ТҰРЫСБЕК МАМАНҰЛЫ-175: МЕКТЕП АШҚАН МЕЦЕНАТ

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 3279
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл Ақсу ауданындағы Мамания мектебіне 120, оның негізін қалаған Тұрысбек қажы Мамановтың туғанына 175 жыл толып отыр. Тұрысбек қажыны қазақ даласында меценаттықтың негізін қалаушылардың бірегейі деп атауға толық негіз бар. Қазақ тарихында ауқатты, ірі бай көп болғанымен, солардың ішінде халық игілігіне, елінің дамуына үлес қосқандары санаулы ғана еді. Тұрысбек қажы орыс империясының қазақ жерінде жүргізген озбыр саясатына қарамастан халықтың сауатын ашу мақсатында мектеп ашты. Бұл жайлы мағлұматты Ғазиза апамнан естіген естеліктер негізінде жазып, оны көпшілікпен бөлісуді міндетім деп санаймын.

Тұрысбек қажы Баянжүрек-Ақтасты қыстауында 1844 жылы дүниеге келген. Атақты Қыдыралы руынан тарайды. Әкесі Маман Қалқабайұлы мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған ауқатты би болды. Маманның төрт әйелі болған. Бірінші әйелінен Тұрысбек, Бейісбек, Сейтбаттал, екінші әйелінен Анғабек, үшінші әйелінен Құттыбек, Құрманбек, төртінші әйелінен Есенқұл деген балалары болған.

Тұрысбек балаларының үлкені болғандықтан жас кезінен әкесіне көмектесе жүріп, еңбекке ерте араласты. Ол Қапал қаласында «Якобия» төртжылдық мектебінде оқыған. Еңбек жолы Қапал қаласынан басталады. Орыс, татар, өзбек тілдерін жетік меңгергені оған көп пайдасын тигізді. Тілді білуі мен сауаттылығы сол жердегі орыс офицерлермен, ірі бай саудагерлермен еркін сөйлесіп, тығыз араласуына мүмкіндік ашты. Сол кезде татардың Шаяхмет атты бай саудагері Тұрысбектің сауда-саттықпен айналысуына ықпал етті.

Оның саудаға түсетін негізгі тауары малы болған, жыл сайын жаз айларында Орта Азия – Наманган, Андижан, Самарқан, Ташкент, Бұхара қалаларының үлкен жәрмеңкелеріне отарлап 60 мыңға дейін қой айдатып, өзбек саудагерлеріне өткізген. Ақсу, Қапал, Сарқан, Жаркент, Лепсі, Семей, Өскемен өңірлерінде өзінің сауда орталықтарын ашады. Сонымен қатар, сол кездегі ең ірі Қоянды жәрмеңкесіне мыңдаған қой айдатып, саудагерлерге сатады. Тұрысбек қажы көп жыл бойы Қытай, Ресей саудагерлерімен іскерлік байланыста болады. Тұрысбектің тұрған жері Жібек жолының бойында болғандықтан Қытай, Құлжа, үрімшіге баратын керуендер осы жолмен өтетін. Сол жерге керуен сарайын да салдырады. Бұл бағытпен өткен керуенге Тұрысбек жол ақысын, яғни, кеден салығын енгізген.

Тұрысбек қажы 1880 жылдары Сүттіген өзенінің бойындағы үлкен алқапты жерді сатып алады. Ол жерге туған-туыстарымен, балаларымен қосылып, өзінің қыстауын, елу шақты көк шатырлы Еуропа үлгісіндегі зәулім үй, мұнаралы мешіт, медресе, тігін фабрикасын және диірмен салғызады, осылай Қарағаш қалашығы бой көтереді. Наманганнан бағбан алдырып, бау-бақша өсіреді. Қарағаш қыстауы нағыз шаруашылық мекеніне айналады.  

Тұрысбек қажының сол кездегі ең зор жетістігі – 1899 жылы Қарағаш ауылында «Мамания» медресесін ашуы. Оның басқа медреселерге қарағанда өзіндік ерекшелігі болды. Медресенің үлгісі мен талабына сәйкес алғашында оның оқу мерзімі 3 жылдықтан басталып, 1904 жылы 6 жылдыққа, кейін 1909 жылы 8 жылдыққа ұзартылған. Бұл мектептің мұғалімдері Мұстақым Малдыбаев, Мұхаметқали және Фатима Есенгельдиндер, Файзрахман Жићангеров және тағы басқалары Түркия, Қазан, Уфа қалаларында оқыған. Оқушылардың саны 60 баладан жыл сайын көбейіп, 1918 жылы 200 шәкіртке жеткен. Тұрысбек қажы үздік бітірген М.Ермектасов, Ә.Каримов, М.Еркинбеков және тағы басқа түлектерді өз қаражатымен Қазан, Омск, Орынбор қалаларындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға жіберіп, мектепті білімді ұстаздармен қамтамасыз етіп отырған. Ал Мұхаметжан Тынышбаевтың ерекше талабын бағалап, оның жоғары оқу орнына түсуіне қамқорлық жасаған.

