Берекесі мен бірлігі жарасып, айрандай ұйып отырған ауылымыздың аты - Ойтоған. Бұл - жыр Құлагері, қазақтың біртуар перзентінің бірі, дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтің туған топырағы. Ойтоған Ілияс бабамыздың кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен қасиетті мекен. Биыл - жыр Құлагерінің туғанына 125 жыл. Мерейтой ақынның туған жерінен бастау алары сөзсіз. Тойда ән айтылып, би биленеді. Жиынның соңында тойдан бір із, сауапты іс қалса. Халық игілігіне пайдаланылатын нысан тұрғызылса.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық сананы жаңартып, рухани жандануға баса көңіл бөлу керектігі айтылған. Жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы туралы Елбасы өзінің мақаласында қалталы азаматтар туған жеріне көмек көрсетулері керектігі жайлы айтып өткен. Бағдарлама халқымызға рух, серпін беріп, тарихымызды зерттеуге жол ашты. «Руханият» деген сөздің көтерер салмағы мен нарқы ауыр.
Ауыл руханиятының бастауы – ауылдық Мәдениет үйі. Осы орайда аты Алашқа мәшһүр, жыр Құлагерінің туған ауылында жарқыраған бір мәдениет ошағының болмауы көңілге кірбің ұялатады. Мұндағы Мәдениет үйі 1967 жылы бой көтерген. Өзіміз кезінде саман кірпіштен тұрғызғанбыз. Бүгінде төбесінен су сорғалап тұр. Жарты ғасырдан астам уақыт ауыл халқының рухани ошағы болып келген Мәдениет үйінің бүгінгі жайы сын көтермейді. Тозығы жетіп, құлау алдында тұрған клубта 10 үйірме жұмыс істейді. Үйірмеде жүрген жастар мен қазыналы қарттар аудан, облыс көлеміндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып отырады.
Күллі қазақ елі тойлағалы отырған мерейтойда ақынның туған ауылына 100-120 орынды Мәдениет үйі салынса елді мекен тұрғындары қуанышқа кенелер еді. Ширек ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған Мәдениет үйінің бір күні құлап қалмасына кім кепіл? Қираудың аз алдында тұрған осы мәдени ошақта адамды өкінішке қалдырар жайттар орын алса, оған кім жауап береді? Мәдениет үйінің төбесінен су сорғалап тұрғаны жайлы айтып, дабыл қаққанымызға біраз уақыт болды. Бірақ тыңдар құлақ жоқ.
Ауылымыздағы мәдениет ошағының құлағалы тұрғанын атқамінерлер мен қалталы азаматтарға тағы бір мәрте құлаққағыс етпекпіз. Ақын туған топыраққа мерейтойдан бір шапағат тисе дейміз.
Жұмабике ҚАСЫМЖАНОВА,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы
Фотосурет ғаламтордан алынды