңқ орденінің толық кавалері Ыбрайым Қалдыбаевтың атына аудан орталығынан көше берілсе деген ұсынысым бар.

Соғыс жылдары бі­рінші үлкен ағасы Ыбрайым, бір жылдан  кейін ортаншысы Қатай, ара­ға тағы да бір жыл салып кенже інісі Саду жауынгер қатарын толық­тырады. Олар Отан үшін от кешті. Жеңіске қол жеткізген ағайынды үшеу аман-есен елге оралады. Отан соғысында ерлік көрсеткені үшін Ыбрайым Қалдыбаев Даңқ орденінің толық кавалері атанады. Бұдан басқа да көптеген орден, медаль кеудесіне ілінді. Қатай Отан соғысы орденінің І дәрежесі және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Елін, жерін жаудан азат етуде бар күш-жігерін жұмсаған Садудың да наградалары жетерлік.

Ыбрайым Қалдыбаев 1918 жылы Кеген ауданы Көлбастау  болысында дүниеге келген. 1942 жылдың 18 қарашасында Сталин-град түбіндегі алғашқы ұрысқа қатысып, «Ерлігі үшін»  медаліне ие болады. Бұдан кейін де жерлесіміз пулемет атқышы  ретінде 51-ші армияның құрамында болып, Белоруссия, Украина жерлерін жаудан азат етуге өз үлесін қосады. Днепр өзенінен өту кезіндегі айрықша ерлігі, батылдығы үшін ІІІ дәрежелі Даңқ  орденін, 1944 жылдың қаңтар айында Белоруссиядағы Прудки ауылында қаннен-қаперсіз жатқан немістердің үлкен тобын қоршап, жауды жер жастандырған ерлігі үшін II дєрежелі Даңқ орденін, дєл осы жылдың желтоқсан айында Польша шекарасынан өтіп, Германияның Одер өзенінің батыс жағалауын жаудан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі  Даңқ орденін иеленген.

Соғыстың ауыр жорықтарына бастан-аяқ қатысқан жерлесіміз Ыбрайым Қалдыбаев, міне, осылайша ерліктің, батырлықтың нағыз өнегесін қөрсетіп, Даңқ орденінің толық иегері атанды. Қазақстан бойынша 130 адам аталған орденнің толық кавалері атанған деген нақты дерек те бар. Соғыстан кейін Ы.Қалдыбаев Нарынқол ауданында өзінің бұрынғы мамандығы  бойынша агроном болып қызмет атқарады. Үш жылдай «Киров»  кеңшарының төрағасы болады. 1956 жылы Нарынқолдан Шелек  ауданына қоныс аударып, єртүрлі  қызмет  атқара  жүріп, 1977 жылы зейнет  демалысына  шығады. Өмірі өнегеге толы ардақты ардагер 2009 жылы өмірден  өтеді.

Кеген ауданында Отан үшін от кешкен батырдың ерлігін ауданның атқамінер азаматтары жақсы біледі. Алайда ол кісінің ерлігін ұрпаққа жеткізу мақсатында атқарылып жатқан істер тым аз. Біз 2015 жылы ауданның сол кездегі әкімімен (Ж.Тәжиев) кездестік. Сол кездегі бірінші орынбасары Талғат Байеділовке «Кегенде көшенің атын беру туралы тиісті жұмыстарды атқару керек», – деп нақты тапсырма берген.

Біз, Қалдыбаевтар әулеті, 2015 жылдан бері өтініш жазып, қажетті кұжаттарды дайындап, тиісті мекемелерге  тапсырдық (музей, ономастика бөлімі, ауылдық єкімдік). 2017 жылы Кеген ауылының әкімі Е.Сатыбалдиев пен ономастика бөлімінің бас­шысы К.Бектенов бізге: «Барлық құжаттар дайындалды, облыстық ономастика бөліміне жіберіледі», – деп айтқан еді. Содан бері екі жыл өтті. Ешқандай жаңалық жоқ.

Жас ұрпақтың болашағы жолында қанды ұрыста ерлік көрсеткен Даңқ орденінің иегері атанған жалғыз батырымызды құрметтемесек, өскелең ұрпаққа оның өмір жолын, ерлігін айтып, насихаттамасақ, қалай Рухани жаңғыруға қадам жасаймыз? Кеген ауданының єкімі Т. Байе­діловтен төрт жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселенің бір шешімін тауып беруін сұраймыз.

Ертарғын ҚАЛДЫБАЕВ

Алматы қаласы