Тұрысбек қажы Таяу Шығыстағы араб елдерін аралаған. 1868 және 1903 жылдары екі рет қажылыққа барған, екінші рет Меккеге екі әйелін апарған. Тұрысбек қажы жан дүниесі таза, рухани бай адам болды.

Белгілі қоғам қайраткері Жақып Ақбаев былай деп жазады: «Марқұм Маманов Тұрысбек қажы қазақ арасындағы «асқан данышпан адам» деп саналған еді. Көзі тірі кезінде халықтан ешнәрсе аямаған. Ол өз ұлдары Құдайберген мен Тәңірбергеннің,  інісі Есенқұлдың білім алуына қамқорлық жасап, оларды сауда жасайтын жақсы татар адамдарымен таныстырған, солар саудаға үйреткен. Марқұм Жетісу жерінде тұңғыш мектеп ашқан. Осы бір ғажап адамның содан кейін қайтыс болғаны өкінішті-ақ, ол өзі әлі де халқын көптеген ізгі істерімен даңққа бөлер еді. Тұрысбек 18 жыл болыс болған, осы уақыт ішінде пара алмаған, өзгенің атын мінбеген, қазақтардың бірде-бір қойын жемеген, оларды зорлық-зомбылық жасап жылатпаған, халқын ақшаға сатпаған. Осының бәрі оған жұмақта еселеніп қайтсын» («Айқап», 1913 ж. №7, 12-15 б.)

Жетісу генерал-губернаторы А. Колпаковский Тұрысбек қажыға өте құрметпен қарайды, оның іскерлігіне және ірі кәсіпкерлермен жақсы байланыста болғанын ескеріп, өзінің жарлығымен Арасан ауылының болысы етіп тағайындайды. Тұрысбек Маманов сол жылдардағы еңбегі үшін ақ патшаның  ІІІ дәрежелі Григорий орденімен марапатталған. 10 қыркүйек 1876 жылы үлкен және кіші алтын медальдарын (Станиславский және Анненский лентасына жапсырылған) иеленген.

– Тұрысбек қажы өз балаларын және інілері Сейтбаттал, Есенқұлды оқытып, сауда-саттық кәсібіне бағыттаған. Екі інісіне де Ақсу мен Қарағашта дүкендер ашып береді. Есенқұл інісі өзінің Сұлтанқұл есімді баласымен жасты болатын, екеуі 1880 жылы туады. Ол әкесі Маманның 60 жастан асқан кезі еді. Тұрысбек сауда-саттықпен айналысып, әкесі Маманды, бауырларын, балаларын мол байлыққа жеткізеді. Тұрысбек қажының арқасында әкесі Маман жоғары беделге, атақ-даңққа бөленді, – дейтін Ғазиза апам.

Ғазиза апам атақты Жүсіпұлы үпі қажының қызы, Сейтбаттал қажының әйелі еді. Күйеуі қайтыс болған соң әмеңгерлік жолымен Тұрысбек қажының үлкен баласы Құдайбергенге қосылған. Мен өзім Ғазиза апамның қолында өстім, сондықтан,  үлкен аталарым жайлы айтқан әңгімелері мен естеліктерін көп естідім. Маған мәлім ақпараттар тарихи деректерде де кездеседі. Белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергенов апама жиі келіп, әңгіме барысындағы көптеген мағлұматты қағазына жазып алатыны есімде. «Шіркін, жақсы роман жазуға болатын еді, бірақ шығармайды-ау», – деп өкінетін. Біләл Сүлеевтің баласы Азат Сүлеев те апама келіп, өзінің әкесі туралы сұрайтын. Апамның айтуынша, Біләл 18 жасында Мамания мектебін екі жыл оқып бітіреді. Ол өте зерек бала болатын, өз күшімен Орынбор семинариясына оқуға түседі. Елге келген кездерінде әйелі Фатима екеуі Құдайберген болысқа келіп, сәлем беріп кететін дейтін.

Мамания мектебінің ашылуына Тұрысбек қажының Құдайберген, Тәңірберген, Иемберген, Алдаберген, Солтанқұл, Айтмұхамбет, Баймұхамбет деген балалары да үлкен еңбек етіп, өз үлестерін қосқан. Әкелері барда да, дүниеден өткен соң да бұл істі осы балалары жалғастырған. үлкен ұлы Құдайберген ел билігіне ерте араласқан. Өз тұсындағы қазақ зиялылары, орыс шенеуніктері және офицерлерімен тығыз араласып, еуропалықша жүріп-тұратын. Әкесі Құдайбергенге көп сенім артқан.

Құдайберген 1871 жылы дүниеге келеді, оны жастайынан өзбек нағашыларына жіберіп, Самарқан медресесінде оқытқан, кейін 1891-1895 жылдары Орынбордағы төртжылдық мұғалімдер семинариясында білім алады. Құдайберген өте білімді, мәдениетті, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді жақсы меңгерген, сондай-ақ музыкаға қабілеті бар, прогресшіл тұлға болып қалыптасады. Ол Қарағаш қалашығының көркеюіне, көгалданып жайқалуына, дамуына ерекше көңіл бөлген. Әкесі Тұрысбек қажы кеткен соң Мамания мектебінің ісін өзі басқарады. 1909 жылы мектепті заманына қарай сегізжылдық оқуға ауыстырады, көптеген жаңа пәнді қосады, орыс тілін оқу бағдарламасына енгізеді, яғни, мектеп жаңа талапқа сәйкес қайта құрылады. Мамания мектебінің дамуына көп атсалысқан педагог, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы ағартушы ретінде кеңес береді. Сол кісінің ұсынысымен 1911 жылы Ғабдулғазиз Мұсағалиевті Мамания мектебінің меңгерушісі қызметіне қабылдайды. Мұғалімдердің де саны көбейіп, 18 ұстаз білім береді. Құдайберген болыс пен Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда бірге оқыған. Содан бастап олардың достық қарым-қатынасы ұзақ уақыт жалғасты. Мектептің негізгі мақсаты қазақ халқының сауатын ашып, ертеңгі күннің тізгінін ұстайтын жастарды жаппай оқыту болды. Осы бағытта Құдайберген болыс мектеп ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады.

1916 жылы қаржылық қиындыққа ұшыраған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне Құдайберген болыс бауыры Айтмұхамбетпен қосылып, қаржылай көмек көрсетіп тұрды.

Қарағаш жері өсіп, көркейіп, мәдени-саяси және экономикалық дамыған орталыққа айналып келе жатқан кезінде 1918 жылы большевиктер бір түнде Қарағаш ауылын өртеп жібереді. Өкінішке қарай, мектеп ғимараты, ондағы аса бай кітап қоры, оқулықтар мен көрнекі құралдары тып-типыл болып жанып кетеді. Бұған не деуге болады?

Құдайберген болыс солақай саясаттың салдарынан сол жылы Қытайға өтіп, 1920 жылы елге қайтып оралады. Голощекиннің «Кіші революциясы» басталған кезінде қайтадан қудаланып, 1932 жылы Қытай жеріне қайтадан кетуге мәжбүр болады. 1949 жылы Құлжа қаласында дүние салады.

Айтмұхамбет Тұрысбекұлы 1928 жылы 35 жасында ірі бай ретінде конфескеге ілініп, отбасымен Орал округіне жер аударылған. Содан 1931 жылы Алматыға оралады, 1932 жылы Құдайберген ағасымен бірге қудаланып, Қытай еліне өтуге мәжбүр болған. Ол қазақтардың көптеп қоныстанған жерлері Құлжа, Сүйдін, үрімші, Шәлкөде қалаларындағы қазақ отбасының балаларын оқыту ісімен айналысады. Іле қазақ автономиялық округінде кеңес азаматтары қоғамының бастығы болып қызмет атқарған. Онда Қытайда тұратын кеңес қазақтарына төлқұжат алуға көмектесіп, тарихи Отанына қайту жұмысының басында болады. Айтмұхамбет Тұрысбекұлының жасаған көптеген еңбегінің нәтижесінде 1954 жылдан бастап ең алғаш қазақтардың елге қайтуы басталады. Ол жерде 1951 жылға дейін жұмыс істеп, 57 жасында қайтыс болады. Ұзақ жылдардан кейін «мың өліп, мың тірілген» қайран халық қайта тұрып, ес жия бастады. «Әділдік түбінде жеңеді» дегендей, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 1998 жылы Ақсу аудандық округіне қарасты Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің аты Мамания орта мектебі деп өзгертілді.

Қазақ шығармашылық интеллигенциясының өкілдері Әлихан Бөкейханов, Барлыбек және Тұрлыбек Сырттановтар, Жақып Ақбаев, Мұхаметжан Тынышбаев, Көлбай Тоғысов, Ғабдулғазиз Мұсағалиев, Отыншы Әлжанов сынды білімді азаматтар өмірінің соңына дейін мектеп жұмысын ұйымдастыру ісіне қатысып, қамқор болып, ақыл-кеңес бергенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басындағы зиялылардың қатарында болған Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Мейірман Ермектасов, Кәке Сырттанов, Ғали Орманов, ақын Сара да осы мектептің түлектері екенін біле жүруіміз қажет. Кейінгі ұрпақтары Кәкімжан Қазыбаев, Құдаш Мұқашев, академик Жұрымбек Сыдықов, қоғам қайраткерлері Жекен Қалиұлы, Дүйсетай Бекежанов, Мұхтар Арын, Кеңес Одағының Батыры Есмұрат Сиқымов, журналист Сұлтанбек Талап және тағы басқалар осы қасиетті мектептен тәлім-тәрбие алған. Қазіргі Мамания мектебінің түлектері де алдыңғы үлгі боларлық ағалары сияқты қазақ елінің өркендеп дамуына қызмет етіп, өз үлестерін қосады деп сенемін.

Қорыта келе айтарым, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, білім мен ғылымды ту етіп ұстаған Тұрысбек, Құдайберген, Айтмұхамбет ұрпақтары ата-баба жолын жалғастырып, әлемнің ең үздік деген жоғары оқу орындарында озық білім алып, бүгінгі күні әртүрлі салада еңбек етіп, биік белес пен үлкен беделге ие болып жүр.

Еңлік ТҰРЫСБЕКОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